6001-20-00-3гп/450
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 3 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші М.Таймерденовтің,
судьялар С.Ж.Абдолла, М.Ж.Бектұрғановтың, прокурор У[...],
талап қоюшы С[...], оның өкілі С[...],
жауапкер өкілі Д[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы С[...] жауапкер «Түркістан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Полиция департаменті) бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Полиция департаментінің өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Полиция департаментінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 497 ж/қ бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жою, Сайрам аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі ( бұдан әрі - Полиция басқармасы ) патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы лауазымына қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 30 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, шешімнің қанағаттандырудан бас тарту туралы бөлігінің күші жойылып, осы бөлігінде жаңа шешім қабылданған.
Полиция департаментінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі бұйрығының С[...] қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
С[...] Полиция басқармасының патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы лауазымына қайта орналастырылған.
Жауапкерден амалсыз бос жүрген уақыт үшін 926 324 теңге жалақы және мемлекет кірісіне 9 263 теңге мемлекеттік баж өндірілген. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Полиция департаменті өтінішхатында іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын, қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатынын көрсетіп, апелляциялы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін, талап қоюшының және оның өкілінің қарсылығын, прокурордың апелляциялық сот алқасы актісінің күшін жойып аудандық соттың шешімін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актісінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Н[...] 2019 жылғы 4 тамыздағы бұйрық негізінде Полиция басқармасының патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы лауазымына тағайындалған. 2020 жылғы 4 ақпанда наряд бойынша Сайрам ауданындағы Ақсукент елді-мекені аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция инспекторлары С[...] пен Н[...] қызмет атқару барысында С[...] басқаруындағы автокөлікті тоқтатып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің ( әрі қарай - ӘҚБтК ) 599-бабының 1-бөлігімен және 595-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырған.
2020 жылғы 6 ақпанда С[...] Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына арызданып, Н[...] пен С[...] өзінен 70000 теңгені жүргізуші куәлігін қайтарып беру үшін талап еткенін көрсетіп, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған. Аталған арыз Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің ( әрі қарай - ҚК ) 190-бабы 2-бөлігінің 3) тармағымен ақпараттарды есепке алу кітабына тіркелген.
Арнайы бейнежазу құрылғысымен жүргізілген жасырын тергеу әрекеттері барысында 2020 жылғы 6 ақпанда С[...] пен Н.Ж.Н[...].С[...] автокөлікке отырғызып, Сайрам аудандық полиция басқармасының әкімшілік ғимаратына келіп, С[...] ғимараттың ішінен С[...] жүргізуші куәлігін алып шығып, өз кезегінде С[...] одан талап етілген ақша қаражатын Н[...] бергені, кейін ол С[...] жүргізуші куәлікті алып, С[...] қайтарып бергені анықталған.
2020 жылғы 2 наурыздағы № 917 сот сарапшысының қорытындысына сәйкес С[...] оң және сол қолдарынан алынған сүртінділерінде арнайы химиялық заттарға жататын люминесцентті заттың қабатталулары, олар салыстырмалы үлгі ретінде ұсынылған арнайы ұнтақ үлгісімен бір маркалы люминофорларға жатады.
2020 жылғы 31 наурызда Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің ( әрі қарай - ҚПК ) 35-бабының негізінде С[...] қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған.
Осыған байланысты, ҚПК-нің 35-бабының 9 бөлігіне және 200-бабына сәйкес, С[...] және тағы да басқа полиция қызметкерлерінің бірлесіп, С[...] жүргізуші куәлігін қайтарып беру үшін одан 70000 теңге алғанын, яғни сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттерге жол бергені үшін қызметтік тексеру жүргізіп, оларды ішкі істер органдары қатарынан босату мәселесін қарау үшін Полиция департаментіне ұсыныс жолданған.
Сонымен қатар,2020 жылғы 2 наурызда С[...] әріптестерімен Т[...] басқаруындағы автокөліктің оның бағытында келе жатқан жаяу жүргіншілерге жол бермегенін көріп, тоқтатып, алкоголь ішімдіктерді пайдаланғанын тексеру үшін оны Шымкент қаласының наркологиялық орталығына медициналық куәландырудан өткізу үшін жеткізген.
Аталған мекемеде орнатылған бейнекамералардың жазбаларына сәйкес полиция қызметкерлері азамат Т[...] сараптамадан өткізіп, алайда нәтижесін алмаған. Сонымен қатар, дәрігер көмекшісінің өзі алкотест құралына үрлеп, Т[...] екі талдау қорытындысына қол қойдырғаны көрінген.
Сол күні Т[...] Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына арызданып, полиция қызметкерлерінің жүргізуші куәлігінен айырмау үшін өзінен 200000 теңге ақша талап еткені туралы көрсеткен. Арызы 2020 жылғы 2 наурызда ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігінің 3) тармағымен ақпараттарды есепке алу кітабына тіркелген.
2020 жылғы 3 наурызда полиция қызметкері Қ[...] дәрігерден медициналық куәландыру қорытындысын алып кеткен.
Полиция қызметкері М.М[...] Т[...] кездесіп, оның пара сомасын алып келгенін біле тұра, киімін тексеру барысында арнайы дыбыс және бейнежазба құралдарын байқап, Т[...] қатысты шешім ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес қабылданатыны туралы айтқан. К[...].Т[...] қатысты 2020 жылғы 3 наурызда сағат 10:00де ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен жасақталған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама анықталған, алайда аталған құжат өткен уақытпен дайындалғаны құқық бұзушы тұлғаның сол уақытта Полиция департаментінде Өзіндік қауіпсіздік басқармасында болу фактісімен расталған.
2020 жылғы 29 сәуірде С[...] және тағы да басқа тұлғалардың әрекеттерінде ҚК-нің 190, 416-баптарымен көзделген немесе басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгілері болмауына және дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына байланысты сотқа дейінгі тергептексеру тоқтатылған.
2020 жылғы 29 сәуірде Полиция департаментінің тәртіптік комиссиясы С[...] ішкі істер органдары қатарынан шығару жөнінде ұсыным жасау туралы шешім қабылдаған.
Полиция департаментінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 497 ж/қ бұйрығымен С[...] «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі ( әрі қарай - Әдеп кодекс ) 5-тармағының 11) тармақшасындағы талаптарын бұзғаны үшін «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ( бұдан әрі - № 380-ІV Заң ) Заңының 80-бабы 1- тармағының 12) тармақшасына сәйкес ішкі істер органдары қатарынан шығарылған.
Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, С[...] мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға бола тұра, құқық бұзушы Т[...] масаң күйін жоққа шығару үшін және аталған фактіні жасыру мақсатында заңсыз іс-әрекеттерге жол беріп, олар іске аспауына байланысты, әкімшілік құқық бұзушылық хаттаманы өткен уақытпен жасағанын көрсеткен.
Сонымен бірге, құқық бұзушы С[...] жүргізуші куәлігін қайтарып беру үшін заңсыз ақша алу фактісі табыс етілген ақша купюраларындағы арнайы химиялық заттары екі қолынан алынған сүртінділерінен анықталғанын атап өткен.
Апелляциялық сатыдағы сот, шешімді өзгерте отырып, С[...] қатысты қозғалған қылмыстық істің оның кінәсі дәлелденбеуіне байланысты тоқтатылғанын, ақша қаражатын бопсалағаны, қызметтік тәртіпті және Әдеп кодексінің талаптарын бұзу фактісі дәлелденбегені назарға алынбағаны, сонымен қатар, оның ведомстволық медициналық ұйымға жүгінбеуі оның еңбекке уақытша жарамсыз болмағанын білдірмейтінін, пандемия кезеңінде ауырған адамдардың саны көп болуына байланысты азаматтардың емделетін медициналық ұйымдарды таңдауға мүмкіндігі болмағаны соттың назарынан тыс қалдырылған деген тұжырымға келген.
Сот алқасы келесі негіздер бойынша апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот актілері материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.
№ 380-ІV Заңының 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін қызметкерлер жұмыстан шығарылады.
«Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында қызмет өткерудің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2011 жылғы 27 мамырдағы № 246 бұйрығының 1 тармағы 16) тармақшасымен бекітілген ( Әділет министрлігінде № 7032 санатымен 2011 жылдың 24 маусымында тіркелген ) « Ішкі істер органдарындағы қызметін тоқтатқан қызметкерлерді Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының кадрынан шығару қағидаларының» 14 тармағында қызметтік тәртіптің өрескел бұзылуының түсінігі берілген.
Әдеп кодексінің 5-тармағының 2), 11) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілер адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуы және қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануы тиіс. Ішкі істер министрлігімен 2016 жылғы 31 қазанда бекітілген № 1-18-122-/4371 «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттары» туралы нұсқаулығының 2- тармағының 2), 3), 5), 6), 8), 10), 13), 14), 17), 18), 19) тармақшаларына сай өзінің күнделікті қызметінде ішкі істер органдарының қызметкері заңдылықтың қағидаттарын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтауы, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды және қорғауды қамтамасыз етуі, мүдде даулары туындағаны, қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі жеке мүддесі туралы, сыбайлас жемқорлық жүріс-тұрысқа және сыйлықтар алуға итермелеу туралы тікелей немесе тура басшысына баяндауы, қызметтік міндеттерін орындау кезінде жеке және (немесе) пайдакүнемдік мүдделерін басшылыққа алмауы, басқа да адамдарды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға итермелемеуі және мұндай іс-әрекеттерді қолдамауы, қызметтік өкілеттіктерді орындаумен байланысты сыйлықтар алмауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауда, жоғары құқықтық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті ұстануы және әріптестерінен талап етуі, туындауы мүмкін мүдделер жанжалының, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың және олардың салдарларының себептері мен жағдайларын жою жөніндегі шараларды ұдайы негізде қабылдауы, кірістер алумен байланысты кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметті жүзеге асыруда біреуге көмек көрсетуден бас тартуы тиіс.
Осы орайда С[...] өзінің тарапынан лауазымдық міндеттерін жеткілікті дәрежеде орындамай, Әдеп кодексінің талаптарын бұзып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қағидаларын сақтамаған.
Сондықтан қылмыстың дәлелденбеуіне байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің тоқтатылуы, оны тәртіптік жауаптылықтан босатпайды.
С[...] өзінің іс-әрекеттерімен, автокөлік жүргізушісі Т[...] мастық жағдай фактісін жоққа шығаруға толық мүмкіндік жасап, алайда жоспарлаған іс-әрекеттері жүзе аспағанын түсініп, жасыру мақсатында жүргізушіге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы Н[...] өткен уақытпен жасаған деп, Түркістан қалалық соты талап қою арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы дұрыс шешім қабылдаған. Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот, талап қоюшының еңбекке уақытша қабілетсіздігі кезеңінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға жол берілмейтіні туралы уәждеріне, оның құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арналған ведомствалық медициналық ұйымға баруына мүмкіндігінің болмағанын растайтын дәлелдемелердің жоқтығын ескеріп, жеке меншік медициниалық ұйымына жүгініп, ем алғаны туралы уәждерін негізсіз деп, дұрыс тұжырымға келген.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтініште келтірілген мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды. Апелляциялық сот алқасының жіберілген кемшіліктері заң талаптарын өрескел бұзғаны болып табылады, себебі олар істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.
Осыған орай, апелляциялық қаулының күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдыруға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 12 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.
Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 30 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын.
«Түркістан облысының полиция департаменті» ММ-нің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
М. Таймерденов С. Абдолла М. Бектұрғанов
Көшірмесі дұрыс. Судья С. Абдолла
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.