Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 25.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/188 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 25 қыркүйек №6003-25-00-2к/188 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшы өкілі М.Б.Казбекованың, жауапкерлер С.И.Запичнев пен Д.В.Шеинның және олардың өкілі С.В.Голубеваның, жауапкер өкілі Ж.Махметованың, аудармашы С.М.Кенесовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Ақмола облысы Жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер жеке кәсіпкер Запичнев Сергей Ивановичке (бұдан әрі - жеке кәсіпкер), Дмитрий Викторович Шеинге, «Көкшетау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Бөлім) жер телімі бойынша шарттарды жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкерлердің Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

Департамент аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жер учаскесі заңсыз берілгенімен негіздеген.

Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2024 жылғы 5 қарашадағы шешімімен (бұдан әрі - сот шешімі) Департаменттің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Алқа қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, Департаменттің талап қоюын қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған, 2023 жылғы 5 қаңтарда Бөлім мен жеке кәсіпкер арасында жасалған Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Ш.Уәлиханов көшесі, №209 мекенжайы бойынша орналасқан, алаңы 0,67063 га жер учаскесіне (бұдан әрі - жер учаскесі) №1 уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарты (бұдан әрі - Жалға алу шарты); 2023 жылғы 21 маусымда Бөлім мен жеке кәсіпкер арасында жасалған жер учаскесін сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - 1-Шарт); 2023 жылғы 1 тамызда жеке кәсіпкер мен Д.В.Шеин арасында жасалған жер учаскесімен жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - 2-Шарт) жарамсыз деп танылып, мемлекет кірісіне жеке кәсіпкерден2 769 теңге және Д.В.Шеиннен 923 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Жауапкерлер жеке кәсіпкер мен Д.В.Шеин кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, оның күшін жоюды, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сотістегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актісі өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 158-бабының 1-тармағын, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 37-бабының 2-тармағын, 48-бабының 1-тармағын, 81бабының 3-тармағының 1) тармақшасын, 109-бабының 1-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, Көкшетау қаласы әкімдігінің (бұдан әрі - Әкімдік) 2005 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен жеке кәсіпкергежер учаскесі (нысаналы мақсаты- автосалон құрылысын жүргізу мен оны пайдалану үшін)3 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен беріліп, 2005 жылғы 15 сәуірде жер учаскесін жалға алу шарты жасалған.

Әкімдіктің 2022 жылғы 26 қазандағы қаулысымен жеке кәсіпкерге жер учаскесі 3 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен беріліп,Бөлім мен жеке кәсіпкер арасында 2022 жылғы 28 қазанда жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарты жасалған. Алайда, Көкшетау қаласы прокурорының наразылығы негізінде Әкімдіктің 2022 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен аталған Әкімдіктің 2022 жылғы 26 қазандағы қаулысының күші жойылған.

Содан кейін, Әкімдіктің 2022 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен жеке кәсіпкерге нысаналы мақсаты болып айқындалған объект құрылысын аяқтау үшін жер учаскесіне 2 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы беріліп, даулы Жалға алу шарты жасалған.

Бұл жағдайда жергілікті атқарушы орган тарапынан Жер кодексінің 48бабының 1-тармағының талаптары бұзылып, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскесіне жалға алу құқығы жеке кәсіпкерге сауда-саттықсыз (аукционсыз) берілген.

Даулы жер учаскесінде жеке кәсіпкер автосалонның орнына қойма салып, бұл объектіге меншік құқығы уәкілетті органда 2023 жылғы 23 мамырда тіркелген.

Әкімдіктің 2023 жылғы 14 маусымдағы қаулысымен жеке кәсіпкерге жер учаскесіне жеке меншік құқығы беріліп, даулы 1-Шарт жасалған және 2023 жылғы 22 шілдеде меншік құқығы тіркелген.

Даулы 2-Шарт негізінде жауапкер Д.В.Шеин жеке кәсіпкерден жер учаскесінің жылжымайтын объекті соғылған ½ бөлігін, яғни жер учаскесінің қойма орналасқан тең жартысын сатып алған және 2023 жылғы 2 тамызда уәкілетті органда меншік құқығы тіркелген.

Әкімдіктің 2024 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен «С.И.Запичневке жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру туралы» Әкімдіктің 2022 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысына өзгеріс енгізіліп, онда «Берілсін» деген сөз «Ұзартылсын» деген сөзбен ауыстырылған.

Істің мұндай тұрғысында бірінші сатыдағы сот жеке кәсіпкерге даулы жер учаскесіне уақытша жер пайдалану құқығы бастапқыда 2005 жылы берілген, ал 2023 жылы уақытша жер пайдалану құқығы ұзартылған, жеке кәсіпкер жер учаскесінде жылжымайтын объект құрылысын аяқтаған және меншік құқығы тіркелген, даулы 2-Шарт жасасу арқылы жердің меншік иесі ретінде құқығын жүзеге асырған деген қате тұжырымға келген.

Себебі, Жер кодексінің 37-бабының 2-тармағына сәйкес жеке кәсіпкер 2005 жылы 3 жылға уақытша пайдалануға алған жер учаскесіне қатысты жалға алу шартының қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде уәкілетті органын жазбаша хабардар етпеген.

Одан бөлек, жеке кәсіпкермен Жер кодексінің 109-бабының 1-тармағы сақталмай, жер учаскесі нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған, керісінше, ол екіге бөлініп, тең жартысы жеке тұлғаға сатылған.

Бұл ретте жер учаскесін табыстау және пайдалану нормалары елеулі бұзылғанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысы күшінде, жауапкерлер жеке кәсіпкер Сергей Иванович Запичневтың және Дмитрий Викторович Шеинның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.