ВС РК - Постановление от 19.06.2024 по делу 6001-24-00-3Г/6317 (Гражданское)

6001-24-00-3Г/6317

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 9 желтоксан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ғ.Ж.Мырзаке,

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Комитет) жауапкер «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Университет) мәжбүрлеп тарату туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Алматы қалалық сотының 2024 жылғы 19 маусымдағы қаулысына жауапкердің келтірген өтінішхатын азаматтық істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Комитет жоғарыда көрсеткен талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімнің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Университет мәжбүрлеп таратылған. Сот шығыстары өндірілген.

Жауапкер өтінішхатта істі қарау барысында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актінің күшін жойып, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

А[...], мұндай заң бұзушылықтарға, арызданушының пікірінше, іс бойынша жол берілген.

Іс материалдарының мазмұнына қарағанда, Комитет құзыреті шегінде жоғары оқу орындарына тиісті тексеру, сондай-ақ ғылым және жоғары білім саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келмеген жағдайда лицензиядан айыру туралы функцияларды жүзеге асырады.

Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2020 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысымен Университет білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензиядан айырылып, бұл жөнінде Комитет білім беру қызметіне лицензиядан айыру туралы 2021 жылғы 29 наурыздағы №299 бұйрық қабылдаған.

Жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарының тізілімінен шығарылғаннан бастап Университет білім беру қызметінің лицензияланатын кіші түрін іске асыратын субъектілер тізбесінен алынған.

Сонымен қатар, жауапкердің қоғам түріндегі ұйымдық - құқықтық нысаны сақталған, заңды тұлғаны жою және есептен шығару жүргізілмеген.

Комитет, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 49-бабы 2-тармағы 5) тармақшасына және «Білім туралы» Қазақстан Республикасы заңының 40-бабы 2-1-тармағына сілтеме жасап, Университетті мәжбүрлеп тарату туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырып, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңына №1 қосымшаның «Білім беру саласындағы қызметті лицензиялау» 3-бөліміне сәйкес қосымша білім беру саласындағы қызметпен айналысу білім беру қызметіне лицензияның болуын талап етпейді деп көрсеткен.

Апелляциялық сот алқасы, соттың бұл тұжырымдарымен келіспей, талап қоюды қанағаттандырып, Университет лицензиядан айырылған сәттен бастап оның құқық қабiлеттiлiгi, яғни оның азаматтық құқық субъектілігі тоқтатылады және ол таратылуға жатады деп негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының мұндай тұжырымдарын өтінішхат иесі заңсыз деп есетпейді.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 13 қыркүйектегі № 43 бұйрығымен бекітілген Комитет туралы ереженің 14-тармағында «Құқықтары мен міндеттері» жауапкерді мәжбүрлеп тарату туралы талап қоюға өкілеттіктер көрсетілмеген.

Апелляциялық сот алқасының сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының болуына ауызша сілтеме жасап, онымен талап қоюшыға осындай құқық берілген деп айта кеткен. А[...] мұндай Қаулысы заңнамалық актілерге жатқызылмаған.

Талап қоюышы АК-нің 49-бабының талаптарын бұза отырып, талап қоюмен сотқа жүгінген.

Сонымен қатар талап қоюшы құқықтық негіз ретінде «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 40-бабының 2-1 тармағын келтірген.

А[...] бұл нормасы қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаларға – білім беру қызметімен айналысуға лицензия алмаған білім беру ұйымдарына қатысты қолданылады.

Университеттің бастапқы тіркеу күні – 1999 жылғы 15 ақпан.

Бастапқы тіркеуден кейін Университет уәкілетті мемлекеттік орган берген тиісті лицензиялардың негізінде тек қана білім беру қызметімен айналысқан.

Жауапкерде білім беру қызметімен айналысуға лицензиясының бары талапкердің өзінің талабымен де, және талапқа қоса тіркелген заңды күшіне енген Университеттің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы №KZ52LAA00006249 білім беру қызметімен айналысуға лицензиясынан айыру туралы сот актілерімен де расталады.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 7-бабының 17),18) тармақтарында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне медицина және фармацевтика ғылымының, медициналық және фармацевтикалық білім берудің дамуын қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми және білім беру қызметін үйлестіру; денсаулық сақтау саласындағы кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру функциялары жатқызылған.

Кодекстің 221-бабының 6-тармағына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы мамандардың қосымша білім мен дағдылар көлемін алуы қосымша және формальды емес білім беру арқылы жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау саласындағы мамандарға қосымша және формальды емес білім беру тәртібін, денсаулық сақтау саласындағы қосымша және формальды емес білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын, сондай-ақ қосымша және формальды емес білім беру арқылы денсаулық сақтау саласындағы мамандар алған оқудың нәтижелерін тану қағидаларын уәкілетті орган айқындайды.

«Білім беру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 42-бабының 3- тармағында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы білім беру қызметімен айналысуға лицензиясынан және (немесе) лицензияға қосымшасынан айырылған (кері қайтарып алынған), қолданысы тоқтатылған немесе ол таратылған жағдайларда, оның құрылтайшысы (құрылтайшылары) лицензиядан және (немесе) лицензияға қосымшадан айыру (кері қайтарып алу), қолданысын тоқтату туралы шешім қабылданған кезден бастап екі ай ішінде: 1) білім алушыларды оқуын жалғастыру үшін басқа жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына ауыстыруды және олардың жеке істерін беруді; 2) білім алуын аяқтамаған немесе қорытынды аттестаттаудан өтпеген адамдардың жеке істерін, сондай-ақ алдыңғы жылдары білім беру ұйымында оқуын аяқтаған адамдардың жеке істерін және білім туралы құжаттарының көшірмелерін тиісті мемлекеттік архивке беруді қамтамасыз етеді деп тікелей көрсетілген.

Заңның бұл нормасы лицензиядан айыру (қайтарып алу), лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның әрекетін тоқтату туралы шешім қабылданғаннан кейін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының қатысушысы (құрылтайшысы) үшін міндеттердің толық тізбесін қамтиды және лицензиядан айыру (қайтарып алу), оның әрекетін және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтату туралы шешім қабылданған сәттен бастап 6 (алты) айдың ішінде заңды тұлғаны тарату міндеті көздемейді.

Арыз берушінің жоғарыда аталған және өтінішхатта көрсеткен басқа уәждері кассациялық сот алқасының отырысында тексерілуге жатады.

судья

АПК-нің 444-бабының 1-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып,

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қалалық сотының 2024 жылғы 19 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысатын тұлғаларға жолдансын.

Судья Ғ.Ж.Мырзаке

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.