Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 13.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/3414 (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 13 қаңтар №6003-25-00-2к/3414 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың, аудармашы Р.Т.Шайхының

талап қоюшының өкілі Н.М.Шүйішмағамбетовтың, жауапкердің өкілі З.Д.Исмаилованың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы,

талап қоюшы «Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Департамент) жауапкер «Торал Каспий» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі -ЖШС) жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен «Торал Каспий» ЖШС-нің Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, «Самал-2» шағын ауданында орналасқан жалпы ауданы 0,3550 гектар кадастрлық №13-200-019-327 жер учаскесі мәжбүрлеп алынған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермегенін, материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Тараптар өкілдерінің түсініктерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерттеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда, Ақтау қаласы прокуратурасының 2023 жылғы 18 сәуірдегі №2-11-23-002751 заң бұзушылықты жою туралы ұсынуына

сәйкес Департаментпен «Торал Каспий» ЖШС-не тиесілі Ақтау қаласы, «Самал-2» шағын ауданында орналасқан № 25 учаске, кадастрлық №13-200019-257, көлемі 0,1769 га және осы мекен-жайдағы № 26 учаске кадастрлық №13-200-017-258, көлемі 0,1781 га, «нысаналы мақсаты- сауықтыру қонақ үйі мен тұрғын үй кешенін салу және пайдалану үшін» берілген, жеке меншікке тиесілі жер учаскелері бойынша тексеру жұмыстары жүргізілген.

Тексеру кезінде аталған жер учаскелері бойынша жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану талаптары сақталмағандығы анықталған.

2023 жылғы 31 шілдеде талап қоюшы жауапкерге жоғарыда аталған заңбұзушылықты жою, яғни бір жыл ішінде жер учаскелерін мақсатына сай игеру туралы (к/н: 13-200-019-257, 13-200-019-258) нұсқама табыстаған.

Алайда, жауапкер жер учаскелерін мақсаттарына сай игермеген. Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы және 26 желтоқсандағы қаулыларымен жауапкер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 462бабының 3-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 738 400 теңге (369 200+369 200) айыппұл салынған.

Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің (бұдан әрі - Жер Кодексі) 92-бабының 2-бөлігіне сәйкес егер құрылысқа арналған жер учаскесі оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл (егер жобалау-сметалық құжаттамада анағұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) ішінде мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайда, онда Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке тұрғын үй құрылысына арналған жеке меншігіндегі жер учаскесін қоспағанда, мұндай жер учаскесі осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.

Бірінші сатыдағы сот жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қоюды қанағаттандырғанда, Жер кодексінің 92, 93, 94 баптарын басшылыққа алып, жауапкермен жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмағанын және Департаменттің жер заңнамасының бұзылуын жою туралы нұсқамасын орындамағанын көрсеткен.

Соттың бұл тұжырымымен апелляциялық сатыдағы сот толықтай келіскен.

Жауапкер кассациялық шағымында жаңа уәждер мен негіздемелер келтірмеген. Кассациялық соттың сот отырысында жауапкер өкілі жер учаскелерінің қазіргі кезге дейін игерілмей тұрғанын жоққа шығармады. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Торал Каспий» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

В.Тохтарбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.