КСАД РК - Постановление от 02.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/831 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 2 қазан 6003-25-00-4к/831 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

жауапкердің өкілі М.Мундыбековтың, мүдделі тұлғалардың өкілдері А.А.Шукеновтың, Е.Қ.Құлахметтың қатысуларымен,

талап қоюшы Болат Сақтапбергенович Биржановтың жауапкер Қостанай облысы Амангелді ауданының әкіміне аудан аумағындағы табиғат сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген материалдық залалды бағалаудағы және өтеудегі комиссияның 2024 жылғы 19 тамыздағы №34 хаттамасының күшін жою және оны залалды өтеуге міндеттеу туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешіміне, Қостанай облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Б.С.Биржанов сотқа жауапкер Қостанай облысы Амангелді ауданының әкіміне жоғарыдағы талап қойып, сотқа жүгінген.

Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешімімен осы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Қостанай облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, ал талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі, өзінің кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық соттың отырысына, тиісті түрде шақырылған талап қоюшы келмеді, себебін хабарламады. Бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай, істі мәні бойынша оларсыз қарауға кедергі келтірмейді.

Кассациялық сот, жауапкердін, мүдделі тұлғалардың шағым уәждерімен келіспеген түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу мәселелері «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң), «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (залалды) өтеу қағидаларын» бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 1358 Қаулысымен (бұдан әрі – №1358 Қағидалар) және «Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1222 Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен (бұдан әрі - № 1222 Қағидалар) реттеледі.

Заңның 1-бабының 26) тармақшасына сәйкес, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зиян (залал) келтірілген жеке тұлға зардап шегуші болып табылады. № 1358 және 1222 Қағидалар табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан жеке тұлғаның денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянды (залалды) өтеу тәртібін айқындайды. Бұл ретте, тұрғын үйсіз қалған не тұрғын үйі төтенше жағдай салдарынан бүлінген азаматтар жергілікті атқарушы органға тиісті өтініштермен жүгінеді.

Зардап шеккендердің өтініштері, қоса берілген құжаттармен бірге ғимараттың және құрылыстың нақты жай-күйін және олардың элементтерін, сенімділігі мен орнықтылығын, ғимараттарды одан әрі пайдалану мүмкіндігін айқындау мақсатында ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық тексеру негізінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастыратын жергілікті атқарушы органдар құрған материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссияның отырысында қаралады. Тұрғын үйдің жай-күйі туралы қорытынды алғаннан кейін Комиссия бағалау туралы есеп негізінде зардап шегушіге оның орнына басқа тұрғын үй беру туралы немесе табиғи сипаттағы төтенше жағдай нәтижесінде тұрғын үйге келтірілген зиянның құнын өтеу туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте, № 1222 Қағидалардың 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес тұрғын үй (жеке тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй) деп ол тұрақты тұруға арналған және пайдаланылатын, қираған немесе меншік иелерінің тұруы үшін жарамсыз болып қалған жеке тұрғын үй болып табылады.

Осылайша, заңнаманың талаптарын талдауға сүйене отырып, олардың жиынтығында тұрғын үйсіз қалған адамға басқа тұрғын үй беру не тұрғын үйге ішінара зақым келген жағдайда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу ТЖ туындаған кезде, отбасы мүшелерімен бірлесіп өзіне тиесілі үйде тұрақты тұратын зардап шеккен адамға ғана, тұрғын үйге келтірілген залал ТЖ туындауы нәтижесінде келтірілді деген сенімді дәлелдер болған кезде жүргізіледі.

Іс бойынша анықталғаны, Амангелді ауданының Қарасу ауылында 2024 жылғы 28 наурызда су тасқыны салдарынан табиғи сипаттағы төтенше жағдай (бұдан әрі – ТЖ) жарияланған.

ТЖ туындаған кезде де және қазіргі уақытқа дейін де талап қоюшы Қарасу ауылы, Т.Елтебаев көшесі, 32/1 мекенжайында орналасқан үйдің меншік иесі болып табылады.

Алайда, ол 2009 жылдан бастап ТЖ туындаған кезге дейін аталған үйде тұрмаған, Астана қаласында отбасымен бірге тұрған.

«TENDER CONSULTING COMPANI» ЖШС–і өткізген жылжымайтын мүліктің техникалық жай-күйі туралы қорытындысына сәйкес, визуалды тексеру кезінде Б.С.Биржановқа тиесілі зерттелетін жылжымайтын мүлік құрылымның апаттылығы себебінен тұруға жарамсыз екені, тексеру кезінде үй тікелей мақсаты бойынша пайдаланылмайтындығы (тастанды), фотосуреттермен расталған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 189-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес, меншік иесі өзіне тиесілі мүлікті ұстау ауыртпалығын көтереді және мұндай ауыртпалықты біржақты тәртіппен үшінші тұлғаға ауыстыра алмайды.

Осылайша, ұзақ уақыт бойы тұрғын үйді күтіп ұстау ауыртпалығын көтермей, талап қлюшы өзінің әрекетсіздігімен оның жойылуына және апатқа ұшырауына ықпал еткен.

Залалды өтеу құнын айқындау кезінде тұрғын үй алған зақым өзге себептермен, оның ішінде үйге тиісті күтімнің болмауы себебінен емес, дәл су тасқыны салдарынан келтірілгенін нақты анықтау қажет болатын. Бірақ ол жасалмаған.

Сондықтан техникалық қорытындыда және қоса берілген фотосуреттерде тіркелген тұрғын үйге келтірілген залал дәл су тасқыны нәтижесінде келтірілген деп болжауға Комиссия мен төменгі соттар негіздер таба алмаған. Бұл ретте, төменгі соттар коммуналдық төлемдер бойынша берешекті өтеу туралы құжаттарды назарға алмағаны дұрыс, өйткені олар комиссияға өтініш бергеннен кейін жүргізілген.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның жауапкердің тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Қостанай облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 27 қарашадағы шешімі, Қостанай облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысы осы іс бойынша өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев

Судьялар

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.