№6001-24-00-6ап/3388
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 22 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры
Н.А.Молдахановтың талап қоюшының өкілі Д.О.Мурадимовтың, жауапкерлердің өкілдері А.М.Уалиевтің, О.С.Умурзаковтың
қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «SaryisynHolding» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Қамысты ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қаржы бөлімі), «Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) 2024 жылғы 21 мамырдағы №11815089-ОК1 санды қорытындысын заңсыз, 2024 жылғы 4 сәуірдегі №11815089-ОК1 санды қорытындыны заңды күшінде қалдыру, Департаменттің 2024 жылғы 24 сәуірдегі №391010000-4-6/7-284283 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасын заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысына Шымкент қаласы прокуратурасының келтірілген кассациялық өтінішхатпен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.
Шешімнің 2024 жылғы 21 мамырдағы №11815089-ОК1 санды қорытындысы, Департаменттің 2024 жылғы 24 сәуірдегі №391010000-4-6/7284283 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюдың қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылған. Бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Арызданушы кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасының іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінен (бұдан әрі – Комитет) істі олардың қатысуынсыз қарауды сұрау туралы хат түскен.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, талап қоюшы әлеуетті өнім беруші ретінде Қаржы бөлімі ұйымдастырған мемлекеттік сатып алу порталында конкурстың №11815089-1, атауы: «Ауылдағы көшелерді жарықтандыруды жаңғырту» ашық конкурсына қатысқан, бөлінген сома 37 100 892,86 теңге. Талап қоюшыдан басқа аталған конкурсқа 10 әлеуетті өнім беруші қатысқан.
2024 жылғы 4 сәуірдегі №11815089-ОК1 санды қорытынды хаттамасына сәйкес, конкурсы бойынша талап қоюшы жеңімпаз деп танылған. «Братья» ЖШС-нің, «AlatauStoryService» ЖШС-нің және «Адал-И» ЖШС-нің конкурс нәтижесі бойынша берген шағымдары Департаментте қаралып, 2024 жылы 19 сәуірде алдын ала тыңдау хабарламасы қабылданған.
Аталған хабарлама бойынша талап қоюшының конкурстың біліктілік талаптарына сәйкес емес деп анықталған.
Талап қоюшы алдын ала тыңдау хабарламасымен келіспей 2024 жылғы 22 сәуірінде Комитетке шағымданып, оның қаралу нәтижесімен сапаны бақылау қорытындысы қабылданған. Сапаны бақылау қорытындысы негізінде Департамент 2024 жылы 24 сәуірде №391010000-4-6/7-284283 санды камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасын қабылдаған.
Хабарламада талап қоюшы мен басқа 9 әлеуетті өнім беруші конкурстық ұсынымдарына жіберілмеуі жөнінде көрсетіліп, 2024 жылғы 21 мамырдағы №11815089-1 қорытындыларының өзгертілген хаттамасына сәйкес, бір ғана әлеуетті өнім беруші «Братья» ЖШС конкурсқа қатысуға жіберілген. Бір ғана әлеуетті өнім берушінің қатысуына байланысты, конкурс өткізілмеді деп танылған.
Атап айтқанда, әлеуетті өнім беруші талап қоюшының конкурстық ұсыныстарының тізімінде біліктілік туралы мәліметтерде конкурстық құжаттамада көрсетілген шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін материалдық және еңбек ресурстары мәлімделмегені көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюшы конкурстық құжаттама жобасына ескертулер бермегенін, шағым келтірмегенін, конкурстық құжаттамада айқындалған тәртіппен материалдық және еңбек ресурстарына ие екендігін растамағанын көрсетіп талап қою қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген тұжырымға келген.
Сонымен қатар «Ауылдағы көшелерді жарықтандыруды жаңғырту» өткізілген конкурстық құжаттама бойынша мемлекеттік сатып алудың нысанасы ағымдағы немесе орташа жөндеу, реставрациялау, қолданыстағы объектілерді реэкспозициялау, абаттандыру жұмыстарына жатпайды, сондықтан талап қоюшымен ұсынылған тиісті рұқсаты (лицензия) материалдық және еңбек ресурстарын иеленуді растамайды деп көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот аталған шешімнің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (әрі қарай - Қағидалар) 58 тармағына сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаты (хабарламасы) бар және құрылыспен байланысты емес жұмыстарды (бар объектілерді ағымдағы немесе орташа жөндеу, реставрациялау, қолданыстағы объектілерді реэкспозициялау, абаттандыру, жайластыру) мемлекеттік сатып алуға қатысатын әлеуетті өнім берушілер Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес берілген тиісті рұқсатпен (лицензиямен) материалдық және еңбек ресурстарына ие екендігін растайды. Бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаттың (лицензияның) түрлері мен кіші түрлері өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасына ұқсас (сол сияқты) болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №235 бұйрығымен бекітілген «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына» сай ғимараттардың сыртқы жарықтандыру жұмыстары абаттандыру объектілеріне жатады.
Талап қоюшы болса күрделі жөндеу мен реконструкциялауды, оның iшiнде: электрмен жабдықтау желiлерiн және сыртқы электрмен жарықтандыру құрылғысын, электрмен жарықтандырудың және электрмен жылытудың iшкi желiлерiн қамтитын инженерлiк желiлер мен жүйелердi орналастыру жұмыстарына 2021 жылы 16 наурызда № 21012462 рұқсатын конкурстық өтініміне қоса тіркеген.
Серіктестік ұсынған лицензиясының қосымшасындағы тізбелерде құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаттың (лицензияның) түрлері мен кіші түрлері өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасына ұқсас (сол сияқты) рұқсаты бар екендігі көрсетілген.
Сондықтан Серіктестіктің қонкурсқа материалдық және еңбек ресурстарын иеленуді растамай, лицензияны ұсынуы жеткілікті болған. Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Шымкент қаласы прокуратурасының кассациялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.