Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/3837 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/3837

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 2 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова,

судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,

талап қоюшы Р.У.Жумабаевтың (бейне-байланыс құрылғысы арқылы), жауапкер К.К.Тлешованың, өкілі Г.Т.Анарбекованың қатысуларымен, ашық сот отырысында, Алматы облысы Қарасай аудандық сотының 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімі мен Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына жауапкер К.К.Тлешованың кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Рахат Уданулы Жумабаевтың жауапкерлер Бауыржан Канатович Жумабаевқа, Кадиша Куракбаевна Тлешоваға материалдық шығым мен моральдық зиянды өндіру туралы электрондық азаматтық ісін қарап, АНЫҚТАҒАНЫ:

Р.У.Жумабаев сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда өзіне қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрiлген материалдық залалдың 27 498 932 теңгесін сотталған Б.К.Жумабаевтан, 27 498 932 теңгесін қайтыс болған қылмысқа кінәлілігі анықталған Б.Тлешовтың мұрагері К.К.Тлешовадан өндіруді және жауапкерлердің әр-қайсысынан 50 000 000 теңгеден моральдық зиянның өтемақысын өтеуді сұраған.

Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 18 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Б.К.Жумабаевтан 27 498 932 теңге материалдық залал мен 500 000 теңге моральдық зиян өтемақысы, К.К.Тлешовадан 10 654 136 теңге материалдық залал өндірілген, талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сот шығындары бөлінген, бірақ талап қоюшыға іс бойынша төленген 3 932 теңге мемлекеттік баж алымы қайтарылмаған.

Апелляциялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген, Б.К.Жумабаевтан өндірілген материалдық залал мөлшері 26 688 932 теңгеге азайтылып, К.К.Тлешовадан өндірілген материалдық залал мөлшері 26 688 932 теңгеге көбейтілген. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылып, сот шығындары сәйкесінше бөлінген.

Жауапкер К.К.Тлешова кассациялық шағымында, соттармен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына, келтірілген залал мөлшері дұрыс есептелмеуіне байланысты, сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігінің талабы бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға

әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілген.

АПК-тің 427-бабының 4-бөлігінің 5) тармағына сәйкес егер, судья шешімге қол қоймаған немесе істі қарап, шешкен судьядан басқа судья қол қойған жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші кез келген жағдайда жойылуға жатады.

Іс құжаттарына қарағанда, іс Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасында судьялар Г.Б.Баубекова, С.С.Кененбаев және А.С.Смаиловтың қатысуымен қаралған.

Алайда, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысына істі қарап, шешуге қатыспаған судья Г.Б.Баубекованың орнына судья Н.С.Ханның электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған. Азаматтық іс электрондық құжат нысанында.

Бұл тұрғыда, сот алқасымен істі қарауда процестік құқық нормасының елеулі түрде бұзылуына жол берілгендіктен сот қаулысының күші жойылып, іс апелляциялық сатыдағы сотқа өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілуге жатады.

Сонымен бірге, «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 11-тармағының талабы бойынша, шешiм iстiң мәнжайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес. Сот шешімді әрбір тараптың дәлелдемелерді зерттеуге тең негіздерде қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді.

Сот шешімі пайдасына шығарылған тараптың дәлелдері мен дәлелдемелерін шешімде біржақты жазуға жол берілмейді. Сот екінші тараптың дәлелдерін қандай негіздермен қабылдамағанын және осы тарап сілтеме жасаған материалдық құқық нормаларын қолданбағанын көрсетуге міндетті.

АПК-тің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс. Осы Кодекстің 412-бабы бойынша, апелляциялық сатыдағы сот істе бар және осы Кодекстің 413-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

Іс құжаттарына қарағанда, соттың 2024 жылғы 29 сәуірдегі үкімімен жауапкер Б.К.Жумабаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі-ҚК) 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық

бұзушылықты жасауда кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыру жазасына сотты болған.

Осы сот үкімімен жауапкер К.К.Тлешованың қайтыс болған жұбайы Б.К.Тлешов ҚК-тің 28-бабы 5-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағымен кінәлі деп танылған.

Сот үкімімен жауапкер Б.К.Жумабаев өзіне талап қоюшы Р.У.Жумабаевпен сеніп тапсырылған барлығы 63 000 000 теңгеге бағаланған 180 бас жылқы малын жымқырғаны, Б.К.Тлешовтың оған жымқыруға көмектескені үшін сотты болған.

Сот үкімімен жымқырылған жылқы малдарының жас шамалары анықталмаған, талап қоюда жымқырылған малдың 148 басы үш жасар, 32 басы бір жарым жасар болғаны көрсетілген.

Р.У.Жумабаев талап қоюында 180 бас жылқы малының құнын 54 997 864 теңгеге бағалап, аталған материалдық шығынын жауапкерлерден тең үлесте өндіруді сұраған.

Талап қою бағасы 2023 жылғы 3 наурыздағы Алматы облысы бойынша статистика бюросының 2019 жылдың қыркүйек - қазан айларындағы үш (342 418 теңге) және бір жарым жасар (135 000 теңге) жылқы малының орташа бағасы жайлы ақпараттық хатына негізделген.

Бірінші сатыдағы сотымен шешім қабылдауда жауапкер тарапымен ұсынылған «Доверие» Тәуелсіз бағалау компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2025 жылғы 17 наурыздағы аналитикалық анықтамасы негізге алынған.

Анықтамада, аталған мерзімде үш жастағы жылқы малының құны 200 000 теңге, бір жарым жасар жылқы малының құны 80 373 теңгеге бағаланып, орташа есеппен жиынында әр малдың құны 280 372 теңгеге бағаланған.

Осы негізде, жауапкерлердің ортақтасып жауап беруге тиісті еместігі жөнінде тұжырым жасалып, Б.Жумабаевтың 168 бас жылқы малын жымқырғаны үшін - 47 102 496 теңге (168х280 372), қайтыс болған Б.Тлешовтың 38 бас жылқы малын жымқыруға көмектескені үшін - 10 654 136 теңге (38х280 372) шығын мөлшері есептелген.

Апелляциялық сатыдағы соты, соттың бұл тұжырымдарымен келіспей, талап қоюшымен ұсынылған статистика бюросының мәліметтері негізге алынып, талап қоюшыға тергеу барысында бір жарым жасар 12 бас жылқы малының қайтарлығанын ескеріліп, қылмыстық жолмен келтірілген залалдың жауапкерлерден ортақтасқан түрде өндірілуге тиісті жайлы тұжырым жасалған.

Алайда, бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сотпен бұл тұжырымдары негізделмеген, қолданылған материалдық нормаларға сілтеме жасалмаған (ортақтасқан, үлестіп тәртіпте).

Одан бөлек, бірінші сатыдағы сотпен қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізу барысында 15 бас жылқының талап қоюшыға қайтарылғаны жөнінде тұжырым жасалса, апелляциялық сатыдағы сотпен 12 бас жылқының қайтарылғаны анықталған. Яғни, заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрiлген материалдық залалдың мөлшері 63 000 000 теңгеге, талап қоюшымен 54 997 864 теңгеге, бірінші сатыдағы сотымен 57 756 632 (-15 бас) теңгеге, апелляциялық сатыдағы сотпен 53 377 864 (-12 бас) теңгеге бағаланған.

Бұл тұрғыда, соттармен іс үшiн маңызы бар мән-жайлар анықталмаған (статистикалық есеп бойынша малдарды есепке алу дәптері зерттелмеген, жымқырылған малдардың нақты жас шамалары, олардың саны, қайтарылғаны, нақты құны, т.б.), тұжырымдары жарамды және анық, дауды шешу үшiн жеткiлiктi дәлелдемелер жиынтығымен расталмаған, уәжделмеген, болжамдарға негізделген.

«Азаматтық талапты қылмыстық процесте қарау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысының 13,15,23 - тармақтарына сәйкес дәлелдеу кезінде: азаматтық талаптың негіздері; қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянның түрі, сипаты, мөлшері мен көлемі; келтірілген зиян үшін кімнің жауапкершілік көтеретіні анықталуға тиіс.

Мүлікті ұрлау, бүлдіру немесе жою салдарынан келтірілген зиян жәбірленушіге шешім қабылданатын күні қалыптасқан бағалар ескеріле отырып өтеледі.

Сотталушы (азаматтық жауапкер, оның өкілдері) талапты мойындауға құқылы, бұл сотты істі мұқият және әділ талқылап, азаматтық талап бойынша заңды шешім қабылдаудан босатпайды.

Сондықтан істі жаңадан қарауда, іс бойынша заңды және негiздi шешім қабылдау мақсатында, аталған кемшіліктердің барлығы мүмкіндігінше жойылып, АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес әрбір дәлелдеменің қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Осы мақсатта қылмыстық іс құжаттары мұқият зерттеліп, залалдың жауапкерлердің қандай әрекетімен немесе әрекетсіздігімен келтірілгені, мұның қандай дәлелдемелермен расталатыны, залал сомасының қаншалықты екені, оның неден құралатыны, кімнің заңға сәйкес материалдық жауапкершілік көтеретіні және залалдың кімнің пайдасына өндірілетіні тиянақты анықталуы қажет.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 3)-тармағын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысының күші толығымен жойылсын, іс апелляциялық сатыдағы сотқа өзге құрамында жаңадан қарауға жіберілсін. Кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Есдаулетов

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.