ВС РК - Постановление от 17.02.2020 по делу 6001-19-00-3Г/8686 (Гражданское)

6001-19-00-3г/8686

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 17 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С.Иманиязова,

арыз беруші К[...] «Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) келтірген есептен шығару туралы бұйрығын және тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, тұрғын үйге мұқтаж жандар есебіне кезегін қалпына келтіруге міндеттеу туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының 2019 жылғы 8 тамыздағы шешімін және Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы Басқарманың келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Арыз беруші К[...] сотқа жоғарыда көрсетілген арызбен жүгінген.

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының 2019 жылғы 8 тамыздағы шешімімен арыз берушінің арызы қанағаттандырылған.

Басқарманың 2018 жылғы 5 желтоқсандағы №02-41/260 бұйрығының коммунальдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж жандар есебінен К[...] шығару туралы бөлігі заңсыз деп танылған.

Басқармаға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж жандар есебіне қайта тұрғызып, құқық бұзуға дейінгі жағдайды қалпына келтіру міндеттелген.

Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта Басқарма соттар істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, арызын толық көлемде қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Іспен анықталғандай, К[...] 2013 жылдың 28 тамыз айынан бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде «оралман» санаты бойынша кезекке тұрған. Отбасы құрамы ретінде жұбайы мен екі баласын көрсеткен.

Кейіннен Астана қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының 2018 жылғы 30 қарашадағы №18 хаттамалық шешімімен және Басқарманың 2018 жылғы 5 желтоқсандағы №02-41/260 бұйрығымен

К[...] мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығарылған.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 73-бабының 1-бөлігі 1-тармақшасына сәйкес азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға мұқтаж жандар есебінен алып тастау тек қана мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру негіздері жойылған жағдайда ғана мүмкін. Өтінішхатта «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес оралман мәртебесі Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін тоқтатылатындығы көрсетілген. Сол сияқты өтінішхатта К[...] Қазақстан Республикасының азаматтығын алғандығын ескере отырып, Астана қаласының әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясы өз алдына қолданыстағы заң нормаларында көзделмеген іс-әрекеттерге баруына, яғни қандай да болмасын мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға артықшылық көрсетуге құқығы жоқ екендігі айтылған. Жергілікті соттармен жоғарыда айтылған мән-жайлар, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың талаптары ескерілмеген.

Өтінішхат иесінің осы азаматтық дауды реттейтін материалдық және процестік заңнамаларды сот дұрыс қолданбады деген уәждері ескерілуге және тексерілуге жатады.

Судья өтінішхат берушінің көрсетілген уәждері сот актісін қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарау үшін беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

«Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының 2019 жылғы 8 тамыздағы шешімін және Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья Ш. Иманиязова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.