Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 29.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/1252 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 29 сәуір №6003-26-00-2к/1252 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Токсанбаев, судьялар М.Ибрагимова, А.Есдаулетов, талап қоюшының өкілі Т[...], жауапкер Ж[...] қатысуларымен,

өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы З[...] жауапкер Ж[...], даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, «Шымкент қаласы бойынша сәулет және қала құрылысы басқармасы, «Шымкент қаласы бойынша жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемелері және Шымкент қаласының әкіміне өз бетінше салынған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап қоюымен қабылданған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қыркүйектегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

З[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс анықталмағанын, материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсете келе, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттар іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

З[...] Шымкент қаласы, «Қызыл жар» шағын ауданы, 248 кадастрлық нөмірі [...] жер теліміне өз бетімен салған тұрғын үйге меншік құқығын беру туралы талап қоюын, аталған жер телімін А[...] ауызша келісім бойынша сатып алғаны, ол 2025 жылғы 4 наурызда қайтыс болғаны, соңғының жұбайы жер теліміне қатысты меншік құқығын өзіне рәсімдеп беруге келіскені, тұрғын үй құрылыс, санитарлық нормаларға сәйкес салынғанымен негіздеген.

Бұл жер учаскесіне А[...] меншік құқығы жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссияның 2007 жылғы 26 шілдедегі №54362 шешімі негізінде 2010 жылғы 28 шілдеде тіркелген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының хатына сәйкес жоғарыда аталған жылжымайтын мүлікті жария етуді жүргізу жөніндегі комиссияның шешімі қате енгізілген.

Алайда, қаулы негізінде мемлекеттік дерекқор базасынан 2012 жылғы 7 маусымда №7026 тоқтатылған. (тоқтатылған күні 2012 жылғы 6 маусым 18:07). Сонымен қатар, осы жылжымайтын мүлкіне облыс прокурорының орынбасары И[...] 2011 жылғы 25 шілдеде №228 қаулысы негізінде тыйым тіркелген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 244бабының 3-бөлігіне сәйкес, өзiне тиесiлi емес жер учаскесіне құрылысты жүзеге асырған адамға бұл учаске салынған құрылысты орналастыру үшін осы адамға белгіленген тәртіп бойынша берілген жағдайда ғана өз бетімен салынған құрылысқа меншік құқығы танылады.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №5 «Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселері туралы» нормативтік қаулысының 11 тармағына сай, «Өз бетімен салынған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап жергілікті атқарушы органға беріледі және талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қаралады. Егер құрылыстың сақталуы басқа тұлғалардың заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқпаса немесе азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе, мұндай талаптар қанағаттандырылуы мүмкін. Мұндай жағдайлар құрылысы аяқталған объектілерді мемлекеттік қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті органдардың рұқсаттарымен расталуы қажет».

Осы қаулының 12 тармағына сәйкес, «Осындай мақсаттарға арналып бөлінбеген жер учаскесінде өз бетімен салынған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап аталған жер учаскесі талап қоюшыға заңда белгіленген тәртіппен берілетін жағдайда ғана қанағаттандырылуы мүмкін. Сондықтан істі сотта қарауға дайындау кезінде судья талап қоюшыға жер учаскесі оған берілетіндігі, құрылыстың сәулет және құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетіндігі туралы дәлелдемелерді келтіруге ұсыныс жасау керек».

Бірінші сатыдағы сот жоғарыда көрсетілген мән-жайларды және заң талаптарын негізге алып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы негізді тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшы өзіне тиесілі болмаған жер телімінде тұрғын үй құрылысын азаматтық және жер заңнама талаптарын, сонымен қатар, құрылыс нормаларын бұзып салғанын және жер теліміне прокуратура органдарымен тыйым салынғанын назарға ала отырып, шешіммен келіскен.

Соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы, атап айтқанда Тұрғын үйдің астындағы жер теліміне А[...] меншік құқығының тіркелуі 2012 жылғы 7 маусымда тоқтатылғаны, жергілікті атқару органының жер телімі оған берілетіні туралы дәлел ұсынылмағаны, «Т[...]» ЖШС-нің техникалық қорытындысы заң талаптарына сәйкес жасалмағаны (серіктестіктің лицензиясы тіркелмеген, қорытындыда зерттеу жұмыстарының тәсілдері, құқықтық нормалары мүлдем көрсетілмеген), тұрғын үйдің сыртқы көрінісінен құрылыс жұмыстары толық аяқталмағаны анықталған. Осы мәнжайларға қатысты сотпен процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Кассациялық шағымда көрсетілген уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды. Шағымның уəждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қыркүйектегі шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

А.Токсанбаев

Төрағалық етуші судья

М.Ибрагимова

Судьялар

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.