Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Постановление от 04.12.2025 по делу 6003-25-00-3к/821 (Об административном правонарушении)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 4 желтоқсан №6003-25-00-3к/821 Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Қ.А.Мусетов,

судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин,

Қазақстан Республикасының Бас прокурорының аға көмекшісі Т[...],

әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан тұлға Д[...], оның қорғаушысы Е[...], жәбірленуші Е[...], Сырдария ауданы полиция бөлімінің инспекторы С[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы бойынша келіп түскен,

Д[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Қызылорда облысы Сырдария аудандық сотының 2025 жылғы 25 қыркүйектегі қаулысымен Д[...] Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай - ӘҚБтК) 73-3бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 1 513 820 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындалған.

Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты іс бойынша шығарылған сот қаулыларын кассациялық тәртіппен қайта қарауды сұраған.

Жәбірленуші мен полиция инспекторы соттардың қаулыларын өзгеріссіз қалдыру туралы пікірін, қорғау тарапының түсініктемелерін және ұсынудың уәждерін қолдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттей келе, сот мына мән-жайларды анықтады.

Кассациялық тәртіппен қайта қарау ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

Сот алқасының қаулысына сәйкес, «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Сырдария ауданының Мансап орталығы» филиалының директоры Д[...] Сырдария ауданының Қоғамдық кеңес төрағасы Е[...] атына жазған 2025 жылғы 12 тамыздағы №01-1/329 хатымен соңғының абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратып, жала жапқан.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 1-бөлігі бойынша жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратып жасалған әрекет үшін әкімшілік жауаптылық көзделген.

Жала жабу әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың субъективтік жағы тек қана тікелей қасақана пиғылмен сипатталады. Кінәлі адам өзінің мәлімдеп жатқан фактісінің басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп, оның беделін түсіретін жалған екенін білу керек, қоғамға кауіпті зардаптардың болуын қалау керек.

Істің мән-жайына сәйкес, «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Сырдария ауданының Мансап орталығы» филиалының директоры Д[...] Сырдария ауданының Қоғамдық кеңес төрағасы Е[...] атына 2025 жылғы 12 тамыздағы №01-1/329 хат жазып, Қоғамдық кеңестің электрондық поштасына жолдаған. Хатта Д[...] Қоғамдық кеңестің төрағасы М.Е[...] [...] қандай заң талаптарына байланысты тікелей жұмысқа тұрғандығын, Әлеуметтік кодекске сәйкес бос жұмыс орындарының қалыптасқаны жөнінде бес жұмыс күннің ішінде Мансап орталығына хабарлануы тиіс екендігін, Қоғамдық кеңестің төрағасы тұрған жұмысқа Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған азаматтар арасынан іріктеу жасалу керек екендігін, сондай-ақ қандай штат бірлікке, қандай мамандық бойынша тұрғандығын, мамандығы бар ма, күніне қанша сағат жұмыс орнында болатынын, функционалдық міндеттерің қандай екендігін сұратқан.

Іс бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы Е[...] жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрмай, Тереңөзек [...] техник-механик ретінде жұмысқа орналасқаны анықталған. Бұл ретте Д[...] қолданыстағы заңнаманы сақтау мақсатында және жұмыстың мүддесі бойынша өз міндеттерін орындау үшін Қоғамдық кеңес төрағасы Е[...] атына жоғарыда аталған хат жазып, қойылған сұрақтарға жауап алуға бағытталғаны анықталды. Сонымен Д[...] Е[...] абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіріп, оның беделін түсіруге бағытталған қасақана пиғылы болмаған, ол өзінің әрекетінен қандай да болса зардаптардың болуын қаламаған. Д[...] адалдық ниетпен өзінің хат арқылы таратқан мәліметтерінің шындық екеніне сенген.

Осыған байланысты, сот бұл мән-жайдың өзі тұлғаны жауапкершілікке тартуға негіз бола алмайды деп есептейді, өйткені Д[...] онда болған ақпаратты тексеруге конституциялық құқығын пайдаланды. Сондықтан, Д[...] хаты жалған ақпарат тарату фактісін дәлелденген деп есептеуге негіз болып табылмайды.

Сондай-ақ, жәбірленуші Е[...] Д[...] жазған хаты салдарынан көпшілік алдында оның абыройы мен қадір-қасиетіне қандай нұқсан келгені, іскерлік беделі түскені ашып айтпады, тиісті дәлелдемелер табыс етпеді.

Сот отырысында зерттелген дәлелдемелер жиынтығы бойынша Д[...] ӘҚБтК 73-3-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған кінәлілігі анықталмады.

ӘҚБтК-нің 741-бабының 1-бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес, әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамы болмаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс тоқтатылуға жатады.

Демек, іс бойынша істің нақты мән-жайлары туралы зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі және іс бойынша заңды дұрыс қолданбау орын алған, яғни бұл ӘҚБтК-нің 839, 840-баптарына сәйкес, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қаулыларының күші жойылып, Д[...] қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізу тоқтатылуына, ал ұсыну қанағаттандыруға жатады деп санайды.

ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 1-бөлігі бойынша Д[...] қатысты Қызылорда облысы Сырдария аудандық сотының 2025 жылғы 25 қыркүйектегі, Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қазандағы қаулыларының күші жойылсын.

Д[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 1-бөлігі бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.А.Мусетов

Судьялар Г.Б.Даулетова

М.К.Сатыбалдин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.