№6003-25-00-2к/3849
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 2 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып,
талап қоюшылар өкілі М[...],
жауапкерлер өкілі К[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Түркістан облысының Ордабасы аудандық сотының 2025 жылғы 30 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшылар Т[...] пен У[...] жауапкерлер Т[...], О[...] жол көлік оқиғасының салдарынан келтірілген материалдық шығынды өндіру жайлы электрондық азаматтық ісін қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Ордабасы аудандық сотының 2025 жылғы 30 мамырдағы шешімімен Т[...] пен У[...] аталған талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына соттардың талап қоюдың тиісті емес жауапкерге қойылғаны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған. Талап қоюшылар кассациялық шағымдарында, соттармен материалдық құқық нормалары бұзылғандықтан, негізсіз жауапкер қатарынан О[...] алынып тасталуына байланысты, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру жайлы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Ж[...] кассациялық шағымға байланысты пікірлерінде, жол көлік оқиғасы орын алған уақытта көлік құралы сақтандыру полисі негізінде Р[...] басқаруында болғандықтан, даулы сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Тараптармен дауланбаған, сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2024 жылғы 23 қыркүйекте Р[...] басқаруында болған «Volvo FM» маркалы, мемлекеттік тіркеу белгісі (бұдан әрі-ТБ) [...] көлік құралы мен оның «Krone SDP 27» маркалы, ТБ 30ABT13 жүк тіркемесі және Т[...] басқаруында болған «H[...]» маркалы, ТБ [...] көлік құралының қатысуымен орын алған жол көлік оғиғасына (бұдан әріЖКО) байланысты Р[...] кінәлілігі, 2025 жылғы 29 қаңтардағы сот үкімімен анықталған.
Соның салдарынан Т[...] көлік құралы бүлініп, оған материалдық шығын келтірілген.
Р[...] көлік құралдарын «Номад иншуранс» сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы арасында 2024 жылғы 19 қыркүйекте жасалған №0449Ү238689Q және «Халық» сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы арасында 2024 жылғы 19 қыркүйекте жасалған №0649Ү053938W көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттары негізінде басқарған.
«H[...]» маркалы көлік құралы Т[...] атына тіркеуге алынған, «Krone SDP 27» маркалы көлік құралы Т[...] атында тіркеуде тұр.
Дегенмен, ЖКО орын алғанға дейін (2024 жылғы 23 қыркүйек) соттың 2024 жылғы 11 шілдедегі қаулысымен жауапкерлер О[...] пен Т[...] арасында жасалған «Volvo FM» маркалы көлік құралы мен оның «KRONE SDP 27» маркалы жүк тіркемесін сату – сатып алу шарты жарамсыз деп танылған, сәйкесінше ЖКО орын алған сәтте бұл көлік құралының иесі О[...] болған.
Аталған мән-жайлар О[...] дауланбаған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодекстің (бұдан әрі - АК) 931бабының 1-тармағына сәйкес қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптiлiкпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлiк ұйымдары, өнеркәсiп орындары, құрылыстар, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптiлiк көздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi.
АК-нің 921-бабының 1 және 2-тармақтарының талаптары бойынша, заңды тұлға немесе азамат өзiнiң қызметкерi еңбек (қызметтiк, лауазымдық) мiндеттерiн атқару кезiнде келтiрген зиянды өтейдi. Зиян келтiруi салдарынан туындайтын мiндеттемелер туралы осы Кодекстiң ережелерiне қатысты қызметкерлер деп жұмысты еңбек шартының негiзiнде, сондай-ақ азаматтыққұқықтық шарттың негiзiнде орындаған, егер бұл ретте жұмыстардың кауіпсіз жүргізілуіне жауапты тиiстi заңды тұлғаның немесе азаматтың тапсырмасымен
және бақылауымен iс-әрекет жасаған немесе iс-әрекет жасауға тиiстi болған азаматтар танылады.
Істің мән-жайларына қарағанда, С.[...] маркалы көлік құралы мен оның «KRONE SDP 27» маркалы жүк тіркемесін О[...] тапсыруымен басқарған, бірақ олардың арасында еңбек шарты жасалмаған.
Ж[...] талап қоюға байланысты қарсылығы тек Р[...] сот үкімімен ЖКО кінәлілігі анықталуына және оның көлікті сақтандыру полисі негізінде басқарғанына негізделген. Сәйкесінше, С.[...] орын алған уақытта О[...] тапсыруымен автокөлік рейсінде болғандықтан, соңғы АК-тің 931-бабының 1- тармағына сәйкес жоғары қауiптiлiк көзінің иесі ретінде өзінің жұмысшысымен келтірілген зиянға жауапты.
Осыған байланысты, соттардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуына және сақтандыру полисінің болуына байланысты, келтірілген зиян үшін жауапты тұлға ретінде Р[...] тануы қате тұжырым болып табылады, бұл тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейді және де құқық нормаларына негізделмеген.
Сондықтан іс бойынша АК-тің 287, 932-баптарының талаптарына сәйкес, жауапкерлер арасында ортақтасқан міндет туындамағандықтан, О[...] ЖКО салдарынан Т[...] келтірілген зиян үшін жауапты тұлға болып табылады.
«Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» 2003 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңының 24-бабының 1-тармағының 2)-тармақшасында бiр сақтандыру жағдайы (сақтандыру сомасы) бойынша сақтандырушы жауапкершілігiнiң шектi көлемi - бір жәбірленушінің мүлкіне келтірілген зиян үшін - келтірілген зиян мөлшерінде, бірақ 600 - айлық есептік көрсеткіштен көп емес мөлшерде жүзеге асырылатындығы белгіленген.
АК-нің 924-бабына сәйкес ерiктi немесе мiндеттi түрде сақтандыру тәртібімен өзінің жауаптылығын сақтандырған заңды тұлға немесе азамат, келтiрiлген зиянды толық өтеу үшiн сақтандыру сомасы жеткіліксіз болған жағдайда сақтандыру сомасы мен залалдың нақты мөлшерiнiң арасындағы айырманы өтейдi.
Анықталғандай, Т[...] «Халық» сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамымен есептелген 2 359 200 теңге сақтандыру сомасы (600 айлық есептік көрсеткіш), 2025 жылғы 3 наурызда төленген.
Іске тіркелген «EMS[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2024 жылғы 12 желтоқсандағы №00000000666 ақау туралы есебі бойынша «H[...]» маркалы, ТБ [...] көлік құралына келітірілген шығын мөлшері 8 269 750 теңгені, «Халық» Сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы №24437 шығын мөлшері туралы есебі бойынша 5 834 617 тенгені құраған.
Сот - автотауартану сараптамасының 2025 жылғы 14 мамырдағы №116/25 қорытындысына сәйкес, зерттеуге ұсынылған көлік құралының амортизациялық тозуын есепке алғанда қалпына келтіру құны 5 708 803 теңгені құрауы мүмкін.
Талап қоюшылармен 8 269 750 теңге талап қою бағасы, аталған ақау туралы есебімен айқындалған.
Кассациялық сот, «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 12-тармағының талаптарын ескере отырып, келтірілген шығынның мөлшерін анықтауда, басқа дәлелдемелердiң жиынтығымен бірге бағалай отырып, мамандардың және сарапшының түйіндері неге негiзделетінін, сараптамаға ұсынылған материалдардың толық зерделенген-зерделенбегеніне талдау жасап, іс бойынша шешім қабылдауда сот - автотауартану сараптамасының қорытындысы негізге алынуға жатады деп тапты.
Іс құжаттарында, талап қоюшымен сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін талап қою талаптарының мөлшерін азайтып, АПК-де көзделген тиісті тәртіппен жазбаша түрде келтірілген залалды тек Т[...] өндіру туралы талап қойылмаған. Бұл жайлы кассациялық шағымда да көрсетілген.
Сондықтан жауапкер О[...] талап қоюшы Т[...] пайдасына төленген сақтандыру сомасы мен залалдың нақты мөлшерiнiң арасындағы айырмасы 3 349 603 теңге өтеледі.
Осыларға байланысты соттармен істі қарауда материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағандықтан даулы сот актілері өзгертіліп, іс бойынша талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылуға, шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
Дау, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрiлген материалдық залалды өтеуден туындағандықтан, Салық кодексінің талаптарына сәйкес талап қоюшылар мемлекеттік баж төлеуден босатылған.
Осыған орай, талап қоюшылар төлеуден босатылған 33 496 (3 349 603х1%) теңге мемлекеттік баж АПК-тің 117-бабының талабы бойынша жауапкерден мемлекет пайдасына өндірілуге тиіс.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының Ордабасы аудандық сотының 2025 жылғы 30 мамырдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 шілдедегі қаулысы өзгертілсін. Талап қою ішінара қанағаттандырылсын.
Талап қоюшы Т[...] пайдасына жауапкер О[...] 3 349 603 (үш миллион үш жүз қырық тоғыз мың алты жүз үш) теңге материалдық шығын өндірілсін.
Жауапкер О[...] мемлекет пайдасына 33 496 (отыз үш мың төрт жүз тоқсан алты) теңге мемлекеттік баж алымы өндірілсін. Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Джаппарова
Судьялар
А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.