ВС РК - Постановление от 12.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/1409 (Административное)

6001-24-00-6ап/1409

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,

жауапкер өкілі К.Т.Қайпназарованың қатысуларымен,

талап қоюшы Талгат Серикович Жарылкаповтың жауапкерлер «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан –әрі Басқарма), «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Шымкент қаласының әділет департаменті» РММ-не, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) 2023 жылғы 27 қазандағы өтінішінің қаралуымен қабылданған жауапқа қоса тіркелген схемалық сызбадан Шымкент қаласы, Ақниет шағын ауданы, Таңқурай көшесінде орналасқан №59 және №59 «А», сондай-ақ №27 және №29 үйлердің орналасу орнын белгілеп беруді Басқарманы міндеттеу, Департаменттің талап қоюшының 2023 жылғы 20 қарашадағы шағымы бойынша жасалған әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қаңтардағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 сәуірдегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Т.С.Жарылқапов аталған талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде оның заң консультанті ретіндегі сұранысына заңсыз жауап қайтарғанын, бұл мәселе бойынша Басқарманың лауазымды тұлғаларына қатысты Департаментке шағымданғанын, алайда Департамент арызын қарау үшін қайта сол әкімшілік органға жолдап, құқықтары мен заңды мүдделерін өрескел бұзып отырғанын көрсеткен.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қаңтардағы шешімімен талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырылған.

Жауапкер «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі талап қоюшыға 2023 жылғы 27 қазандағы өтінішінің қаралуымен қабылданған жауапқа қоса тіркелген схемалық сызбадан Шымкент қаласы, Ақниет шағын ауданы, Таңқурай көшесінде орналасқан №59 және №59 «А», сондай-ақ №27 және №29 үйлердің орналасу орнын белгілеп беруге міндеттелген. Жауапкер «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің талап қоюшының 2023 жылғы 20 қарашадағы шағымы бойынша жасалған әрекеті заңсыз деп танылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.

Жауапкер Департамент кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Жауапкер өкілі К.Т.Қайпназарованың кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда, 2023 жылғы 27 қазанда талап қоюшы Басқармаға Шымкент қаласы Ақниет шағын ауданы Таңқұрай көшесінің №59 үйге дейінгі орналасу схемасын және ондағы үйлердің реттік нөмірлерімен орналасуы жөнінде мәлімет беру туралы арызбен жүгінген.

2023 жылғы 31 қазанында Басқарма талап қоюшыға Шымкент қаласы Ақниет шағын ауданы Таңқұрай көшесінің орналасу схемасын жолдаған.

Сол күні талап қоюшы Басқарманың ұсынған схемалық сызбадан Таңқұрай көшесіндегі №№27, 29, 59, 59А жеке тұрғын үйлерге берілген немесе белгіленген реттік нөмірлері бойынша орналасу орнын белгілеп беруді сұраған.

2023 жылдың 18 қарашасында Басқарма өтініште көрсетілген ақпараттарды меншік иелерінің сенімхаттары немесе адвокаттық ордер болған жағдайда ғана ұсынылатыны туралы жауап хат жолдаған. Талап қоюшы Басқарманың аталған жауабымен келіспей, 2023 жылдың 20 қарашасында Департаментке Басқарма басшысының орынбасары Б.Рустемовтың тәртіптік жауапкершілігін қарауды сұрап, шағым жолдаған. Департамент 2023 жылдың 23 қарашасында Т.Жарылқаповтың шағымын Шымкент қаласының әкімдігіне қарау үшін жолдаған.

Шымкент қаласының әкімдігі талап қоюшының Басқарманың басшысы орынбасарының әрекетіне жазған шағымын қарау үшін қайтадан сол Басқармаға жолдаған. Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, Департаменттің тарапынан талап қоюшы Т.Жарылкаповтың құқықтары мен заңды мүдделері өрескел түрде бұзылған және талап қоюшының сұрап отырған мәліметтері мемлекеттік құпия мен өзге де шектеулерді қамтымайтын мәлімет болмаса да және талап қоюшының сұраған ақпараты Басқармада бола тұра, жауапкер талап қоюшы Т.Жарылқаповқа дербес деректер бойынша ақпарат берілмейтіні туралы формальды түрде жауап берген деген тұжырымға келген.

Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды.

Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1-бабы 2) тармақшасында дербес деректер - мәліметтер негізінде айқындалған немесе айқындалатын дербес деректер субъектісіне қатысты, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тiркелген cол мәліметтер деп көзделген.

ӘРПК-нің 8-бабы 1-бөлігіне сай әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

ӘРПК-нің 65-бабы 1-бөлігіне сай жолданымды қарау өкілеттігіне кірмейтін әкімшілік органға, лауазымды адамға келіп түскен жолданым, келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік рәсімге қатысушыға бір мезгілде хабардар ете (хабарлай) отырып, уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданады.

ӘРПК-нің 91-бабы 3-бөлігіне сәйкес шағымды әкімшілік тәртіппен (сотқа дейінгі) қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам (бұдан әрі - шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, Қазақстан Республикасының Үкіметін қоспағанда, әкімшілік орган, лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдарды қарауға уәкілеттік берілген өзге де әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодекстің мақсаттары үшін шағымды қарайтын орган деп танылады.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағының 7) тармақшасы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және заңды тұлғаларға ұсынылуы көзделген ақпаратты беруден негізсіз бас тартуы не оны кешіктіріп беруі, анық емес немесе толық емес ақпарат беруі Осы Заңда мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар болып танылады делінген.

Осы Заңның 5-бабы 2-тармағы 21) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын бұзу, сондайақ қызметтік әдепті сақтау мәселелерi бойынша әрекеттерi (әрекетсіздігі) мен шешiмдеріне жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарайды.

Істің мұндай тұрғысында, Департаменттің талап қоюшының шағымын қарауға толық өкілеттілігі болғанымен ӘРПК-нің қағидаттарын бұза отырып, Заңмен өзіне тікелей артылған міндеттерін орындамай, талап қоюшының шағымын толық көлемде және жан-жақты зерттемей, тиісті құқықтық баға бермеген.

Сонымен қатар, талап қоюшы жалпыға бірдей қолжетімді бір көшедегі үйлердің Басқарманың өз тарапынан ұсынылған схемадан белгіленген реттік нөмірлерін көрсетуді сұраған және талап қоюшы Басқармаға мәлімет беруді жеке өзінің қажеттілігі үшін емес, Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 76-1-бабы 2-тармағымен көзделген тәртіппен жауап беруге міндетті сұраумен жүгінген.

Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 26 қаңтардағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.