ВС РК - Постановление от 11.05.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2395 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 11 мамыр 6001-22-00-6ап/2395 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,

жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Тұрғын үй инспекциясы) – М[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Н[...] жауапкер Тұрғын үй басқармасына әрекетсіздігін заңсыз деп тану және бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 маусымдағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Жауапкер Тұрғын үй басқармасының отбасы мүшесі құрамымен ауыстырмау бойынша әрекетсіздігі заңсыз деп танылған.

Тұрғын үй басқармасына Н[...] мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж тұлғалар қатарында 2019 жылғы 27 қарашадан бастап «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қалпына келтіру міндеттелген.

Сонымен қатар анықталған заң бұзушылықтар туралы Астана қаласының әкіміне жеке ұйғарым қабылданған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі және жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында шешім және қаулымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Жеке ұйғарымға кассациялық шағым келтірілмеген.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымға қарсы пікірінде жергілікті соттардың сот актілерін күшінде қалдырып, шағымды қанатағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы және оның өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2006 жылы 4 қазанда С[...] мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға мұқтаждар есебіне жасына байланысты зейнеткер санаты бойынша Астана қаласы әкімдігінің жанындағы тұрғын үй комиссиясы шешімі негізінде кезекке тұрған.

2016 жылдың 11 қарашасында тұрғын үй комиссиясы С[...] кезегін «Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар» санаты бойынша ауыстырған. «Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) 2018 жылғы 24 қыркүйектегі №02-41/186 бұйрығына сәйкес Н[...] С[...] отбасының құрамына қосылған.

2019 жылдың 27 тамызында С[...] «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы ана ретінде кезекке тұруына байланысты бұрынғы кезектен шығару туралы өтініш жазған.

Басқарманың 2019 жылдың 28 тамызындағы №02-41/323 бұйрығына сәйкес С[...] тұрғын үй комиссиясы шешімі негізінде кезектен шығарылған.

2021 жылы С[...] қайтыс болған. 2021 жылдың 8 желтоқсанында Тұрғын үй инспекциясы Н[...] С[...] отбасы құрамында жоқ екендігі жөнінде хабарлаған.

Осыған байланысты Н[...] жоғарыда аталған талаптармен сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды ескерген. Н[...] 2018 жылы 24 қыркүйекте Басқарманың бұйрығымен С[...] отбасының құрамына мүшесі ретінде қосылған.

2019 жылғы 27 тамызда С[...] бұрынғы кезегінен шығару өтінішінде Н[...] кезектен шығару туралы көрсетпеген. Басқарма да 2019 жылғы 28 тамыздағы №02-41/323 бұйрығында Н[...] С[...] отбасы мүшесі ретінде көрсетпеген.

Соның нәтижесінде Н[...] жаңа тізімге себепсіз енгізілмей қалған.

Соттардың басқа уәждері мен заң талаптарына сілтемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 23 маусымдағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.