ВС РК - Постановление от 18.12.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1211 (Административное)

№6001-24-00-6ап/1211 №6001-24-00-6ап/1211 (2) №6001-24-00-6ап/1211 (3)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 18 желтоқсан

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының прокуроры

Н.А.Молдахановтың,

талап қоюшы Ж.Е.Сулейменовтің,

жауапкердің өкілі А.Б.Отегеновтың қатысуыларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Жангирхан Есенбаевич Сулейменовтің жауапкер Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы әкіміне тұрғын үй мен шаруашылық ғимараттар орналасқан жер учаскесін жеке меншікке беруден бас тартуын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 наурыздағы ұйғарымына талап қоюшының, жауапкердің және мүдделі тұлға Маңғыстау облысы әкім аппаратының келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Ж.Е.Сулейменов жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 қарашадағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 наурыздағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы шешімнің күші жойылып, талап қоюы кері қайтарылған.

Арызданушылар кассациялық шағымдарында іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот актісінің күшін жоюды сұраған.

Сот алқасы сот отырысына қатысқан тараптардың пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымдардың уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілген.

Іс материалдарын анықталғандай, талап қоюшы Ж.Сулейменов Мұнайлы ауданы әкіміне «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы арызданып, жер учаскесінде орналасқан тұрғын үйі мен шаруашылық ғимараттарымен бірге жеке меншікке беруін сұраған. Жауапкермен талап қоюшының арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Бұл бас тартумен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот дауды мәні бойынша қарап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.

Апелляциялық сот алқасы болса аудан әкімінің орынбасарының «ЕӨтініш» ақпараттық жүйесі арқылы арызданушыға берген жауап хаты әкімшілік акт болып табылмайды, яғни ол әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен талап қою арызын қайтарған.

Алайда, апеляциялық сот алқасының бұл тұжырымы қате болып табылады.

ӘРПК-нің 4-бабының 1-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес ауыртпалық салатын әкімшілік акт – әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт. Жер учаскесін рәсімдеу мемлекеттік қызмет көрсету негізінде жүргізіледі.

Сондықтан Мұнайлы ауданы әкімі орынбасарының жер учаскесіне меншік құқығын беруден бас тарту туралы жауабы әкімшілік іс жүргізу тәртібінде қаралуға жатады.

Яғни апелляциялық сот алқасы талап қоюды кері қайтарып, процессуалдық заңының нормаларын бұзып, өз құзыретінің шегінен тыс шыққан. Бұл жағдайда іс бойынша шағым беріліп отырған сот актісінің күшін жоюға, іс апелляциялық сатыдағы сотқа апелляциялық шағымды негізінен қарауға жіберілуге жатады.

Іс жаңадан қарауға жолдануына байланысты кассациялық шағымдар ішінара қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І: Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 наурыздағы ұйғарымының күші жойылсын.

Әкімшілік іс Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына жаңадан қарауға жолдансын.

Арызданушылардың кассациялық шағымдары ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.