Қ А У Л Ы
2026 жылғы 10 маусым №6003-26-00-2к/1953 (2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова, судьялар М.Ибрагимова, А.Токсанбаев,
талап қоюшы Б[...] өкілі У[...], жауапкер С[...] өкілі Б[...] және жауапкер Б[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар Б[...] пен Т[...] жауапкерлер С[...], Ф[...], Б[...], И[...], И[...], А[...] және М[...] авокөліктерді сатып алу-сату шарттарын және олардың тіркеулерін жарамсыз деп тану туралы талап қоюлары бойынша қабылданған Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысына жауапкер С[...] кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюларымен сотқа жүгінген.
Үшінші тұлға Ф[...] іс бойынша үшінші тұлға ретінде тартылған.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 14 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысымен шешім өзгертілген.
Сот шешімінің талап қоюдың автокөліктерді сатып алу туралы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тартқан бөлігінің күші жойылып, талап қоюдың бұл бөлігін қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Б[...] пен жауапкер Ф[...] арасындағы 2023 жылғы 7 желтоқсандағы, Ф[...] мен Б[...] арасындағы 2023 жылғы 13 желтоқсандағы, Б[...] мен С[...] арасындағы 2024 жылғы 14 сәуірдегі «Hyndai Sоnata» маркалы 2016 жылы шығарылған автокөлігін сатып алу-сату туралы жазбаша мәмілелері жарамсыз деп танылған.
Т[...] пен Ф[...] арасындағы 2023 жылғы 11
желтоқсандағы Ф[...] мен И[...] арасындағы 2023 жылғы 15 желтоқсандағы, И[...] мен И[...] арасындағы 2024 жылғы 3 қаңтардағы, И[...] пен А[...] арасындағы 2024 жылғы 10 маусымдағы, А[...] пен М[...] арасындағы 2024 жылғы 25 маусымдағы «Toyota Highlander» маркалы, 2016 жылы шығарылған, автокөлігін сатып алу-сату туралы келісім-шаттарын жарамсыз деп танылған. Ф[...], Б[...] және Е.С[...].Б[...] пайдасына мемлекеттік баж ретінде төленген 5 898 теңге сот шығыны үлестік тәртіпте өндірілген.
Ф[...], И[...], И[...], А[...] және М[...] Т[...] пайдасына мемлекеттік бажды төлеуге жұмсалған 9 830 теңге сот шығыны үлестік тәртіпте өндірілген. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер С[...] өтінішхатында кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұраған. Сонымен бірге, жауапкер кассациялық шағымында, талап қоюшы Б[...] өз көлігін сатып, пайда табу мақсатында жасалған ерікті әрекеті екенін, автокөліктің құнының төлемі ретінде келісілген 1 600 текше метр қиырщық тастың 900 текше метрін алғанын, өзі даулы автокөліктің соңғы сатып алушысы екенін, оның құнын төлеп алғанын, адал сатып алушы екенін көрсетіп, сот алқасының қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 436-бабы 1-бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай iшiнде оларға кассациялық шағым берілуі мүмкін.
Жауапкер С[...] алғашқы рет кассациялық шағымды сотқа алты айлық мерзім шегінде, 2026 жылғы 17 наурызда берген. Шағым ағымдағы жылдың 19 наурызында мемлекеттік баж дұрыс төленбеуіне байланысты қайтарылған. Шағымды жауапкер жаңадан 2026 жылғы 5 сәуірде берген.
АПК-нің 126-бабы 2-бөлігіне сәйкес егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
Сот жауапкермен шағым беру мерзімі дәлелді себептерге байланысты өткізіп алғандықтан, қалпына келтіруге жатады деп санайды.
АПК-нің 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Апелляциялық сатыдағы сотпен іс бойынша мұндай заң
бұзушылықтарға жол берілмеген.
Тараптармен сот актілері Т[...] талап қоюы бойынша қабылданған бөлігінде кассациялық шағым берілмеген.
Бірінші сатылы сот шешімінің даулы мәмілелердің тіркелулерін жарамсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан бөлігін сот алқасы заңды және негізді деп тапқан. Алқа қаулысының бұл бөлігі жауапкермен шағымданбаған.
Сондықтан сот АПК-нің 449-бабы 1-бөлігіне сәйкес істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша жауапкер С[...] кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
2023 жылғы 7 желтоқсанда талап қоюшы Б[...] пен жауапкер Ф[...] арасында 2016 жылы шығарылған «Hyndai Sоnata» маркалы, мемлекеттік тіркеу берлігі [...] автокөлігін (бұдан әрі – №1 даулы мүлік) сату туралы жазбаша шарт жасалған.
2023 жылғы 13 желтоқсанда Ф[...] мен Б[...] арасында №1 даулы мүлікті сату туралы жазбаша шарт жасалған.
2024 жылғы 14 сәуірде Б[...] мен С[...] арасында №1 даулы мүлікті сату туралы жазбаша шарт жасалған.
Бірінші сатылы сот талап қоюдың мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін, талап қоюшы өздеріне тиесілі даулы мүліктерді иеліктен шығаруға, мәмілені құрылыс заттарын алу мақсатында, пайда көруге ниетімен жасағаны, олар бойынша құрылыс заттарын біршама бөлігін алғанын, Ф[...] даулы мүлікті сатуға құқығы болмағаны жөнінде дәлелдемелердің сотқа ұсынылмағанын, даулы шарттардың жасалуы барысында қандай да бір тыйым, шектеулер болмағанын, даулы мүліктерге қатысты даудың немесе құқықтық талаптың бары жөнінде жауапкерге белгілі болмағанын, жауапкер С[...] орынды сақтық, парасаттылық, құнттылық танытқан адал алушы болып табылатынын және олардың құқықтары қорғалуға жататынымен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот соттың бұл тұжырымдары тараптар арасында пайда болған дау бойынша қолданылуға жататын материалдық құқық нормаларына қайшы келеді деп тапқан.
Атап айтқанда, заңды күшіне енген Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 13 қаңтардағы үкімімен Ф[...] 2023 жылғы 7 желтоқсанда және 11 желтоқсанда Б[...] 2016 жылы шығарылған «Hyndai Sоnata» маркалы автокөлігін 1600 текше метр қиыршық тастарға айырбастау сылтауымен оның автокөлігін талап қоюшылардың сенімдеріне қиянат жасау арқылы алаяқтық жолмен иемденгені үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп
танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 158бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген мәміле маңызсыз болады.
АК-нің 157-бабы 1-тармағына сай мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаған жағдайда, оның жарамсыздығын сот белгілейді.
АК-нің 261-бабы 1-бөлігінде егер мүлiк оны иелiктен айыруға құқығы болмаған адамнан өтеулі түрде алынып, алушы мұны бiлмесе және бiлуге тиiс болмаса (адал алушы), мүлiктi меншiк иесi немесе меншiк иесi мүлiктi иеленуге берген адам жоғалтқан, не мұның екеуiнен де ұрланған, не олардың иеленуiнен бұлардың еркiнен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншiк иесiнің бұл мүлiктi алушыдан талап етiп алдыру құқығы көзделген.
Даулы автокөліктердің талап қоюшылардан жымқырылғаны заңды күшіне енген сот үкімімен анықталғандықтан, аталған норма талап қоюшының жымқырылған мүлкін басқа тұлғадан талап етіп алуға құқық береді.
АК-нің 157-1-бабы 2-тармағында жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейтіні көзделген. Осы мән-жайларды ескеріп, сот алқасы бірінші сатыдағы сот С[...] адал алушы болып табылатыны туралы тұжырымын негізсіз деп бағалап, сот шешімінің мәмілелерді жарамсыз деп танудан бас тартқан бөлігі материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмай қабылданғанына байланысты шешімнің бұл бөлігінің күші жойылып, талап қоюының аталған бөлігін қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарған. Сот алқасымен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықталған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Сот алқасының қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді.
Жауапкер С[...] апелляциялық сатыдағы сотпен адал алушы екеніне дұрыс құқықтық баға бермегені туралы шағым уәжі негізсіз.
Себебі сатушы Б[...] мен сатып алушы С[...] бір-біріне туыстық қатынасы бар, автокөлікті сатуға шығарылғанын растайтын дәлелдеме ұсынылмаған. Сатушы Б[...] ол автокөлікті сатудан алдың алты күн бұрын ғана өз атына рәсімдеген. С[...] пен Б[...] арасында іс жүзінде есеп айырысу болғаны, автокөлік шын мәнінде берілгені дәлелденбеген. Сот осы тараптардың автокөлік үшін есептескені туралы уәжін нанымсыз деп табады, себебі оғанда жеткілікті жол берілетін дәлелдеме
ұсынылмаған. Автокөлікті сақтандыру полисы бойынша Б[...] өзі басқарады. С[...] шет елде жұмыс жасайды. С[...] бірінші сатыдағы сотта өзінің адал сатып алушы екенін бекітетін жеткілікті дәлелдемелер ұсынбаған. Мұндай жағдайда, сот жауапкердің адал сатып алу ретінде құқықтары қорғалуға жататыны жөніндегі шағым уәждерін негізсіз деп санайды.
Кассациялық шағымда көрсетілген басқа уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды.
Шағымның уəждері сот актілерін күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан, сот актілер күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Жауапкер С[...] кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысы күшінде, жауапкер С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші судья
А.Даненова
М.Ибрагимова
Судьялар
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.