ВС РК - Постановление от 13.06.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2611 (Административное)

2024 жылғы 13 маусым 6001-23-00-6ап/2611 Астана қаласы

ҚАУЛЫ

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар –Ш.Т.Даниярова, Ғ.Ө.Әлжанов болып,

жауапкерлердің өкілдері А[...], Д[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] жауапкерлер Жетісай ауданының Жаңа ауыл ауылдық округінің әкіміне, «Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Жетісай ауданының жер комиссиясының мүшелеріне, мүдделі тұлғалар «Жетісай ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне жер комиссиясының қорытындысының, әкім шешімінің күшін жою және жер учаскесінің насыналы мақсатын өзгерту туралы қолайлы әкімшілік актіні қабылдауды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 тамыздағы қаулысына талап қоюшы Д[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 21 ақпандағы шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкерлер «Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне және Жетісай ауданының Жаңа ауыл ауылдық округінің әкіміне талап қоюшы Д[...] Жетысай ауданы, Жана [...], кадастрлық №[...], жалпы көлемі 2,26 га жер учаскесінің «шаруа қожалығын жүргізу үшін» нысаналы мақсатын «стадион құрылысы үшін» нысаналы мақсатына өзгерту туралы қолайлы әкімшілік акті қабылдау міндеттелген.

Талап қоюды қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартқан.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген. Талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, оны қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы Д[...] кассациялық шағымында істі апелляциялық тәртібімен қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы және басқа тараптардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы сот отырысында жауапкерлер өкілдерінің қарсылықтарын тындап, кассациялық шағымның уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Мақтаарал ауданы әкімиятының 2003 жылғы 3 қарашадағы №1355 қаулысымен Жаңа ауыл селолық округі аймағынан 5 га жайылымдық жер учаскесі сатып алу арқылы талап қоюшы Д[...] жеке меншікке берілген.

Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 23 мамырдағы №312 қаулысымен талап қоюшыға берілген жалпы алаңы 5 га жер учаскесінің 2,26 га жер учаскесі елді мекеніне кіруіне байланысты, қалған 2,7 га жайылымдық жер Жаңа ауыл ауылдық округі аймағынан жеке меншік құқығымен қайта бөлініп берілген.

Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 17 сәуіріндегі №742 және 2015 жылғы 17 маусымдағы №711 қаулылардың негізінде талап қоюшының жер учаскесінің жалпы алаңы 2,26 га жер учаскесі жайылымдық жерінен суармалы егістік жер санатына өзгертілген.

Кадастрлық №[...] жер учаскесінің нысаналы мақсаты – шаруа қожалығын жүргізу үшін деп белгіленген.

Жетісай ауданының әкімдігінің 2019 жылғы 9 қазандағы №812 қаулысының негізінде Жетісай ауданы бойынша шекалары өзгертіліп, соның ішінде 26,10 га жер учаскесі Жаңа ауыл ауылдық округі Жаңа ауыл елді мекені шегіне енгізіліп, жалпы ауданы 221, 05 га болып бекітілген.

2022 жылғы 6 желтоқсанда Жетісай ауданының Жаңа ауыл ауылдық округінің әкімнің атына шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жалпы алаңы 2,26 жер учаскесінің нысаналы мақсатын балабақша және стадион құрылысы үшін өзгерту жөнінде өтініш берген.

Аталған өтініш «Жетісай ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-нің 2022 жылғы 8 желтоқсандағы ұсынысымен талап қоюшының жер учаскесінің нысаналы мақсаты балабақша және стадион құрылысы үшін өзгертуге келісілген.

Жетісай ауданының әкімдігі жанынан құрылған жер комиссиясының 2022 жылғы 8 желтоқсандағы №39-12 қорытындысымен және Жауапкер-1дің 2022 жылғы 12 желтоқсандағы №127 шешімімен талап қоюшының жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартылған, негізі ретінде – Жер кодексінің 97-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ауыл шаруашылығын жүргізумен байланысты емес мақсатқа беруге жол берілмейді деп көрсетілген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының талабын ішінара қанағаттандырғанда жер учаскесінің нысаналы мақсатын балабақша және стадион құрылысы үшін ауыстыратындығымен, Жаңа ауыл ауылдық округінің бекітілген Бас жоспарына сәйкес талап қоюшының жер учаскесі санитариялық-қорғаныш аймағына және ғимарат халыққа қызмет көрсету объектісіне кіретіндігімен, Қазақстан Республикасының Конституциясының 26-бабының 4-тармағына және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 188-бабының 1-тармағына сәйкес талап қоюшы өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқылы екендігімен негіздеген.

Апелляциялық саты соты бұл тұжырымымен келіспей, шешімді өзгертіп мына мән-жайларды ескерген.

Апелляциялық сот алқасының Д[...] өз жер учаскесінің нысаналы мақсатын ауыстыру үшін Жер комиссиясы және Жаңа ауыл ауылдық округі әкімі тиісті уәкілетті органдардың заңда көрсетілген келісімдері алынбаған деген уәждері сот актісінде көрсетілген. Бұл тұжырымдар негізді болып табылады.

Соттың осы және басқа да негіздемелері сот актісінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Д[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С.Баймаханов

Судьялар Ш.Даниярова

Ғ. Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.