6003-25-00-2к/5195
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 28 сәуір
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор М[...], талап қоюшы өкілі Ш[...], жауапкер Т[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шарушылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер «Жаңаөзен қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Мекеме), Т[...] жер учаскесін жалға беру келісім шартын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Т[...] Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешімімен Департаменттің талап қоюы қанағаттандырылған.
Мекеме мен Т[...] арасында жасалған 2023 жылғы мамырдағы №146 жер учаскесін жалдау туралы келісім шарты жарамсыз деп танылған.
Жаңаөзен қаласы, «№2 өндірістік аймақ, №[...] учаскесі мекенжайында орналасқан кадастрлық нөмірі [...], көлемі 1,2000га жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жауапкер Т[...] кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде
бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, 2022 жылғы 2 қыркүйектегі № 3140 жер учаскесін жалдау құқығымен сатып алу-сату шарты негізінде жауапкер Т[...] тиесілі Жаңаөзен қаласы, № 2 өндірістік аймақ, № [...] учаске, нысаналы мақсаты құрылыстар мен ғимараттар құрылысы үшін, көлемі 0,0286 гектар, кадастрлық нөмірі [...] игерілмеген (мақсатына сәйкес құрылыс жоқ) жер учаскесін кеңейту үшін қосымша кадастрлық нөмірі [...] (1,2000 га) жер учаскесі 2023 жылғы 26 қаңтардағы жер комиссиясы отырысының № 03-06/09 хаттамасына сәйкес 3 жылға жалға берілген.
Жаңаөзен қаласы әкімінің 2023 жылғы 25 сәуірдегі № 200 қаулысы негізінде Мекеме мен жауапкер Т[...] арасында 2023 жылы 2 мамырда № 146 жер учаскесін жалға беру шарты жасалған. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (әрі қарай - Жер кодексі) 48-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру, осы тармақтың 1)-21) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда сауда-саттықтарда (аукциондарда) жүзеге асырылады. Осы баптың 5 тармақшасының талабына сай, жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығы жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды)пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды,ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшін беріледі.
Көрсетілген заң талабына сәйкес, қосымша жер учаскесін беру үшін қосымша берілетін жер учаскесі негізгі учаскемен іргелес орналасуы, кеңейту және реконструкциялауға жататын жердің нысаналы мақсатына сәйкес ғимараттың немесе құрылыстың болуы, қосымша сұралып отырған жер учаскенің сәулет қала құрылысы құжаттамасына сәйкес болуы талаптары сақталуы қажет.
Даулы жер учаскесі жауапкермен негізгі жер учаскесі нысаналы мақсатына сәйкес игерілмегеніне қарамастан Жер кодексінің 48-бабының 1- тармағының 5) тармақшасының талабы бұзыла отырып, сауда-саттық өткізілмей берілгенін өз дәлелін тапты.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 157бабының 1-тармағына сәйкес, егер мәміле жарамсыздығының өзге де салдарлары осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделмесе, мәміле жарамсыз болған кезде тараптардың әрқайсысы – екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның барлығын қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкін болмағанда (оның ішінде, алынғандар мүлікті пайдалану, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет түрінде болғанда) қайтарылуға жататын мүліктің құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын ақшалай өтеуге міндетті.
Бірінші сатыдағы сот іс құжаттарға тіркелген дәлелдемелер жиынтығына құқықтық баға беріп, талап қоюшының талаптарын негізді және қанағаттандырылуға жататыны туралы дұрыс қорытындыға келген. Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Жауапкердің шағымдағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Ж[...] іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық сотының 2025 жылғы 29 сәуірдегі шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.