ВС РК - Постановление от 05.12.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1669 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 5 желтоқсан 6001-24-00-6ап/1669 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Н.Молдахановтың,

талап қоюшының өкілі Л.М.Пирметованың,

жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалык мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі М.И.Онгаровтың қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті» мекемесінің (бұдан әрі – Университет) жауапкер Департаментке анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Университет кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы болған пікірін тындап, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Департамент Университетке қатысты жұмсалған қаражаттарды пайдалануының Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарының сақталуы бойынша сәйкестік аудитін жүргізген.

Аудит нәтижесімен төмендегі заң бұзушылықтарға жол бергені анықталған:

  • Университет тарапынан 231 505 300 теңге қаржыны күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсау кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметінің 1998 жылғы 2 қарашадағы №1118 «Бюджет қаражатынан қаржыландыратын ұйымдар бойынша электр энергиясын, жылуды, ыстық және суық суды және басқа да коммуналдық қызмет көрсетулерді тұтынудың нормативтері туралы» қаулысының талаптары сақталмаған және бюджет қаржысы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 18 қыркүйектегі №403 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Біріңғай бюджеттік сыныптамасының кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, 204 «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлармен қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасының 100 «Жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі мамандар даярлау және білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету» кіші бағдарламасының 159 «Өзгеде қызметтер мен жұмыстарға ақы төлеу» ерекшелігімен емес 431 «Күрделі жөндеу» ерекшелігімен жұмсалуы тиіс еді.

  • Университет пен «Эска строй проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арасында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарты бойынша Университет тарапынан 57 685 600 теңгенің бейне бақылау тауарлары 56 күнге кешіктіріліп, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 4-бабының 4- тармағының 3) тармақшасындағы өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді - деген талаптары сақталмай, 30 күннен кешіктірмей өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінбеген және келісім-шарттың 7.3 тармағында көрсетілген әр бір кешіктірген күн үшін 0,1 пайыз мөлшерінде айыппұл есептелмеген.

Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарты бойынша жалпы құны 22 063 400 теңгеге турникеттер мен бейнебақылау камералары және оларды іске қосу құрал-саймандары жұмысқа қосылмаған.

  • Университеттің Өкілеттік кеңеспен бекітілген «Еңбек ақы төлеу регламентінің» 15-бабында «Еңбекақыға белгіленген қосымша ақы мен үстемақы түрлері» g) тармақшасында университет қызметкерлерінің жеке іскерлік қабілетіне және жұмыстың сапалы орындалуына байланысты, лауазымдық жалақысына қосымша 1,1-2,0 дейін коэффицентпен үстемақы тағайындалатыны көрсетілгенімен Университетпен екі қызметкерге ректордың бұйрықтарымен лауазымдық жалақысының 2 еселенген мөлшерінен артық 2 583 300 теңге үстемақы негізсіз төленген.

Аудиторлық есеп пен аудиторлық қорытынды негізінде Университетке қатысты 2023 жылдың 8 тамызында №04-20/2746 нұсқама (бұдан әрі – Нұсқама) қабылданған.

Нұсқаманың 1) және 2) тармақшаларымен Университетке анықталған заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарауды және анықталған заң бұзышылықтарды қалпына келтіруі, ал нұсқаманың 3) тармақшасымен Университеттің ректорының бұйрықтарымен екі қызметкерге лауазымдық жалақысының 2 еселенген мөлшерінен артық 2 583 300 теңге төленген сомманы бюджетке өтеуі ұсынылған.

Аталған заң бұзушылықтары бойынша Департамент тарапынан Университеттің жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 207бабының 10-тармағының 2) тармақшасымен лауазымды тұлға әкімшілік айыппұлға тартылған.

Талап қоюшы Департаменттің Нұсқамасымен келіспей, сотқа талап қоюмен жүгінген. Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының 1-бабының 7) тармақшасына сәйкес мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері (бұдан әрі – мемлекеттік аудит объектілері) – мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ бюджет қаражатын алушылар.

Сотта анықталғандай, Университетте үш банктік шоттары ашылған. Оның екеуі - ағымдағы шоттар, ал біреуі - бюджеттен түсетін қаражатқа арналған шот.

Яғни, Университет бюджет қаражатын алушылардың қатарына жатады.

Бұл мән-жайды талап қоюшы теріске шығармайды.

Сондықтан Университет мемлекеттік аудит объектілері қатарына жататындықтан ол жөнінде аудиторлық іс-шара жүргізілуі негізді болып табылады.

Сәйкестік аудиті барысында анықталған заң бұзушылықтар сотта зерттелген дәлелдемелермен, яғни аудит барысында толтырылған бақылау өлшемі туралы актілерімен, жалақысын төлеу туралы төлем тапсырмаларымен, мемлекеттік сатып алу туралы шарттарымен, тауарды қабылдап алу туралы актілерімен және Университеттің қызметкерлердің түсініктемелерімен толық дәлелденген.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универсиеті» мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.