КСАД РК - Постановление от 06.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/204 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 6 тамыз № 6003-25-00-4к/204 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов,

ашық сот отырысында талап қоюшы Нургалий Сисенгалиевич Джаманкуловтың жауапкер жеке сот орындаушысы Айболат Асетович Карабековқа қатысты 2024 жылғы 21 қазандағы қаулыны заңсыз деп танып күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (әрі қарай – ӘІЖСА) 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысына мүдделі тұлға Самал Бауржановна Абдолованың берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, алимент бойынша берешек сомасын дұрыс айқындамауымен, сондай-ақ борышкердің шығыстарының ескерілмеуімен негіздеді. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

ӘІЖСА-ның 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылып, сот орындаушысының 2024 жылғы 21 қазандағы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Кассациялық шағымда мүдделі тұлға апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын жоюды және МАӘС-тың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, кассациялық сот келесідей қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, Атырау қалалық сотының 2017 жылғы 6 қарашадағы сот бұйрығымен борышкер Н.С.Джаманкуловтан өндіріп алушы С.Б.Абдолованың пайдасына кәмелетке толмаған балаларды асырауға ай сайын табысының 1/3 бөлігі мөлшерінде алимент өндіріліп алынған.

2024 жылғы 25 маусымда сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғап, атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдаған.

Дауланып отырған сот орындаушысының 2024 жылғы 21 қазандағы қаулысымен 2021 жылдың 25 маусымы мен 2024 жылдың 25 маусымы аралығындағы кезең үшін алимент бойынша берешек 153 189 388 (6 755 309 + 146 434 079) теңге мөлшерінде айқындалған.

Алимент берешегін есептеу барысында сот орындаушысы мына мәліметтерге сүйенген:

  • «Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ ұсынған декларациялар бойынша: 20 470 633 теңге х 33% = 6 755 309 теңге;

  • «Kaspi Bank» АҚ-да борышкермен алынған шотқа түсімдер бойынша: 443 739 634 теңге х 33% = 146 434 079 теңге.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 127-бабына сәйкес, өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөнiндегi шешiмiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына сотқа шағым жасауы мүмкiн. Шағым сотқа Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен берiледi.

Заңның 99-бабына сәйкес, алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады және атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қолданады. Алименттер бойынша берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негiзге ала отырып, шешiм орындалатын жерде белгiлейдi. Апелляциялық сатыдағы соты МАӘС-тің шешімін жоя отырып, талап қоюды қанағаттандырып, жауапкердің қаралып отырған мәселе бойынша атқарушылық іс жүргізу шеңберінде қабылдаған әрекеттері Заң талаптарын бұза отырып жүзеге асырылғанын көрсеткен.

Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы заңға сәйкес қабылданған деген тұжырымға келіп, аталған сот актісінде негізге алынған мән-жайлар талап қоюды қанағаттандыру туралы қорытындыларын дұрыс деп санайды.

Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, даулы берешек сомасын айқындау туралы қаулы борышкердің есепшотына түскен қаражаттар негізінде «Kaspi Bank» АҚ-дан алынған шот көшірмелеріне сүйене отырып шығарылған. Атап айтқанда, есептеулер жалпы түскен 443 739 634 теңге сомасынан жүргізілген, бұл сома сот орындаушысы тарапынан алименттің 1/3 бөлігі есептелуге тиіс таза табыс ретінде қарастырылған.

Алайда сот орындаушысының мұндай әрекеті дұрыс емес, себебі алименттерді есептеу кезінде жауапкер аталған қаражаттардың сипаты мен нақты шығу тегін талдаусыз, сондай-ақ құжатпен расталған шығындарды ескермей жүргізген. Қаралып отырған жағдайда түсімдердің жалпы сомасын борышкердің алимент ұсталатын таза табысы ретінде тануға болмайды.

Сот орындаушысы бұл қаражаттардың табысқа жататынын анықтамай, аталған сомалар бойынша шығыс бөлігін есепке алмаған.

Борышкердің басқа екінші деңгейдегі банктерде де есепшоттары бар екендігіне қарамастан, сот орындаушысы бұл бағытта да табысты айқындау және анықтау жөнінде тиісті шаралар қабылдамаған.

Ұсынылған құжаттар болған кезде борышкердің нақты табысын айқындау қиындық туғызған жағдайда, арнайы білімді қажет ететін мәселелер бойынша түсініктемелер алу үшін сот орындаушысы тиісті маманды тартуға құқылы. Алайда, сот орындаушысында әкімшілік қалауы бола тұра, жауапкер борышкердің нақты табысын айқындау үшін тиісті әрекеттерді жүзеге асырмаған, шығындарды растайтын құжаттар сұратылмаған, бұл бағытта талдау жүргізілмеген, атқарушылық іс жүргізуге қатысушылармен сұхбаттар мен түсіндіру жұмыстары, консультациялар өткізілмеген, сондай-ақ жеткілікті құқықтық негіздер болғанымен, тиісті мамандарды (аудиторларды) тарту шаралары да қолданылмаған.

Кассациялық соттың пікірінше, кассациялық шағымдағы берешек сомасын жеңілдетілген декларация мәліметтері негізінде айқындауға қатысты уәждер де назар аударуға тұрарлық.

Жоғарыда көрсетілгендей, берешектің 6 755 309 теңге көлеміндегі бөлігі (20 470 633 теңге х 33%) Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасымен ұсынылған жеңілдетілген декларациясы негізінде анықталған.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 169-бабы 1, 3-тармақтарына сәйкес, алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты не осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісім табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі. Осы Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алимент бойынша берешектің мөлшерін алимент төлеуге міндетті адамның алимент өндіріп алынбаған кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып, сот орындаушысы айқындайды. Егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның жалақысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаса, ай сайынғы төлемдер және (немесе) алимент бойынша берешек сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады.

«Алиментті өндіріп алу туралы сот актілерін орындау бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 31 наурыздағы № 345 бұйрығының 6-тарауына сәйкес, жеке кәсіпкерлер үшін алимент мөлшері мен берешек сомасын есептеу салық төлеуші таңдаған салық салу режиміне сәйкес, декларацияда көрсетілген мәліметтер негізінде жүргізіледі.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің (Салық кодексі) 681-бабы 1- тармағына сәйкес, патент, оңайлатылған декларация негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін салық салу объектiсi салықтық кезең үшiн алынған кіріс болып табылады.

Жоғарыда көрсетілген нормалардың жүйелі талдауы салық есептілігінде көрсетілген табыс жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін табыс болып табылатынын көрсетеді. Осыған орай, сот орындаушысы жеңілдетілген декларация бөлігінде алимент бойынша берешек сомасын дұрыс есептеген, бұл бөлікте алимент берешегін айқындау туралы қаулыны шығарған кезде талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылмаған.

АПК-нің 427-бабы үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес, мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Егер сот дұрыс шешім қабылдаса, бірақ көрсетілген бұзушылықтарға жол берілсе, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары келтіріледі, оларға сәйкес шешім өзгеріссіз қалдырылуға жатады.

Жоғарыда баяндалған мән-жайлар контексінде апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын күшінде қалдыра отырып, кассациялық сот алимент бойынша берешекті жеңілдетілген декларация негізінде есептеудің заңсыздығы туралы қорытындыны қаулының уәждеу бөлігінен алып тастау қажет деп есептейді.

Аталған жайт апелляциялық сатыдағы сот қаулысының заңдылығына жалпы әсер етпейді, себебі бастапқыда даулы қаулы сот орындаушысының жоғарыда баяндалған мән-жайларға байланысты заңсыз болып табылады және оның бір бөлігін ғана жоюға жол берілмейді.

Іс бойынша мән-жайлар жалпы дұрыс анықталғандықтан, кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын жоюға негіздер жоқ деп санайды. Осы мән-жайлар бойынша мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға Самал Бауржановна Абдолованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.