ВС РК - Постановление от 29.06.2017 по делу 6001-17-00-6АП/31 (Об административном правонарушении)

6ап-31-17 көшірме

2017 жылғы 29 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева,

судьялар Н.Жолдасбеков, Б.Шермұхаметов,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған И[...] қатысуымен,

кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Алматы облысы Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2017 жылғы 27 қаңтардағы және Алматы облыстық сотының 2017 жылдың 9 наурыздағы қаулыларына келтірген наразылықпен түскен

И[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 463-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Алматы облысы Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2017 жылғы 27 қаңтардағы қаулысымен И[...] ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша он бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде 31 815 (отыз бір мың сегіз жүз он бес теңге) теңге әкімшілік айыппұл жазасы тағайындалған.

Алматы облыстық сотының 2017 жылғы 9 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз, И[...] шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бас Прокурордың орынбасары наразылығында соттың қаулыларымен келіспей, олардың күшін жойып, И[...] әрекетінде ӘҚБтК-тің 463-бабының 1-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша өндірісті қысқартуды сұраған.

Наразылықты қуаттаған прокурор Ч[...], онымен толық келіскен әкімшілік жауаптылыққа тартылған И[...] тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен ішінара қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының білім және ғылым Министрінің 2015 жылғы 17 маусымдағы №391 санды бұйрығымен діни білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптар және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесі бекітілген.

Қаралып отырған жағдайда, құрылтайшы құжаттарға сай, «Қаскелең» қайырымдылық ұйымы (бұдан әрі – Ұйым) мектеп оқушыларын, орта білім беру ұйымдарының студенттерін, жоғарғы оқу орындарының абитуриенттерін тәрбиелеу бағытында патриотизмге, ұлттық салт-дәстүрлер мен ислам негіздерін құрметтеуге және тағы басқа бағытталған қызметпен айналысады.

2016 жылы 11 қаңтардағы құрылтайшылық келісімге сай құрамына кіретін Ұйым 2014 жылы 14 наурызда «Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқарамасы» (бұдан әрі-ҚМДБ) және «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер Ассоциациясының (бұдан әрі – Ассоциация) ынтымақтастық туралы меморандум негізінде, тәрбиеленушілер ҚМДБ-мен бекітілген бағдарламалар бойынша қысқа мерзімді діни салауаттылық курстарын оқиды.

Курстар дін қызметшілерін даярлауды көздемейді, курста оқуды аяқтағаны туралы құжаттар берілмейді. Т[...] исламның негіздеріне, құранды оқуға діни дәстүрлер мен діни атрибутикаларды пайдалануға оқытады.

Ескеретін жағдай, асссоциацияның құрамына кіретін басқа мекемелер білім саласындағы уәкілетті органдарға лицензия беру мәселесі бойынша бірнеше рет арызданған. Бірақ, бұл қызмет түрі лицензияландыруға жатпайтыны туралы жауаптар алған. Атап айтқанда, «Отырар» қоғамдық қайырымдылық қорының сұранысына Астана қаласының білім саласындағы бақылау Департаментімен 2017 жылғы 16 қаңтарда білім берудің аталған түрі лицензияландыруға жатпайтыны туралы жауап берілген.

Осы тектес тұжырым Оңтүстік Қазақстан облысының білім саласындағы бақылау Департаментімен 2016 жылғы «Кентау» және «Ықылас» мекемелерін тексеру қорытындысымен жасалған. Департаменттің қорытындысына сай, аталған ұйымдар Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңның қолданылуына жатпайтын қосымша білім беру бағдарламасын жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының (бұдан әрі – білім туралы Заң) 14 және 23 бапатарына сәйкес, бұндай ұйымдар қосымша білім беретін мекемелер қатарына жатқызылған, олардың қызметі білім алушылардың, тәрбиеленушілер мен мамандардың жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған және тұлғаның өзін-өзі анықтауды, адамгершілік мен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке адам даралығын дамыту, жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, оларды іске асыру, бос уақытты маңызды өткізу, қоғамдағы өмірге бейімделу үшін білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дамуы мен әлеуметтік мүмкіндіктерінің ерекшеліктерін ескеріп, жағдай жасауды көздейді.

Білім және ғылым Министрінің 2013 жылғы 14 маусымдағы №228 санды бұйрығымен бекітілген балаларға қосымша білім беру ұйымдарының Үлгілік ережелеріне сәйкес, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негіздерінде тұлғаның кәсіби шындалуы мен қалыптасуын, жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту және кәсіптік шыңдау қосымша білім беру ұйымдарының міндеттері болып табылады.

Білім туралы Заңының 40-бабының 2-тармағына сай, қосымша білім беру бағдарламасын жүзеге асыру қызметі лицензияландырмайды. Қосымша білім беру саласындағы қызметпен айналысу құқығы тек мемлекеттік тіркеуден өткен мезеттен бастап пайда болады.

Мұндай жағдайда, діни салауаттылық курстарын жүргізу үшін лицензия алу қажеттілігі туралы, яғни «Қаскелен» қайырымдылық ұйымы бұл үшін арнайы рұқсат алуы тиіс деген жергілікті соттардың тұжырымы заңмен негізделмеген. Сол себептен И[...] ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тарту жөніндегі Алматы облысы Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2017 жылғы 27 қаңтардағы қаулысы, оны күшінде қалдырған Алматы облыстық сотының 2017 жылғы 9 наурыздағы қаулысы мерзімінен бұрын қабылданған болып табылады.

Осыған орай, сот актілерінің күші жойылуға және әкімшілік іс Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына өзге құрамда қайта қарауға, ал Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандыруға жатады.

Қайта қарау барысында бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған барлық мән-жайларға тиісті құқықтық баға бере отырып, заңды шешім қабылдау қажет.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

И[...] қатысты Алматы облысы Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2017 жылғы 27 қаңтардағы және Алматы облыстық сотының 2017 жылғы 9 наурыздағы қаулыларын бұзып, әкімшілік іс Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына өзге құрамда қайта қарау үшін жіберілсін.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

Н. Жолдасбеков

Судьялар

Б. Шермұхаметов

Көшірмесі дұрыс.

Судья Н. Жолдасбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.