КСАД РК - Постановление от 22.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1518 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 22 қазан №6003-25-00-4к/1518 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д. Абдуғалиев,

судьялар Ә. Назарова, Д. Нұрлыбаева болып,

А. Дарибаевтың, Қ. Жапбасбаевтың, Ж. Айбосыновтың, мүдделі тұлғаның өкілі Қ. Нурмановтың қатысумен ашық сот отырысында

талап қоюшы «КЕМЕЛ» ауыл шаруашылығы кооперативі» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі- Өндірістік кооператив) жауапкер «Жалағаш ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Бөлім) қойған

№6 лот бойынша құжаттарды аудандық жер комиссиясының қайта қарауына ұсынуды, қосымша 5 балл беріп, жиынтық балды 35 балл деп белгілеуге әрекет жасауды міндеттеу талабы бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қазандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қаңтардағы қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Өндірістік кооператив жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қазандағы шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі істің мән-жайлары дұрыс анықталмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талабын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждері мен тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Бұл іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу тәртібі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 43-1-бабының ережелерімен, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларымен (бұдан әрі -Қағида) реттеледі.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 27 тамыздағы № 359 бұйрығымен бекітілген Жер комиссиясы туралы үлгі ережеге (бұдан әрі-Ереже) сәйкес комиссия отырысы, егер оған оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Бұл ретте қатысатын қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны қатысып отырған жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының кемінде елу пайызын құрауы тиіс. Жер комиссиясының мүшелері оның отырыстарына ауысу құқығынсыз қатысады.

Жер комиссиясының отырысы Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына сәйкес аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен міндетті түрде тіркеледі. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыс беру нәтижелері отырысқа қатысушы жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен айқындалады және егер жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе шешім қабылданды деп саналады.

Істің сотта анықталған мән-жайларына қарағанда, Бөліммен шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру мақсатында конкурс ұйымдастырылған.

Конкурсқа Жалағаш ауданы, Аламесек ауылдық округі, №4 ауыспалы егіс жүйесі, көлемі 341 га, оның ішінде егістігі-281 га, басқа алқаптары-60 га болатын жер учаскесі шығарылып, (№6 лот) конкурсқа төмендегі тұлғалармен өтінімдер берілген: Өндірістік кооператив (талап қоюшы); «Жусупбеков» жеке кәсіпкері; Айтимов Абдикайыр; «Нағи» шаруа қожалығы (бұдан әрі-ШҚ) ; «Жаңаарық» ШҚ; «Аламесек» ШҚ; «Көктөбе» ШҚ.

Өтінім берушілердің барлығы конкурсқа қатысуға жіберілген.

Жер комиссиясының 2024 жылғы 16 шілдедегі №38-7 хаттамалық шешіміне қарағанда (бұдан әрі – Хаттамалық шешім), «Аламесек» ШҚ-ы мен Өндірістік кооперативке тең дауыстар берілуіне байланысты жеңімпаз анықталмай, конкурс өткізілмеді деп танылған.

Алайда, комиссия отырысының бейнежазбасына қарағанда, дауыстар тең түсіне байланысты, төрағалық етуші өзінің басым құқығы бар екенін мәлімдеп, жеңімпаз ретінде «Аламесек» ШҚ- сын жариялаған.

Яғни бейнежазба мен отырыс хаттамасындағы мәліметтер бір-біріне сәйкес келмейді.

Одан бөлек, сот талқылауы барысында, комиссия құрамында кемшіліктер болғаны анықталған.

Өндірістік кооператив сотқа жүгінген талап қоюында аталған конкурс барысында Жер кодексінің талаптары сақталмай, Өндірістік кооперативке берілуі тиіс 5 балл берілмегенін алға тартып, осы қосымша 5 балды беруге міндеттеп, жиынтық балды 35 балл деп белгілеуді сұраған.

Талап қоюшы комиссия шешіміне дау келтіргенімен, хаттамалық шешімнің күшін жою жөнінде талап қоймаған. Оның талабы – комиссия отырысының заңдылығын күшінде қалдыра отырып, қосымша балл есептеуге міндеттеу болған.

Бірінші сатыдағы сот ӘРПК-нің 116-бабына сай талап қоюшыға талабын өзгертуді ұсынған. Алайда талап қоюшы өзінің бастапқы талаптарын өзгертуді қаламаған.

Ал сот өз бастамасы бойынша талап қоюдың нысанасын өзгертуге, талап қою талаптарының шегінен шығуға құқылы емес.

Сондықтан әкімшілік іс қойылған талап шегінде қарап-шешілген. Комиссия құрамының заңсыздығы анықтала тұра, дәл осы комиссияны қосымша балл есептеуге міндеттеу заң талаптарына сай келмейді.

Бұл өкілеттіктер Бөлімнің құзыретіне де кірмейді.

Бұл жағдайда жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдауы заңды және негізді болып табылады.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне шағымдалған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды. Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қазандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы өкілі А.Асылбековтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Абдуғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Ә. Назарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.