ВС РК - Постановление от 11.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2408 (Административное)

№6001-24-00-6ап/2408

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 11 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

мүдделі тұлға Г.Ниғыметтің қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Нарболат Муктасынович Такыровтың жауапкер Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай ауданының әкіміне (бұдан әрі – Аудан әкімі) жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын өзгерту туралы 2017 жылғы 30 наурыздағы №119 қаулысына және жер учаскесіне жасалған жерге орналастыру жобасын бекіту туралы 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №326 бұйрығына дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қаңтардағы шешімі мен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Н.М.Такыров жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Аудан әкімінің жер учаскесіне жасалған жерге орналастыру жобасын бекіту туралы 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №326 бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған;

Н.М.Такыровтың Аудан әкіміне жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларын өзгерту туралы 2017 жылғы 30 наурыздағы №119 қаулысына дау айту туралы әкімшілік талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, мүдделі тұлғаның пікірін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге жергілікті соттармен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, даулы 05-071-009-113 кадастрлық нөмірлі жер учаскесі Аудан әкімінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №326 бұйрығымен 05-071-009-492 және 05-071-009-493 кадастрлық нөмірлі екі учаскеге бөлінген.

Тіркеуші органдардың ақпаратына сәйкес 05-071-009-113 кадастрлық нөмірлі жер учаскесі қазіргі таңда екі жер учаскесіне бөлінуіне байланысты жойылған. Жерді бөлудің салдарынан туындаған 05-071-009-493 кадастрлық нөмірлі жер учаскесіне уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығы қайтыс болған Б. Токсанбаева, М. Такыров және А. Такыровтың атында тіркеуде тұр.

Катон-Қарағай ауданының №2 аудандық сотының 2014 жылғы 24 қыркүйектегі шешімімен М. Такыров, Б. Токсанбаева және А. Такыровтың талап арызы қанағаттандырылып, «Нарболат» шаруа қожалығына тиесілі 24 га жер учаскесі олардың әрқайсысына 6 га көлемінде жер бөлініп берілген.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының 2014 жылғы 18 қарашадағы қаулысымен аталған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 1 маусымдағы қаулысымен сот шешімі және апелляциялық сот алқасының 2014 жылғы 18 қарашадағы қаулысы бұзылып, іс бойынша жаңа шешім қабылданған. М. Такыров, Б. Токсанбаева және А. Такыровтың Н. Такыровқа жер үлесін бөліп беру туралы талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Сонымен қатар 05-071-009-114 кадастрлық нөмерлі жер учаскесін бөлу туралы жерге орналастыру жобасы талап қоюшы Н.Такыровтың 2016 жылғы 11 мамырдағы жазбаша өтініші мен ауданның жер қатынастары бөлімінің жолдамасы негізінде жасалып, жер қатынастары бөлімінің 2017 жылғы 29 наурыздағы бұйрығымен бекітілген. Нәтижесінде 05-071-009-114 кадастрлық нөмірлі жер учаскесі жойылып, жер қатынастары бөлімі мен талап қоюшының арасында жаңадан пайда болған 05-071-009-519 және 05-071009-520 жер учаскелерін жалға беру туралы 2017 жылғы 6 сәуірдегі 92 және 93 санды келісім шарттары жасалған.

Осыған қоса жер учаскесін бөлу нәтижесінде оның көлемінің өзгеруі берілген жердің шекарасының бойымен Күлмес өзені ағып жатқандықтан, ал №2 жер учаскесінің негізгі бөлігі Күлмес өзенінің су қорғау аумағында орналасқандықтан, Инспекция бөлінуге жататын жерді бөлу кезінде су қорғау белдеуін алып тастау қажет деген қорытынды берген. Қорытынды Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі №481 «Су кодексі» мен басқа да нормативтік актілерге негізделіп шығарылған. Аталған қорытындымен жердің жалпы ауданының 30 га-дан 28,93 га-ға дейін азаюы түсіндірілген. Талап қоюшы Аудан әкімінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №326 бұйрығы мен 2017 жылғы 30 наурыздағы №119 қаулысымен келіспей, жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қою арызын ішінара қанағаттандыруын 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №326 даулы бұйрықты қабылдауға негіз болған сот шешімі мен 2014 жылғы 18 қарашадағы апелляциялық сот алқасының қаулысы Шығыс Қазақстан облыстық соты кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 1 маусымдағы қаулысымен бұзылғанымен тұжырымдаған.

Алайда кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 1 маусымдағы қаулысына назар аудармай, Аудан әкімі 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №326 бұйрығының күшін осы уақытқа дейін жоймаған.

Демек, азаматтық іс бойынша жауапкер ретінде өткен Н. Такыровтың құқықтары мен заңды мүдделері бұйрықты қабылдауға дейінгі бастапқы күйіне келтірілмеген.

Бұдан әрі, талап қоюда талап қоюшы жер учаскесін бөлуге өтініш жазбағанын, жер учаскесін бөлгенде оның көлемі 30 га-дан 28,93 га-ға дейін азайғанын көрсеткен.

05-071-009-114 кадастрлық нөмірлі жер учаскесін бөлу туралы жерге орналастыру жобасы талап қоюшы Н. Такыровтың 2016 жылғы 11 мамырдағы жазбаша өтініші мен ауданның жер қатынастары бөлімінің жолдамасы негізінде жасалып, жер қатынастары бөлімінің 2017 жылғы 29 наурыздағы бұйрығымен бекітілген.

Нәтижесінде 05-071-009-114 кадастрлық нөмірлі жер учаскесі жойылып, жер қатынастары бөлімі мен талап қоюшының арасында жаңадан пайда болған 05-071-009-519 және 05-071-009-520 жер учаскелерін жалға беру туралы 2017 жылғы 6 сәуірдегі 92 және 93 санды келісім шарттары жасалған.

Сонымен бірге, жер учаскесін бөлу нәтижесінде оның көлемінің өзгеруі «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Инспекция) 2016 жылғы 5 тамыздағы қорытындысымен түсіндірілген. Бұл қорытынды Н.Такыровқа тиісті түрде жолданған. Аталған қорытындымен жердің жалпы ауданының 30 га-дан 28,93 га-ға дейін азаюы түсіндірілген.

Аудан әкімі Инспекцияның 2016 жылғы 5 тамыздағы қорытындысын ескеріп, бөлінуге жататын жердің жалпы ауданын 30 га-дан 28,93 га-ға дейін азайтқан.

Осылардың негізінде даулы Аудан әкімінің 2017 жылғы 30 наурыздағы №119 қаулысы қолданыста болған заң нормаларына сәйкес қабылданғаны туралы соттардың тұжырымы дұрыс.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қаңтардағы шешімі мен Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс. Судья

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.