ҚАУЛЫ
2024 жылғы 6 ақпан 6001-23-00-6ап/2072 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар -Е.Д.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов,
талап қоюшы Д[...],
жауапкерлердің өкілдері С[...] мен Ж[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] Қазақстан Республикасы Жоғары Сот К[...], «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті» мемлекеттік мекемесіне Жоғарғы Сот К[...] қауіпсіздік комитетіне судья лауазымына үміткерлерден психологиялық тестілеуді алуды тапсыру туралы әрекетін, 2022 жылғы 6 маусымдағы алынған психологиялық тестілеуді, 2023 жылғы 27 ақпандағы екінші рет алынған психологиялық тестілеуді заңсыз деп тану, Жоғарғы Сот К[...] судья лауазымына өту үшін психологиялық тестілеудің қорытындысыз келесі кезеңге жіберуді міндеттеу, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жазбаша арызына жауап бермеу әрекеттерін заңсыз және Жоғарғы Сот К[...] псиохологиялық тестілеуді тапсыру тәртібін жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 мамырдағы ұйғарымына, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшы Д[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 мамырдағы ұйғарымымен талап қою арызы қараусыз қайтарылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы ұйғарымымен біріншілі сатылы соттың ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған. Талап қоюшы кассациялық шағымда оның әкімшілік талабын соттар негізсіз қайтарғанын және сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, әкімшілік істі қайта қарауға жолдауды сұраған.
Алқа отырысында талап қоюшының қассациялық шағымда қолдап берген уәждерін, жауапкер өкілдерінің қассациялық шағымға қарсылықтарын тындай келе, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, сот алқасы келесідей тұжырымдарға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларынан, талап қоюшы судьялыққа үміткер ретінде 2022 жылғы 6 маусымдағы психологиялық тестілеудің және 2023 жылғы 27 ақпандағы қайталап өткізілген психологиялық тестілеудің қорытындылары бойынша тестілеуден өтпегені анықталады.
Д[...] өз талабында судья лауазымына біліктілік емтихандарын тапсыру кезінде өткізілген психологиялық тестілеудің қорытындыларымен келіспейтінін көрсетіп, психологиялық тестілеуді өткізуді ҰҚК-не алуды тапсыру және оның арызына негізсіз жауап бермеу әрекеттерін даулап сотқа жүгінген. Қазақстан Республикасының Жоғары Сот К[...] туралы Заңының 3- бабының 19) тармақшасына (бұдан әрі - Заң) сәйкес Кеңес судьялыққа кандидаттардың психологиялық тесттен өту тәртібін айқындайды.
Заңның 13-бабының 1-тармағы бойынша комиссияда құжаттарды қабылдау, біліктілік емтихандарын тапсыру, олардың нәтижелеріне шағым жасау тәртібі Кеңестің регламентінде айқындалады.
Біліктілік комиссиясының жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот К[...] 2016 жылғы 17 ақпандағы №1-2/1 шешімімен бекітілген регламентпен реттеледі. Регламенттің 27-1-тармағына сәйкес псиохологиялық тестілеу біліктілік емтиханын тапсыру рәсіміне кіреді.
Жергілікті соттар тараптардың арасында жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даудың жоқ екендігін анықтап, жауапкерлер тарапынан ауыртпалық салатын әкімшілік акт - талап қоюшының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай- ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт немесе құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім қабылданбаған деген қорытындыға келген.
ӘРПК-нің 3-бабының 4-бөлігінің 2-тармақшасында осы Кодексте белгіленген әкімшілік рәсімдердің тәртібі Қазақстан Республикасының Жоғары Сот К[...] туралы заңнамасында реттелетін қатынастарға қолданылмайды. Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, соттардың психологиялық тестілеу біліктілік емтиханының бір кезеңі болып, Д[...] талаптары біліктілік емтиханының тапсырудың нақты кезеңімен келіспеуінен туындағандықтан және ӘРПК ережелерімен реттелмегендіктен, әкімшілік талап әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібінде қаралуға жатпайтыны туралы тұжырымы дұрыс және талап қою негізді қайтарылған.
Соттардың осы және басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 мамырдағы ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Д[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С.Ү. Баймаханов
Судьялар Е.Д. Өмірәлиев
Ғ.Ө. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.