Қ А У Л Ы
2026 жылғы 25 маусым №6003-26-00-2к/2461, 2461(2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
прокурор Д.Б.Жумагулов,
талап қоюшының өкілі С[...],
жауапкердің өкілдері Т[...], Б[...],
бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «11567 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Н[...]» жеке кәсіпкері Н[...] тауарларды алып кетуге мәжбүрлеу туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 4 ақпандағы қаулысына келтірілген Қазақстан Республикасының Бас әскери прокурорының кассациялық наразылығымен және жауапкердің кассациялық шағымымен қарап, А Н Ы Қ Т А Д Ы:
2025 жылғы 18 маусымда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «11567 әскери бөлімі» РММ-і (тапсырыс беруші) мен жеке кәсіпкер Н[...] (жеткізуші) арасындағы №623-ПС және №624-ПС мемлекеттік сатып алу туралы келісім шарттары жасалған. Шарттарға сәйкес жеткізуші тапсырыс берушіге 2025 жылғы 21 шілдеге дейін жалпы құны 756 000 теңге болатын 1 400 дана және жалпы құны 1 230 750 теңге болатын 2 250 дана жылуға төзімді шыныдан жасалған терең табақ жеткізуге міндеттенген.
Жауапкер тауарды 2025 жылғы 5 шілдедегі қағаз нұсқада тараптар қол қойған актілерге сәйкес жеткізген, тауар тапсырыс берушімен толық көлемде, ешқандай ескерту келтірілместен қабылданған, құны толық төленген.
Талап қоюшы тауардың тиісті түрде қабылданғанын 2025 жылғы 11 шілдедегі электрондық нұсқадағы қабылдау актісіне сай растаған.
Талап қоюшы талап қоюында 2025 жылғы 18 тамыздағы қызметтік тексеру нәтижесіне сәйкес тауар сапасы бойынша техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейтіні анықталғанын, техникалық спецификацияға сәйкес жылуға төзімді шыныдан жасалған тауар жеткізілуі тиіс бола тұра, жауапкер керамикалық табақтар жеткізгенін, сондай-ақ ол табақтардың қажетті өлшемдері сәйкес келмейтіні анықталғанын көрсетіп, тауарды қабылдау актілерін жарамсыз деп тануды және жауапкерді тауарды қайта алып кетуге міндеттеуді сұраған.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 14 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Соттың ұйғарымымен қабылдау актілерін жарамсыз деп тану туралы талаптың бөлігінде азаматтық сот тәртібімен қарауға жатпайтындықтан іс өндірісі тоқтатылған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырылып, жауапкер тауарларды алып кетуге мәжбүрленген.
Қазақстан Республикасының Бас әскери прокуроры кассациялық наразылығында және жауапкердің өкілі кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың істің мән - жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот қаулысының күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұрайды. Прокурордың және жауапкердің өкілдерінің кассациялық наразылықты және шағымды қолдаған пікірілерін, талап қоюшының өкілінің қарсылығын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, сот төменгідей тұжырымдарға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылыққа жол берілген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) 410-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, сатушының тауарды сатып алушыға беру міндеті тауарды сатып алушыға тапсыру сәтінде орындалған болып есептеледі.
АК-тің 422-бабының 1, 4-тармақтарына сәйкес сатушы сатып алушыға сапасы шартқа сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi. Егер сатылатын тауардың сапасына заң актiлерiнде белгiленген тәртiпке сәйкес, мiндеттi талаптар көзделсе, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын сатушы сатып алушыға осы мiндеттi талаптарға сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi. Сатушы мен сатып алушы арасындағы келісім бойынша, заң актілерінде көзделген тәртіппен белгіленген міндетті талаптармен салыстырғанда, сапаға қойылатын жоғары талаптарға сәйкес келетiн тауар берiлуi мүмкiн.
АК-тің 430-бабының 1-тармағында егер заң актілерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, тауар кемшіліктері осы бапта белгіленген мерзімде анықталған жағдайда сатып алушы оның кемшiлiктерiне байланысты талаптар қою құқығы ескерілген.
АК-тің 466-бабының 2-тармағымен сатып алушымен қабылдаған тауар заң актiлерiнде, тауар жеткiзiлiмi шартында немесе iскерлiк айналым дағдыларында белгiленген мерзiмде қаралуға тиiс екені көзделген.
Сатып алушы (алушы) сол мерзiмде заң актiлерiнде, шартта немесе iскерлiк айналым дағдыларында белгiленген тәртiппен қабылданған тауардың саны мен сапасын тексеруге және тауардың байқалған сәйкессiздiктерi немесе кемшiлiктерi туралы тауар берушiге жазбаша түрде дереу хабарлауға мiндеттi.
Шарттың техникалық ерекшеліктеріне сәйкес табақтар жылуға төзімді шыныдан жасалған болуы тиіс. Жауапкермен керамикалық табақтар жеткізілген. Талап қоюшы шарт бойынша жауапкермен жеткізілген тауарды, оның сапасына, санына және ассортиментіне қатысты ешқандай ескертусіз 2025 жылғы 5 шілдедегі акт арқылы қабылдап алған.
Сонымен бірге, тауардың ГОСТ-ы 30407-2019 көрсетілуі тиіс, алайда жеткізілген тауардың сәйкестік декларациясында ГОСТ-ы көрсетілмеген; тәрелкенің биіктігі ең төменгі нүктеден төгілу нүктесі арқылы өтетін горизонталь жазықтыққа дейін 1,5 см, бірақ 2,5 см-ден аспауы тиіс, жеткізілген тәрелкенің биіктігі 3,5 см; әйнектің түсі біртұтас ақ болуы тиіс, алайда сұр-ақ түсті тәрелкелер жеткізілген.
Осы орайда бірінші сатыдағы сот жеткізу кезінде тауардың қыштан (керамика) жасалғаны көрсетілген паспорты (техникалық паспорт) және шыныдан жасалған ыдыстан қарағанда қыштан (керамика) жасалған ыдыс жоғары термиялық және беріктік ерекшеліктеріне ие болатыны, яғни жақсартылған сипаттамалары бар екені туралы «ССЖЗО[...]» ЖШС-нің маманының 2025 жылғы 4 шілдедегі №139 талдамалық анықтамасы тіркелгенін, сондықтан талап қоюшы тауарды қабылдап алғанын, жеткізілген тауардың жоғарыдағы сипаттамалары жасырын емес айқын сипаттамалар болғанын, тауардың бұл ерекшеліктері кемшіліктер болып табылмайтынын, талап қоюшы 2025 жылғы 5-11 шілде аралығында тауарды қабылдаудан бас тартуға немесе тауарды ауыстыруды талап етуге құқылы болғанын, алайда талап қоюшы тауарды қабылдау туралы электрондық актіге қол қою арқылы шарттың тиісті түрде орындалғанын растағанын анықтап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Осы орайда бірінші сатыдағы сот талап қоюшы АК-тің 466-бабы 2- тармағында көрсетілген мерзімдерде тауарға қатысты ешқандай кемшіліктер туралы мәлімдемегенін, сондықтан осындай талап қою құқығынан айырылғанын атап өткен.
Апелляциялық сатыдағы сот жауапкер техникалық сипаттамаға сәйкес келмейтін басқа тауарды жеткізгенін, заң бойынша шарттың талаптарын өзгерту үшін кез келген жағдайда тараптар арасында шарттың нысанасын өзгерту туралы келісім жасалуы тиіс болғанын, ондай келісім жасалмағанын негізге алып, сот шешімінің күшін жойып, талапты қанағаттандырған.
Оған қоса, апелляциялық сатыдағы сот бір материалдан жасалған тауарға шарт жасап, басқа материалдан жасалған тауарды беру арқылы жауапкер басқа әлеуетті жеткізушілерден артықшылыққа ие болғанын, сәйкесінше, бәсекелестік принциптері бұзылғанын көрсеткен.
Кассациялық сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарын дұрыс деп санайды, себебі қаралып отырған жағдайда жақсартылған сипаттамалары бар тауар жеткізілгендіктен талап қоюшы тауарды қабылдап алған, осыған орай тараптар мәміленің шарттары толық орындалғанын растаған. Бұл мән жайлар тараптардың әрекеттерімен және тауардың қабылданған фактісімен тікелей дәлелденген, сондай-ақ тауардың сәйкес еместігі жөніндегі хаттардың, жауапты сақтауға қабылдау актілерінің болмауымен жанама түрде расталған.
Шартта көрсетілген тауардан, құнын өзгертпей, неғұрлым үздік сапалық тауарды жеткізу артықшылыққа ие болу және бәсекелестікті бұзу ретінде бағалануы қате пікір, заңда ондай негіз ескерілмеген.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17бабының 9-тармағына сәйкес тапсырыс беруші мен өнім беруші көрсетілген шарт бойынша қабылданған міндеттемелерді толық орындаған жағдайда шарт орындалды деп есептеледі.
Заңның 18 - бабы 2 - тармағының 4) - тармақшасына сәйкес жасалған шартқа өнім берушіні таңдауға негіз болған сапаның және басқа да шарттардың өзгермеуі талабымен: егер өнім беруші өзімен жасалған шартты орындау процесінде тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бір бірлігі үшін бағаның өзгермеуі талабымен өзімен жасалған шарттың нысанасы болып табылатын тауарды берудің, жұмысты орындаудың, қызметті көрсетудің неғұрлым үздік сапалық және (немесе) техникалық сипаттамаларын не мерзімдерін және (немесе) талаптарын ұсынса енгізуге жол беріледі.
Аталған заң талаптарына сәйкес шарттың тауарды жақсартылған сипаттамаларымен жеткізу арқылы орындалуына жол беріледі.
Қаралып отырған жағдайда осындай мән-жай орын алған, жеткізілген тауардың жақсартылған сипаттамасы бар екені маманның анықтамасымен дәлелденген. Осы - мән жайларды теріске шығаратын, яғни тауардың сипаттамалары шартқа қарағанда нашар екені туралы дәлелдер (маманның, сараптаманың қорытындысы) талап қоюшымен сотқа тапсырылмаған.
Заң талаптарымен көзделгендей тәртіпте шартқа қосымша келісім жасау қажеттілігі ең алдымен талап қоюшының міндеттілігіне жатады, ал, жауапкерде қосымша келісім жасауға қажеттілігі болмаған, себебі оның жеткізген сипаттамасы жақсартылған тауары талап қоюшымен ескертусіз қабылданып алынған, сондықтан жауапкер келісімге қол жеткізілгеніне сенімді болған.
Мұндай жағдайда талап қоюшының тауарды қабылдап алғаннан кейін біржақты қызметтік тексеру жүргізіп, заң талаптарымен көзделген ақылға қонымды мерзімдер өтіп кеткеннен кейін жауапкерден тауарды кері алып кетуін талап етуі құқықты теріс пайдалану деп бағалауға бірінші саты сотының толық негізі болған.
АК-тің 8-бабының 4-7-бөліктеріне сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне тиесілі құқықтарды жүзеге асыру кезінде заңнама талаптарын, қоғамның моральдық қағидаттарын сақтай отырып, адал, парасатты және әділ әрекет етуге тиіс. Бұл міндет шартпен алып тасталуға немесе шектелуге жатпайды. Азаматтық құқық қатынастарының қатысушыларының адалдығы, парасаттылығы және әділдігі презумпция ретінде қабылданады. Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтіруге, құқықты теріс пайдаланудың өзге нысандарына, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы жүзеге асыруға бағытталған әрекеттеріне жол берілмейді. Ешкім өзінің адал емес мінезқұлқынан пайда алуға құқылы емес.
Әділдік қағидаттарына сәйкес заңды мүдделерді қорғау, меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтарды қорғау барлық азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып, пропорционалдық негізінде жүзеге асырылуға тиіс.
Осы баптың 3 - 6 тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда, сот тұлғаның өзіне тиесілі құқықты қорғаудан бас тартуы мүмкін.
Төменгі сатыдағы соттар істің мән-жайын толық анықтағандықтан, бірақ апелляциялық сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын қолдануда қате жібергендіктен, кассациялық сот істі жаңадан қарауға жібермей, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыру қажет деп санайды.
АПК-нің 109-бабының ережелеріне сәйкес талап қоюшыдан жауапкердің пайдасына 983 теңге мемлекеттік баж шығыны өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
0Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 4 ақпандағы қаулысының күші жойылып, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 14 қарашадағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Қазақстан Республикасының Бас әскери прокурорының кассациялық наразылығы және жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Жауапкер «Н[...]» жеке кәсіпкері Н[...] пайдасына талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «11567 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінен 983 (тоғыз жүз сексен үш) теңге баж шығыны өндірілсін.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.