ВС РК - Постановление от 23.05.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3039 (Административное)

№ 6001-23-00-6ап/3039

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 23 мамыр

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья – Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,

талап қоюшының өкілі К[...], жауапкер өкілі Т[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот ғимаратында талап қоюшы «А[...]» шаруа қожалығының жауапкер Жаңақорған ауданы әкімінің 2020 жылғы 17 шілдедегі №212 қаулысын заңсыз деп тануды сұраған әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2023 жылғы 31 шілдедегі ұйғарымына және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «А[...]» шаруа қожалығы жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, оны Жер комиссиясы «ЖК[...]» ЖШС-не жер учаскесін беру жайлы оң қорытынды қабылдау кезінде Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабының талаптарын сақтамағанымен негіздеген.

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2023 жылғы 31 шілдедегі ұйғарымымен әкімшілік талап арыз беру мерзімін өткізіп алуына байланысты кері қайтарылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында осы іс бойынша қабылданған сот ұйғарымдары заңсыз қабылданғанын, себебі бір іс бойынша бір-біріне қарама-қайшы келетін сот актісін қабылдау ешбір заң актілерінде қарастырылмағанын көрсете келе, іс бойынша қабылданған ұйғарымдардың күшін жойып, талап арызды негізінен қарау үшін сотқа қайта жолдауды сұраған.

Талап қоюшының өкілі К[...] кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкер өкілі Т[...] пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, шағым уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысының бірінші бөлігінде, бірінші сатыдағы сот АПК-нің 21-бабының бірінші бөлігіне сәйкес азаматтық істер бойынша сот актілерін сот бұйрықтары, шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары нысанында қабылдайтыны және заңды күшiне енген сот актілері, Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындалуға тиiс екені қарастырылған. Іс құжаттарынан анықталғандай, дауланып отырған Жаңақорған ауданы әкімінің 2020 жылдың шілде айында қабылданған қаулысы.

Талап қоюшы 2023 жылдың 25 мамырында сотқа талап арызбен жүгініп, өткізіп алған мерізімін қалпына келтіру жөнінде өтініш келтірген.

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2023 жылғы 9 маусымдағы ұйғаруымен талап қоюшыға талап арызды сотқа беру мерзімін қалпына келтіріп, негіздемесінде аудан әкімінің даулы қаулысы талап қоюшыға 2021 жылы белгілі болғанын, даулы қаулының күшін жою үшін Жаңақорған аудандық прокуратурасына шағымданғанын, прокуратурамен тексеру ұйымдастырылып, нәтижесінде жер беру заңнамасының бұзылғаны анықтап, аудан әкіміне наразылық келтірілгенін, наразылықтың жауабын күткенін, алайда наразылық орындалмауына байланысты талап қоюшының 2023 жылдың қаңтар айында сотқа жүгінуін дәлелді себеппен өткізіп алғанын басшылыққа алған.

АПК-нің 126-бабы 7-бөлігіне сәйкес, процестік мерзімді ұзарту немесе қалпына келтіру туралы соттың ұйғарымы шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Дегенмен, жергілікті соттар істі негізінен қарап, яғни тараптардың түсінігін, мүдделі тұлғалардың пікірін, прокурордың талап арыз қанағаттандырылуға жатпайды деген қорытындысын тыңдап, ӘРПК-нің 136бабының бесінші бөлігінде көрсетілген бір жылдық мерзім тыйым салынатын мерзім болып табылады және қалпына келтіруге жатпайды деген тұжырым жасап, талап арызды қайтару туралы екінші ұйғарым қабылдаған.

Алайда, соттардың бұл тұжырымы қате болып табылады, себебі бір іс бойынша, яғни талап арызды сотқа беру мерзімін қалпына келтіру туралы заңды күшіне енген сот ұйғарымы бола тұра, қайталап талапкер талап арызды сотқа беру мерзімін өткізіп алған деген негізбен екінші ұйғарым қабылдауы ешбір заң нормаларына сай келмейді.

АПК-нің 449-бабын 1-бөлігінде істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша өтiнiшхаттың, ұсынудың, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексеретіндігі көзделген.

ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жарияқұқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Сондықтан сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, жергілікті соттардың сот актілері толығымен күштері жойылуға, ал әкімшілік іс мәні бойынша негізінен қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдануға жатады деген тұжырымға келді.

Істі негізінен қарау барысында сот талап қоюдың уәждерін ӘРПК-нің принциптерін ескере отырып жан-жақты зерттеп, оларға тиісті құқықтық баға беріп, заңды әрі негізді шешім қабылдау қажет.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2023 жылғы 31 шілдедегі ұйғарымы, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі ұйғарымының күші жойылып, әкімшілік іс негізінен қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын. Талап қоюшының өкілі К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Ғ.Ө. Әлжанов Г.К. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.