ВС РК - Постановление от 12.04.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2890 (Административное)

6001-23-00-6ап/2890

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 12 сәуір

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев,

талап қоюшының өкілі М[...],

жауапкердің өкілі К[...] қатысуларымен,

талап қоюшы «Қазақ әуендерінің орындаушылары» республикалық қоғамдық бірлестігі (бұдан әрі – Бірлестік) жауапкер Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің (бұдан әрі – Министірлік) 2022 жылғы 30 қарашадағы №980 бұйрығын ішінара заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Бірлестік жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгініп, Министірлікке авторлық және сабақтас құқықтары бойынша кейбір салаларында аккредиттеу туралы куәлік беруді сұранған арызы негізсіз қанағаттандырудан бас тартылғанын негіздеген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі шешімімен талап арызы ішінара қанағаттандырылып, Министірліктің 2022 жылғы 30 қарашада №980 бұйрығының «Қазақ әуендерінің орындаушылары» республикалық қоғамдық бірлестігіне аккредиттеуден бас тартқан бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Жауапкердің өкілі К[...] кассациялық шағымды қолдаған пікірін, талап қоюшының өкілі М[...] кассациялық шағыммен келіспеген уәждерін тыңдап, шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда, Министрліктің 2022 жылғы 30 қарашадағы №980 бұйрығының 2-бөлігімен Бірлестікке аккредиттеуден бас тартып, Бірлестік «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 46-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында көзделген міндеттерін орындамаған және (немесе) тиісінше орындамағанын негіздеген.

Заңның 46-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларына сәйкес мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның қызметі мұндай ұйым өкілі болатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің мүддесіне сай жүзеге асырылады. Бұл мақсатта ұйым:

  • осы Заңның 45-бабы 4) тармақшасының ережелеріне сәйкес жиналған сыйақыны авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне бөлу және төлеу үшін пайдалануға міндетті. Сыйақыны бөлу және төлеу құқық иеленушінің азаматтық белгісі, тұратын елі, санаты және өзге де негіздер бойынша кемсітусіз, әділ жүзеге асырылуға тиіс.

Бұл ретте ұйым жиналған сыйақыдан өзінің мұндай сыйақыны жинауға, бөлуге және төлеуге кеткен нақты шығынын өтеуге қажетті соманы, сондай-ақ өзі өкілі болып табылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің келісімімен және солардың мүддесіне сай сол ұйым құрған арнайы қорларға жіберілетін соманы ұстап қалуға құқылы.

Сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша өзінің нақты шығыстарын жабуға арналған, сондай-ақ арнаулы қорларға жіберілетін сомалар жиналған сыйақының жалпы сомасының отыз пайызынан аспауға тиіс; - жиналған сыйақы сомасын осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген сомаларды шегере отырып, туындылардың және сабақтас құқықтар объектілерінің нақты пайдаланылуына қарай барабар бөлуге және қазақстандық авторлық және сабақтас құқықтарды иеленушілерге - тоқсанына кемінде бір рет және осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымдарға жылына кемінде бір рет төлеп отыруға міндетті.

Бұл ретте ұйым осы ұйым жасасқан лицензиялық шарттарға және сыйақы төлеу туралы шарттарына сәйкес сыйақы алуға құқығы бар құқық иеленушілерді белгілеу бойынша шаралар қолдануға, оның ішінде мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын басқа да ұйымдардан, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған ақпаратты осы мақсат үшін пайдалануға міндетті.

Жергілікті соттар талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, Бірлестікпен аталған Заңның нормалары бұзылмаған деп тұжырымдаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Бірлестік сабақтас құқықтарды иеленушілерге жиналған сыйақының жалпы сомасы 2020 жылы 36 640 719,0 теңгені құраған, оның ішінде 40 437 617,0 теңге бөлініп, 17 394 059 теңге бөлінбеген, нақты шығыстарды жабуға 10 991 463 теңге немесе жиналған сыйақының жалпы сомасының 29,9% ұсталған.

2021 жылы жиналған сыйақының жалпы сомасы 50 582 595 теңге, оның ішінде 51 436 907 теңге бөлінген, 21 050 238 теңге бөлінбеген, нақты шығыстарды жабуға 15 123 447 теңге немесе жиналған сыйақының жалпы сомасының 29,9% ұсталған.

Бұл ретте Бірлестік жалпы сабақтас құқықтардың иелеріне бөлу және төлеу міндетін орындап тұрған және бөлінуге жататын сомадан 30% аспайтын көлемде өзінің нақты шығыстарын жасаған.

Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер өкілі К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б.

Судьялар

Нажмиденов Б.Т.

Нұрбаев Г.К.

Көшірмесі дұрыс. Судья

Дуйсенбаев

Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.