ВС РК - Постановление от 22.01.2025 по делу 6001-24-00-3гп/503 (Гражданское)

6001-24-00-3гп/503

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 22 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья М.Ж. Бектұрғановтың,

судьялар А.С.Савинованың, Т.А. Молдахметованың

аудармашы Р. Таласпаеваның, талапкердің өкілі Р.Р. Мусакуловтың, «Ержан» шаруа қожалығының өкілі Б.С. Болатбекованың қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы арыз беруші Жанаркул Игисиновна Сагимбекованың мұраны қабылдау фактісін анықтау туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов аудандық сотының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы мүдделі тұлға «Ержан» ШҚ-ныңбасшысы Е. Болатбековтың өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Ж. Сагимбекова сотқа аталған арызбен жүгінген.

Тұрар Рысқұлов аудандық сотының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімімен арыз қанағаттандырылған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушы жергілікті соттардың қабылдаған шешімдерімен келіспей, тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Мүдделі тұлға Е. Болатбековтың өтінішхатты қолдаған пікірін, арыз берушінің қарсылығын тыңдап, ісқұжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілерінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, неке қию туралы куәлікке сай 1983 жылғы 21 қыркүйекте арызданушы Ж. Сагимбекова мен М. Сагимбеков некеге тұрған, қайтыс болу туралы куәлікке сай М. Сагимбеков 2010 жылғы 21 қарашада қайтыс болған.

Нотариус Г. Рахимбаеваның 2023 жылғы 20 ақпандағы қаулысына сәйкес Ж. Сагимбекованың шартты жер үлесіне мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк беру өтiнiшiн қарап, оған жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат ұсынылмағанына байланысты нотариаттық iс-әрекет жасаудан бас тартылған.

Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 21 мамырдағы № 227 қаулысына сәйкес Т. Рыскулов аудандық жер комиссиясының 2004 жылғы 27 сәуірдегі жиналысының қорытындысына сай, Малдыбай ауылының 50 жанұясының өтініштері негізінде М.Урустембековке «Ауыл» ШҚ жүргізу үшін «Бекболат» ӨК-нің аумағындағы ауданның арнайы жер қорынан жалпы көлемі 200 га егістік жер уақытша өтеулі пайдалану құқығымен 10 жылға дейін ұзақ мерзімге берілген.

Т. Рысқұлов ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 29 сәуірдегі № 187 қаулысына сәйкес Е. Болатбековке «Ержан» ШҚ жүргізу үшін қосымша 50 жанұяның жер үлесі есебінен «Ауыл» ШҚ-ның жерінен (басшысы М.Урустембеков) бұрынғы «Бекболат» ӨК-нің аумағындағы ауданның арнайы жер қорынан жалпы ауданы 200 га егістік жер учаскесі уақытша өтеулі (жалдау) жер пайдалану құқығымен 10 жылға дейін ұзақ мерзімге берілген.

Жергілікті соттар арызды қанағаттандыру туралы актілерінде жергілікті атқарушы органның қаулыларының негізінде арыз беруші Ж. Сагимбекованың қайтыс болған жұбайы М. Сагимбеков «Ауыл» ШҚның мүшесі болып келген, ол қайтыс болған соң, оның жанұясына берілген жер учаскесі 2014 жылдан бастап «Ержан» ШҚ-на өткен деп тұжырымдаған.

АПК-нің 305-бабының 1-бөлігіне және 2-бөлігінің 9) тармағына, «Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 11-тармағына сүйеніп, әлеуметтік әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын басшылыққа алып, Ж. Сагимбекованың мұрагерлiктi iс жүзiнде қабылдаған деп, осыған орай арыз қанағаттандырылуға жатады деп қорытындылаған.

Кассациялық сатыдағы сот алқасы келесі негіздер бойынша жергілікті соттардың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді

және қабылданған сот актілері материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 1072-1-бабының 1-бөлігіне сай мұраны қабылдау мұра ашылған жердегі нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлікті беруге уәкілетті лауазымды адамға мұрагердің мұраны қабылдау туралы өтінішін не мұрагердің мұраға құқық туралы куәлік беру туралы өтінішін беру арқылы жүзеге асырылады.

Алайда жоғардағы заң талаптары жергілікті соттармен назарға алынбаған.

«Соттардың мұрагерлiк туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағына сай, АК-нің 1072-бабының 1-тармағына сәйкес мұраны алу үшін заң бойынша немесе өсиет бойынша мұрагер оны қабылдауы тиіс. Мұраны қабылдау тәсілі мұра ашылған кезде қолданыста болған заң бойынша айқындалады.

АК-нің (ерекше бөлім) қолданысқа енгізілгенге дейін (1999 жылғы 1 шілдеге дейін) және 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен АК-ге (ерекше бөлім) енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілгеннен кейін (2007 жылғы 3 ақпаннан бастап) ашылған мұраны мұрагер мұраның ашылу орны бойынша нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлікті беруге уәкілетті лауазымды тұлғаға мұраны қабылдау туралы немесе мұра алу құқығы туралы куәлікті беру туралы арыз беру арқылы не оны іс жүзінде қабылдау арқылы қабылдауы тиіс.

Мұраны іс жүзінде қабылдау деп мұрагердің мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін соңғының мүлкін иеленуін және пайдалануын кәуландыратын әрекеттері, оның мүлкін ұстау мен сақтау жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруы, мұрагерлік мүлікке байланысты оның қарыздары мен салықтарын төлеуі не мұрагерлік массаға енгізілуге жататын мүліктік сипаттағы мұра қалдырушыға тиесілі төлемдерді, құндылықтарды алуы түсіндіріледі.

Мұрагерлер көрсетілген әрекеттерді мұра ашылған кезден бастап алты ай ішінде жасауы тиіс.

Аталған нормативтік қаулының 7-тармағына сай егер мұрагер АКнің 1072-1-бабының 2-тармағында көрсетілген қандай да бір әрекеттерді жасап, мұраны іс жүзінде қабылдаса, бірақ нотариус қандай да бір себептермен мұра алу құқығы туралы куәлікті беруден бас тартса, онда мұрагер сотқа ерекше іс жүргізу тәртібімен нотариустың әрекеттеріне шағым келтіруге құқылы.

Мұрагер мұраны іс жүзінде қабылдаған, бірақ мұра алу құқығы туралы куәлікті алу үшін нотариусқа қажетті даусыз дәлелдемелерді келтіре алмаған және оларды өзге де жолмен алуға мүмкіндігі болмаған

жағдайда мұрагер мұраны қабылдаудың заңдық фактісін белгілеу туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы, арыз ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. Егер, бұл ретте құқық туралы дау туындаса, онда мұндай фактіні белгілеу талап қою тәртібімен жүргізіледі.

Егер мұрагер мұрагерлікті іс жүзінде қабылдағанын куәландыратын іс-әрекеттер жасаған болса, мұрагер мұраны қабылдады деп танылады.

Көрсетілген норма талаптарына сәйкес, талап қоюшы аталған ісәрекеттерді алты ай ішінде жасауға тиіс болатын.

Жергілікті соттардың М. Сагимбеков 2004 жылдан бастап, ол қайтыс болғанға дейін «Ауыл» ШҚ-нан пайын алып отырған. Ол қайтыс болған соң пайды арыз беруші Ж. Сагимбекова алған. 2014 жылдан бастап арыз беруші Ж. Сагимбекова қайтыс болған жұбайының пайын «Ержан» ШҚнан 2020 жылға дейін алып отырған, Ж. Сагимбековадан басқа мұрагерлер жоқ болғандықтан және бұл мүлікке ешкімнің дауы жоқтығын, аталған фактіні анықтау арыз берушіге мұрагерлік мүлікті заң жүзінде заңдастыру үшін қажет, арыз беруші мұраға алынған мүлiктi иеленуге бағытталған әрекеттер жасап, мұрагерлiктi iс жүзiнде қабылдаған деген уәжімен алқа келіспейді.

Нотариус Г. Рахимбаеваның нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тарту туралы қаулысы іс құжаттарына тіркелгенмен, оның маңыздылығы сотпен зерттелмеген, дәлелдеме ретінде тиісті баға берілмеген.

АПК-нің 304-бабынын 2-бөлігіне сай егер арыз берген немесе істі ерекше іс жүргізіп қарау кезінде соттың ведомстволығына құқығы туралы даудың бар екендігі туралы белгілі болса, сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады, онымен тараптар мен мүдделі тұлғаларға олардың талап қою ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығы түсіндіріледі.

Алайда аталған норманың талабын соттар бұзған бұл ретте құқық туралы дау туындаған, сондықтан, ол тек талап қою өндірісінде қаралуға жатады. Жоғарыдағылар негізінде, жергілікті соттармен материалдық және процестік құқық нормалары елеулi түрде бұзылған, бұл жағдайда, соттармен шығарылған сот актілерінің күші жойылуға, мүдделі тұлға «Ержан» ШҚ-ның басшысы Е. Болатбековтың өтінішхатықанағаттандырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов аудандық сотының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімінің және Жамбыл облыстық сотының

азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.

Азаматтық іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Ж. Сагимбекованың мұраны қабылдау фактісін анықтау туралы

арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «Ержан» ШҚ-ның басшысы Е. Болатбековтың өтінішхатықанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

М.Ж. Бектұрғанов

Судьялар

А.С. Савинова

Т.А. Молдахметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.