6001-25-00-6под/7
Ұ Й ҒА Р Ы М
2025 жылғы 9 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Г.К. Нұрбаев,
талап қоюшы Берік Бақытжанұлы Төреханның жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2025 жылғы 5 наурыздағы хаттамалық шешімін заңсыз деп тану және талап қоюшы және оның жанұясына төленетін ағымдағы тұрғын үй төлемдерін тоқтатылған мерзімнен бастап қайта жандандыруды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша Қазақстан Республикасының әскери соты төрағасының міндетін атқарушысының әкімшілік істің соттылығын анықтау туралы ұсынысын қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына (бұдан әрі – МАӘС) жүгінген.
Осы соттың 2025 жылғы 12 мамырдағы ұйғарымымен әкімшілік іс осы соттың соттылығына жатпауына байланысты Алматы гарнизонының әскери сотына қарау үшін жолданған.
Алматы гарнизонының әскери соты талап қоюшы Б.Б.Төрехан әскери қызметші мәртебесінде емес екендігін көрсетіп, ол Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясының арнаулы қызметкері болып саналатыны туралы қорытындыға келген.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының әскери соты төрағасының міндетін атқарушысы ұсыныста әкімшілік істің соттылығын анықтауды сұрап, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 34-бабының 6-бөлігіне сәйкес, соттар арасындағы соттылық туралы дауды шешуді сұраған.
АПК-нің 34-бабының 6-бөлігіне сәйкес соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және ол шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
Ұсынысты зерттеп, келесі тұжырымға келемін.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 102-бабына сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады.
ӘРПК-нің 103-бабына сәйкес әскери соттар, егер әскери басқару органдары, әскери бөлім жауапкер болып табылса, мамандандырылған басқа соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери
құралымдардың әскери қызметшілерінің, әскери жиындардан өтіп жүрген азаматтардың талап қоюлары бойынша әкімшілік істерді қарайды деп анықталған.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңының 3-бабының 2-тармағына сәйкес, арнаулы мемлекеттік органдарға ұлттық қауіпсіздік органдары, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі жатады.
Демек, «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесі арнаулы мемлекеттік орган болып, ал талап қоюшы Б.Б.Төрехан арнаулы қызметкер болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында, әкімшілік іс Алматы қаласының МАӘС-да қаралуға жатады.
АПК-тің 34-бабының 6-бөлігін басшылыққа алып, судья
Ұ Й Ғ А Р Ы М Е Т Т І:
Талап қоюшы Берік Бақытжанұлы Төреханның жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2025 жылғы 5 наурыздағы хаттамалық шешімін заңсыз деп тану және талап қоюшы және оның жанұясына төленетін ағымдағы тұрғын үй төлемдерін тоқтатылған мерзімнен бастап қайта жандандыруды міндеттеу туралы әкімшілік ісі соттылығы бойынша Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолдансын.
Ұйғарым түпкілікті болып табылады және шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
Судья Г.К. Нұрбаев
Көшірмесі дұрыс: Судья Г.К. Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.