ВС РК - Постановление от 16.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/959 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 16 қараша 6001-23-00-6ап/959 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өміралиев болып,

талап қоюшы Т[...], оның өкілі Т[...]

қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне әкім қаулысының күшін жою, іс-әрекеттерін заңсыз деп тану, пәтер санатын мүгедектік санатына ауыстыруға мәжбүрлеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 ақпандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 қыркүйектегі шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.

Шымкент қаласының әкімдігінің «Шымкент қаласы әкімдігінің кейбір қаулыларына өзгерістер енгізу туралы» 2017 жылғы 15 ақпандағы № 135 қаулысының «Шымкент қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 20 сәуірдегі № 730 «Пәтерлерді бекіту туралы» қаулы қосымшасының 4) тармағындағы «Т[...] № [...] үйдің № [...] пәтері» сөздері алынып тасталсын» деп көрсетілген 1-тармағы (бұдан әрі – даулы Қаулы) заңсыз деп танылып, күші жойылған.

«Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Т[...] арызы бойынша 2022 жылғы 3 маусымдағы хатымен жауап беру әрекеттері заңсыз деп танылған.

Талаптың басқа бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023

жылғы 23 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, Т[...] талаптарын қанағаттандыру жөніндегі бөлігінің күші жойылған.

Шымкент қаласының әкімдігінің даулы Қаулысының заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы қайтарылған.

«Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне

Т[...] арызы бойынша 2022 жылғы 3 маусымдағы хатымен жауап беру әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Шешімнің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында қаулымен келіспейтінін көрсетіп, бірінші сатылы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Жауапкер өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Басқа тараптар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшы Т[...] және оның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда Т[...] 2004 жылғы 3 желтоқсаннан бастап қаржы полициясы органдарында қызмет етуіне байланысты коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж мемлекеттік қызметші санаты бойынша кезекке тіркелген.

2008 жылы ол өз еркімен мемлекеттік қызметтен босатылған.

2016 жылғы 29 ақпандағы тұрғын үй комиссиясының хаттамасы негізінде Шымкент қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 20 сәуірдегі № 730 қаулысымен талап қоюшыға Шымкент қаласы, [...] бір бөлмелі № [...] пәтер берілген.

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының Т[...] пәтердің заңсыз берілгені туралы заң бұзушылықты қалпына келтіру ұсынысына сай даулы Қаулы қабылданған.

Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2017 жылғы 23 маусымдағы заңды күшіне енген шешімімен Т[...] даулы Қаулыны заңсыз деп тану туралы талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Т[...] даулы Қаулыны қайтадан даулап әкімшілік сотқа жүгінген. Бұл талапты бірінші сатылы сот негізінен қарап шешім қабылдаған.

Апелляциялық сатылы сот шешімнің бұл бөлігінің күшін жойып, оны қайтарғанда мына мән-жайларды басшылыққа алған.

ӘРПК-тің 138-бабының екінші бөлігінің 12) тармақшасына сай, сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі болса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Жоғарыда көрсетілгендей осы тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген ӘлФараби аудандық сотының 2017 жылғы 23 маусымдағы шешімі бар.

Сондықтан апелляциялық сатылы соттың талап қоюды қайтаруы, осының салдары ретінде қосымша талаптарды шешуі заңды болып табылады. Апеляциялық сатылы соттың қаулысында бұл мән-жайлар толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.