Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/666 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/666

№6003-25-00-2к/956

№6003-25-00-2к/980

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 9 қыркүйек Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.С.Алпысова, А.О.Тогумбетова,

талап қоюшы А[...] өкілдері - адвокат Т[...], К[...], жауапкерлер М[...], С[...] өкілі - Т[...], үшінші тұлғаның өкілі А[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында, талап қоюшы А[...] жауапкерлер А[...], А[...], Ж[...], М[...], С[...], Шымкент қаласының әкіміне, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына, нотариус Б[...], нотариус Б[...], үшінші тұлғалар: «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамына, нотариус К[...] әкімнің шешімін, сатып алу-сату шарттарын, сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану және жер учаскелерінің беттесуін жою туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкерлер М[...], С[...] және үшінші тұлға «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 19 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы Тассай ауыл округі әкімінің А[...] жер учаскесін беру туралы 2006 жылғы 24 сәуірдегі №4656 шешімін, А[...] мен М[...] арасында жасалынған 2011 жылғы 13 қазандағы даулы жер учаскесін сатып алу-сату шартын, М[...] мен М[...] арасында жасалынған 2015 жылғы 7 қазандағы жер учаскесін сатып алу-сату шартын, М[...] мен С[...] арасында жасалынған тұрғын үйді жер учаскесімен сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану және жер учаскелерінің беттесуін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 19 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

А[...] мен М[...] арасында жасалған нотариус Б[...] куәландырған 2011 жылғы 13 қазандағы №20157 санды реестрде тіркелген сатып алу-сату шарты, М[...] мен М[...] арасында жасалған нотариус Б[...] куәландырған 2015 жылғы 13 қазандағы №3275 санды реестрде тіркелген сатып алу-сату шарты, М[...] мен С[...] арасында жасалған нотариус К[...] куәландырған 2023 жылғы 3 қазандағы №3569 санды реестрде тіркелген сыйға тарту шарты жарамсыз деп танылған.

Ж[...].А[...] ауылдық округінің әкімімен берілген 2006 жылғы 24 сәуірдегі №4656 шешімі жарамсыз деп танылған. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Сот шығындары туралы мәселе шешілген.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз, үшінші тұлға «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ж[...] М[...], С[...] және үшінші тұлға «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы кассациялық шағымдарында бірінші сатыдағы және апелляциялық соттармен іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымы дұрыс айқындалмағанын және анықталмағанын, істің мәнжайларына дұрыс баға берілмегенін, материалдық құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Ж[...] мен үшінші тұлға өкілдерінің кассациялық шағымдарды қолдаған түсініктерін, талап қоюшы өкілдерінің кассациялық шағымдарға қарсылықтарын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Азаматтық істің құжаттарына сәйкес Б.А[...] [...] көлемі 1000,0 шаршы метр жер учаскесіне жеке меншік құқығы Тассай ауыл округ әкімінің 2006 жылғы 18 ақпандағы №980 санды шешімі негізінде пайда болған.

Аталған жер учаскесіне меншік құқығын беретін акт рәсімделіп, №19295-187-1183 санды кадастрлық іс арналған.

2011 жылғы 29 маусымдағы сыйға тарту шарты бойынша А[...] жер учаскесін қызы А[...] (талап қоюшы) сыйға тартқан.

Жауапкер А[...] Тассай [...], көлемі 1000,0 шаршы метр жер учаскесіне меншік құқығы Тассай ауыл округ әкімінің 2006 жылғы 24 сәуірдегі №4656 санды шешімі (бұдан әрі - Әкім шешімі) негізінде пайда болған.

2011 жылғы 13 сәуірде А[...] аталған жер учаскесін сатуға А[...] қайта сенімхат беру құқығымен үш жылға нотариалды куәлендірген сенімхат берген.

2011 жылғы 11 қазанда А[...] даулы жер учаскесін сатуға Б[...] сенімхат берген.

2011 жылғы 13 қазандағы жер учаскесін сатып алу-сату шартымен сенімхат негізінде Б[...] Шымкент қаласы, [...] жер учаскесін М[...] сатқан.

2015 жылғы 7 қазандағы сатып алу-сату шарты негізінде М[...] Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Тұран мөлтекауданы, Жаңақұрылыс көшесі №76А мекенжайы бойынша, алаңы 0,1000 га. жер учаскесін М[...] сатқан.

М[...] даулы жер учаскесінде тұрғын үй құрылысын жүргізіп, 2023 жылғы 3 қазандағы сыйға тарту шарты негізінде ол тұрғын үйді жер учаскесімен С[...] сыйға тартқан. Бірінші сатыдағы сот талап қоюдың Әкім шешімін, сатып алу-сату шарттарын және сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану туралы бөлігін қанағаттандырғанда Тассай ауылдық округі әкімімен жерді жауапкер А[...] беру туралы шешімі іс жүзінде қабылданбағанын, А[...] жерді бөлу кезінде Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі -Жер кодексі) 43 бабының талаптары сақталмағанын, соның салдарынан тараптардың жер учаскелерінің беттесуіне әкеп соққанын негізге алған.

Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың бұл шешімімен келіскен.

Алайда, жергілікті соттардың бұл тұжырымдары істің анықталған мәнжайына негізделмей, іс бір жақты қаралынып, нәтижесінде дұрыс шешім шығарылмаған.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюшының Әкім шешімін жарамсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырғанда аталған шешімнің мұрағатта жоқ екені және осы ауыл округі әкімінің 2006 жылғы 30 желтоқсандағы №2917

санды шешімімен аяқталатыны көрсетілген Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару Департаментінің (бұдан әрі -Департамент) 2023 жылғы 13 сәуірдегі №1—13-03-03-/330-И санды талап қоюшы А[...] берген жауап хатымен негіздеген.

Азаматтық істі қарау барысында дауланып отырған Әкім шешімінің жалғандығы туралы мәселе құқық қорғау органымен тексерілмегені жергілікті соттардың назарынан тыс қалған.

Әкім шешімінің мұрағатта болмауы және ауыл округі әкімінің 2006 жылғы 30 желтоқсандағы жер бөлу туралы соңғы шешімі №2917 реттік санмен аяқталуы дауланған Әкім шешімін жарамсыз деп тануға жеткіліксіз болып табылады.

Жауапкер А[...] жер учаскесіне кадастрлық №[...] мемлекеттік акт Әкім шешімі негізінде берілгені істегі құжаттармен анықталған.

Жоғарыда көрсетілгендей 2011 жылғы 13 қазанда даулы жер учаскесі М[...], одан кейін 2015 жылғы 7 қазанда М[...] сатылған.

Іс құжаттарымен М[...] даулы жер учаскесінде құрылыс алаңы 200 шаршы метр тұрғын үй соққаны, 2016 жылғы 9 тамызда №1511 тұрғын үйді пайдалануға қабылдау актісі қабылданылып, ол тіркеуші органда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 118бабының 1, 2-тармақтарының және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310 Қазақстан Республикасының Заңының талаптарына сай тиісті тіркеуден өткізілгені анықталған.

2023 жылғы 3 қазанда М[...] бұл тұрғын үйді жер учаскесімен сыйға тарту шарты негізінде С[...] сыйға тартқан.

2023 жылғы 10 қазанда кепіл ұстаушы «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы, қарыз алушы М[...] және кепіл беруші С[...] арасында кепіл шарты жасалып, ол бойынша қарыз алушы М[...] кепіл ұстаушы «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамына 20 500 000 теңге қарызын қайтару міндеттемесін қамтамасыз ету үшін Тассай [...], көлемі 0,1 га. жер учаскесіндегі тұрғын үй кепілге қойылған.

Департаменттің 2023 жылғы 13 сәуірдегі №1-13-03-03-/330-И санды хатында кадастрлық №[...] жер учаскесі (талап қоюшының жер учаскесі) кадастрлық іс құжатындағы координаттарына сәйкес, электрондық картаға енгізілген кезде кадастрлық №[...] және №[...] басқа жер учаскелерімен беттесіп орналасатыны көрсетілген.

Жер кодексінің 43-бабының 10-тармақшасына сай жер учаскесінің

нақтылы (белгілі бір жердегі) шекарасы белгіленге дейін және құқық белгілейтін құжаттар берілгенге дейін жер учаскесін пайдалануға жол берілмейді.

Жергілікті соттар істі қарағанда талап қоюшы А[...] Сайрам ауданындағы кадастрлық №[...] жер учаскесінің координаттары Шымкент қаласына өтпегеніне және оның Шымкент қаласы бойынша осы кадастрлық №[...] жер учаскесіне нақты жер құқығын алмағанына назар аудармаған.

Сондықтан талап қоюшының жер учаскесінің координаттары Сайрам ауданынан Шымкент қаласына ауыстырылмай тұрып оның жер учаскесі жауапкердің жер учаскесімен беттеседі деген сот тұжырымы дәйексіз болып табылады.

АК-нің 8-бабына сәйкес азаматтар өздеріне берілген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әділ әркеттер жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершілік қағидаттарын сақтауға тиіс. Азаматтарға басқа тұлғаға зиян келтіруге, құқықты өзге нысандара теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетіндей етіп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерге жол берілмейді. Талап қоюшының 2006 жылы бөлінген жер учаскесін 17 жылдан астам ұзақ уақыт бойы іздемегені, жер учаскесінің нақты қайда орналасқанын анықтамағаны, оған қандай да бір мүдделілік, қызығушылық танытпағаны талап қоюшының бұл жер учаскесіне меншік құқығын сақтауға іс жүзінде ниетсіз болғанын айқындайды.

Істің мұндай тұрғысында талап қоюшы А[...] қазіргі кезде жауапкер С[...] меншігіндегі 2016 жылы құрылысы аяқталған тұрғын үйі орналасқан жер учаскесі заңсыз берілген және оның жер учаскесімен беттеседі деген уәждері дәлелсіз болып саналады.

Кассациялық сот жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша сот актілері өзгертіліп, бірінші сатыдағы сот шешімінің талап қоюды қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылуға, шешімінің бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Сот шешімінің талап қоюшының жер учаскелерінің беттесуін жою туралы талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігі заң талаптарына сай шығарылған. Кассациялық шағымдармен сот актілері бұл бөлігінде дауланбаған.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 19 наурыздағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 19 наурыздағы шешімінің талап қоюшы А[...] талап қоюын қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылсын. Шешімінің бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылсын.

Сот актілерінің қалған бөлігі күшінде қалдырылсын.

Ж[...] М[...], С[...] және үшінші тұлға «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Алпысова

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.