№6001-23-00-6ап/1168
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 1 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкер «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) басшысының орынбасары Ж[...] ісәрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 наурыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда жауапкер өзінің жер комиссиясы отырысына қатысу құқығын бұзып, өкілеттігін асыра пайдаланып, жер комиссиясының қорытындысына қол қойып отырғанын көрсеткен.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылудан бас тартылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Іс материалдарын анықталғандай, талап қоюшы М[...] 2022 жылғы 12 тамызында Шымкент қаласының әкімінің атына өтініш беріп, онда Шымкент қаласы, Достық шағын ауданы, №3193 тұрғын үйі орналасқан алаңы 0,08 га жер учаскесін меншік құқығымен пайдалануға рұқсат беруді, яғни құқық табыстауды сұраған.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының жер комиссиясының (бұдан әріжер комиссиясы) отырысына қатысуына рұқсат беруді сұраған.
2022 жылғы 24 тамыздағы хатпен Басқарма жер пайдаланушы немесе оның сенімді өкілі жер комиссиясы отырысына қатысу мәселесі Жер комиссиясы туралы үлгілік ережемен қарастырылмағаны туралы жауап берген.
Жер комиссиясының 2022 жылғы 25 тамыздағы №32/24 санды қорытындысымен құқық растайтын құжаттар ұсынылмауына байланысты тұрғын үй орналасқан жер учаскесіне құқық беруден бас тартылған.
Жер комиссиясының осы теріс қорытындысы негізінде 2022 жылғы 5 қыркүйекте Шымкент қаласы әкімдігінің жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы №1738 санды қаулысы қабылданған.
Талап қоюшы Басқарманың аталған әрекеттерін заңсыз деп көрсетіп, сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, жауапкер лауазымды тұлға ретінде әкімшілік қалауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асырған және әкімшілік қалауды жүзеге асыру барысында жасаған әрекеті осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келеді деген дұрыс тұжырымға келген. Сонымен қатар, жауапкердің талап қоюшыға жер комиссиясы отырысына қатысу мәселесі «Жер комиссиясы туралы үлгілік ережеде» қарастырылмағаны туралы жауап талап қоюшының жер учаскесіне құқық алуына байланысты қандай да бір құқығын шектемеген, себебі жер комиссиясының шешіміне әсер етпеген. Осыған қоса, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабының талаптарына сай, жер комиссиясының отырысы аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен міндетті түрде тіркеледі. Жер комиссиясының отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен тіркеуді облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады. Жер комиссиясы отырысының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау тәртібін, сондай-ақ аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу тәртібін орталық уәкілетті орган айқындайды.
Сондықтан, жауапкердің іс-әрекеті заңды болып табылады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 25 қарашадағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.