Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 18.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/4845 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 18 наурыз 6003-25-00-2к/4845 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья А.А.Даненова,

судьялар: М.Н.Ибрагимова, А.Б.Тоқсанбаев,

талап қоюшының өкілдері: Г.К.Оразова, А.М.Батырбеков, жауапкер Н.Х.Смагулов, Қазақстан Республикасының әділет министрлігінің өкілі А.Т.Есенжанова, Астана қаласының әділет департаментінің өкілі К.К.Бекбауованың бейнеконференц байланыс арқылы қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы «Самғай біл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер Нурлан Хасанович Смагуловқа соманы өндіру туралы талап қоюы бойынша электронды азаматтық істі Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымына және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 қазандағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюымен жүгінген.

Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымымен талап қою қысқартылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 қазандағы ұйғарымымен сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы сот ұйғарымдарымен келіспей, соттар тарапынан материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын және сот қорытындыларының істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне байланысты, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшының, үшінші тұлғалардың өкілдерінің кассациялық шағымда көрсетілген уәждерін қолдаған, жауапкердің қарсылығын тыңдап, істің құжаттары мен шағымның дәлелдерін тексеріп, сот келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

2016-2021 жылдар кезеңінде «Самғай біл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ЖШС) және адвокат Н.Х. Смагулов арасында заң көмегін көрсету бойынша шарттық қатынастар жөнінде келісімдер бекітілген.

2023 жылдың 21 маусымында ЖШС-нің директоры Г.К.Оразова 2021 жылы жауапкермен шарт жасаспай, 2 102 000 теңге көлемінде төлем жүргізгенін, алайда жауапкер заң көмегін көрсетуді тоқтатуы себебінен, Астана қаласы әділет департаментінің атына адвокат Н.Х. Смагуловтың ісәрекетіне шағымданғанын атап көрсеткен.

2024 жылдың 24 тамызында Астана қаласының әділет департаменті Астана қаласы адвокаттар алқасының тәртіптік комиссиясына адвокат Н.Х.Смагуловтың клиентке заң көмегін көрсетудің мүмкін еместігі туралы хабарламау, сондай-ақ заң көмегін көрсетуге шарт жасасу міндеті мен тиісті қаржылық құжаттар беру бөлігінде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын бұзғаны туралы ұсыныс енгізген.

Астана қаласы адвокаттар алқасының тәртіптік комиссиясының 2024 жылғы 17 қазандағы №12 шешімімен адвокаттың іс-әрекеттерінде Қазақстан Республикасы заңнамасының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзушылық болмағандықтан адвокат Н.Х. Смагуловқа қатысты тәртіптік іс жүргізу тоқтатылған.

2024 жылдың 5 қарашасында Астана қаласының әділет департаменті жоғарыда аталған шешімге шағымданып, Республикалық адвокаттар алқасына жүгінген.

Республикалық адвокаттар алқасының тәртіптік комиссиясының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №94 шешімімен жоғарыда көрсетілген шешім өзгеріссіз, Астана қаласы әділет департаментінің шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған. Осы шешімде тәртіптік комиссия өндірісті тоқтату үшін негіздерді, тәртіптік жауапкершілік шараларын қолдану мерзімдерінің өтуіне байланысты деп толықтырған. Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімімен «Самғай біл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер Н.Х. Смагуловқа тәртіптік комиссиялардың шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Осы даумен қатар талап қоюшы жауапкерден шарт жасаспай заңсыз алған даулы 2 102 000 теңгені өндіру туралы талап қойған.

Бірінші сатыдағы сот талаптың бұл бөлігін қысқарта отыра, іс құжаттарындарындағы дәлелдемелерді басшылыққа алған.

АПК-нің 277-бабының 2) тармақшасына сәйкес сот, егер сол тараптардың арасындағы дау бойынша сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі немесе талап қоюшының талап қоюдан бас тартуына немесе тараптардың татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді орнықтыруына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы сот ұйғарымы болса, iс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 19 шілдедегі шешімімен «Самғай біл» жауапкершілігі шектеулі

серіктестігінің жауапкерге 2016 жылғы 8 қаңтардағы №1 заң қызметтерін көрсету туралы шартты, 2016 жылғы 1 тамыздағы №19 заң көмегін көрсету туралы шартты, 2016 жылғы 1 тамыздағы №19 шартқа 2017 жылғы 23 мамырдағы №1 қосымша келісімді, 2019 жылғы 5 маусымдағы №14/ГС/УС заң көмегін көрсету туралы шартты жарамсыз деп тану және даулы соманы өндіріп алу туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 8 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Яғни тараптар арасындағы даулы соманы өндіріп алу туралы талап қоюы бұрын сотпен қаралған, талап қою бойынша шешім шығарылған.

Осы ретте талап қоюшы жауапкерден даулы сома 2 102 000 теңгені өндіру туралы талап қоюымен, бұрын бұл дау бойынша шешім шығарылғанын біле тұра, екінші рет сотқа жүгінген.

Осылайша, сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша соттың заңды күшіне енген шешім болғандықтан, бұл мән-жай талап қоюдың қайта қаралуына кедергі келтіреді. Талап қоюшының 2 102 000 теңге қаражат сомасы жоғарыда аталған азаматтық істі қарау нысанасы болмағаны туралы уәждері негізсіз болып табылады. Қаралған іс бойынша 2 102 000 теңге талап қоюдың негізіне енгізілген және сот талқылауының нысанасы болғандықтан, өндіріс қысқартылған.

Бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымымен апелляциялық сот алқасы негізді келіскен.

Кассациялық сот жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келіседі. Сот тұжырымдары процестік заң нормасын дұрыс қолданумен негізделген, іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес келеді. Талап қоюшының кассациялық шағымдағы уәждері сот ұйғарымдарының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан талап қоюшының шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының осы іс бойынша 2025 жылғы 28 шілдедегі ұйғарымы және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 22 қазандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья

А.Даненова

М.Ибрагимова

Судьялар

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.