ВС РК - Постановление от 05.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2960 (Административное)

6001-24-00-6ап/2960

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 5 наурыз

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермағамбетова болып, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы Ж.Е.Алжановтың, жауапкердің өкілі Р.Б.Жайкеевтың, мүдделі тұлғалар:

«Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі қарай - Сәулет басқармасы) өкілі А.Н.Садвакасованың,

Астана қаласы әкімдігінің «Астана Жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі қарай - «Астана Жарнама» КММ) өкілі А.М.Топинаның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы дара кәсіпкер Жамбыл Егизбаевич Алжановтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Нұра» ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі қарай - Басқармасы) салықтық берешекті өтеу туралы 2024 жылғы 22 ақпандағы №14000014904 хабарламаны заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 3 маусымдағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 тамыздағы қаулысына Сәулет басқарманың келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 3 маусымдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, салықтық берешекті өтеу туралы 2024 жылғы 22 ақпандағы №14000014904 хабарлама заңсыз деп танылып, оның күші жойылған. Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға Сәулет басқармасы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы тараптардың пікірін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерделеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтар анықталмады.

Іс құжаттарына сай, талап қоюшы дара кәсіпкер Ж.Е.Алжанов Астана қаласы Нұра ауданы Әнет баба көшесі 9/1 үй мекенжайы бойынша «Алтынбай» атты азық-түлік дүкенінің иесі болып келеді.

Астана қаласы әкімдігінің «Астана Жарнама» КММ-сі сыртқы (көрнекі) жарнаманың мониторингі процесінде, аталған дүкеннің терезелерінің (витраждарының) сыртында азық-түлік өнімдерінің бейнелері түріндегі фотосуреттерді жарнама ретінде белгілеп, ол жөнінде 2023 жылғы 1 желтоқсанда Сәулет басқармасына, олар өз кезегінде Мемлекеттік кірістер департаментіне ақпарат берген. 2024 жылғы 22 ақпанда аталған ақпарат негізінде жауапкер дара кәсіпкер Ж.Е.Алжановқа қатысты № 14000014904 салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама қабылдаған.

Жергілікті соттар дауды шешіп, талапты қанағаттандыра отырып, «Жарнама туралы» Заңның 3-бабының 1-2) және 10) тармақшаларының және 11-бабының 1-1-тармағының ережелерін қолданып, даулы хабарламаның заңсыздығы туралы дұрыс қорытындыға келді, өйткені дүкеннің терезе бөлігіне жапсырылған жеке өнімдердің фотосуреттерін сыртқы (көрнекі) жарнама деп тануға болмайды.

Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық

көрсетілген.

Кассациялық шағым иесі келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Мүдделі тұлғаның сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз болып табылмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 3 маусымдағы шешімімен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Ғ. Әлжанов Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.