КСАД РК - Постановление от 03.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/480 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 03 қыркүйек 6003-25-00-4к/480 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар – М.А. Қасымов, Г.М. Ыдырысова,

талап қоюшының өкілі – Ж.Н. Каирлигужиеваның қатысуымен,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен,

Атабек Орынбасарұлы Қосановтың «Жылыой ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – ММ) 2024 жылғы 1 қазандағы сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруден бас тартуды заңсыз деп тану және сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру міндетін жүктеу туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істі ашық сот отырысында қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы А.О. Қосанов сотқа жауапкерге сәулет-жоспарлау тапсырмасын (бұдан әрі - СЖТ) беруден бас тартуды заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қоюмен жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылды. Жауапкердің бас тартуы заңсыз деп танылып, оның күші жойылды. Сот жауапкерді дүкен салу үшін талап қоюшыға СЖТ беруге міндеттеді. Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың көрсетілген шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

«Жылыой ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ кассациялық шағымында төмен тұрған соттардың сот актілерінің күшін жоюды және іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберінің дұрыс анықтамалуын, төмен тұрған соттардың материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбауын, сот қорытындыларының істің мән-жайларына сәйкес келмеуін көрсете отырып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Негіздемеде Құлсары қаласының бас жоспарының ережелеріне сілтеме жасалған, оған сәйкес даулы жер учаскесі автотұрақты орналастыруға арналған, осыған байланысты СЖТ беруден бас тартуды негізді деп санайды.

Тиісті түрде хабарланған жауапкер кассациялық сатыдағы сотқа келмеді, бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының 1-бөлігіне байланысты істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Талап қоюшының өкілі Ж.Н. Каирлигужиеваның түсініктемелерін тыңдап, шағымның дәлелдерін талқылап, істің материалдарын зерттеп кассациялық сот мынадай түйінге келді.

АПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, кассациялық сатыдағы сотта кассациялық шағымдану тәртібі мен іс жүргізу Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес осы Кодекстің 434бабының бірінші бөлігінде көрсетілген заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер осы Кодекстің 427-бабында көзделген, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі бұзылуы болып табылады.

Соттар мұндай бұзушылықтарға жол бермеді.

Істің мән-жайлары бойынша Құлсары қаласы әкімінің 2005 жылғы 30 желтоқсандағы № 3457 шешімімен Б. Бексариевке дүкен салу және пайдалану үшін жеке меншікке (жер учаскесінің бірінші иесіне) кадастрлық нөмірі 04:059:024:222483, Құлсары қаласы, шағын ауданы з, Махамбет даңғылы № 147 мекенжайында орналасқан алаңы 0, 02 га жер учаскесі) берілген.

2014 жылғы 20 желтоқсандағы сатып алу-сату шартына сәйкес Б. Бексариев аталған жер учаскесін Г.Т. Малтаеваға сатқан, 2024 жылғы 8 ақпандаға сатып алу-сату шарты бойынша Г.Т. Малтаева бұл учаскені А. О. Қосановқа сатқан.

2024 жылғы 9 ақпанда А.О. Қосанов жоғарыда аталған жер учаскесіне меншік құқығын тіркеген.

2024 жылғы 20 қыркүйекте ол «Жылыой ауданының құрылыс бөлімі» ММ-ге аталған жер учаскесінде дүкен салу үшін СЖТ беру туралы электрондық өтінішпен жүгінді.

2024 жылғы 1 қазанда жауапкер өтінішті қанағаттандырудан дәлелді бас тарту туралы әкімшілік акт шығарды.

Жауапкердің бас тартуында Жылой ауданы мәслихатының 2022 жылғы 12 желтоқсандағы шешімімен бекітілген Құлсары қаласының Бас жоспарына сәйкес даулы жер учаскесі автотұрақ үшін көзделгендігіне уәж келтірілген.

2024 жылғы 7 қазанда талап қоюшы Жылой ауданының әкіміне жауапкердің дәлелді бас тартуына сотқа дейінгі тәртіппен шағымданды.

2024 жылғы 15 қазанда Жылыой ауданы әкімінің орынбасары шағымды қанағаттандырусыз қалдырды. Соттар талап қоюшы А.О. Қосановтың заңды негізде сатып алынған жер учаскесінің меншік иесі екенін анықтады. Жер учаскесі 2006 жылдан бастап жеке меншікте, мемлекет мұқтажы үшін алынбаған, ал алып қою рәсімін бастау туралы әкімдіктің қаулысы 2024 жылғы 2 қазанда күшін жойған.

Істің бұл жағдайында жауапкердің СЖТ беруден бас тартуға негіздер болмаған. Қаланың Бас жоспарына формальды түрдегі сілтеме Жер кодексінің 84-бабының тәртібімен жер учаскесі алып қойылмаса, меншік иесінің құқығын жоя алмайды. Егер жер учаскесі заңда белгіленген тәртіппен алынбаса, Бас жоспардың жеке меншік құқығынан басым күші болмайды. Жер кодексінің 84-бабының ережелеріне сәйкес мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға өтемақы төленген кезде және сот шешімі бойынша ғана жол беріледі, ол жасалмаған.

Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығымен бекітілген Қағидалардың 41-тармағы 4) тармақшасының ережелері, егер жоспарлауға енгізілген өзгерістер меншік иесін өз құқығын іске асыру мүмкіндігінен іс жүзінде айырған жағдайда, СЖТ беруден бас тартуға жол береді. Алайда, бұл істе мұндай жағдай анықталған жоқ.

Төмен тұрған сатылардың сот актілерінде дұрыс көрсетілгендей, СЖТ беруден дәлелді бас тарту заңға негізделмеген, жеке және жария мүдделердің теңгерімін бұзады, сенім құқығын қорғау қағидатын ескермейді және рәсімдік кепілдіктерді сақтамай әкімшілік қалаудың көрінісі болып табылады.

Сонымен қатар апелляциялық шағымды қарау барысында жауапкер талап қоюшыға 2025 жылғы 9 ақпанда талап етілген СЖТ берген, бұл іс жүзінде бастапқы бас тартудың негізсіздігін мойындағанын көрсетеді.

Осылайша, төмен тұрған соттардың кассациялық тәртіппен сот актілерінің күшін жоюға негіз болып табылатын материалдық немесе процестік құқық нормаларын бұзғаны анықталмады. Шағым келтірілген сот актілері заңға сәйкес келеді, сенімді деректерге негізделген, толық құқықтық бағалауды қамтиды, талап қоюшының мүдделері мен қоғамдық биліктің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Жауапкердің кассациялық шағымында сот актілерінің заңдылығын жоққа шығаратын жаңа дәлелдер жоқ.

Бұдан басқа, ӘРПК-нің 122-бабының тәртібімен талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қарауға қатысуына байланысты сот шығыстары өтелуге жатады. Іс материалдарын қарағанда, талап қоюшының өкілі Ж. Н. Каирлигужиева кассациялық сатыдағы соттың отырысына қатысу үшін Астанаға Атырау қаласынан келген, бұл екі жаққа бару үшін электронды билеттермен расталады. Жол жүрудің жалпы құны 116 877 теңгені құрады. Көрсетілген шығыстар ақылға қонымды болып табылады, құжатпен расталған және АПК-нің 109-бабының бірінші бөлігі негізінде жауапкерден талап қоюшының пайдасына өндіріп алуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

«Жылыой ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

«Жылыой ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінен Атабек Орынбасарұлы Қосановтың пайдасына 116 877 (бір жүз он алты мың сегіз жүз жетпіс жеті) теңге мөлшерінде сот шығыстары өндірілсін.

Төрағалық етуші судья

Д. Әбдіғалиев

Судьялар

М. Қасымов

Г. Ыдырысова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.