ҚАУЛЫ
2026 жылғы 22 қаңтар № 6003-25-00-4к/2281 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова, судьялар – Г.М.Ыдырысова, Д.Н.Нұрлыбаева болып, прокурор Р.Б.Казмуханбетовтың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 11 қарашадағы анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамасын заңсыз деп тану, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 ақпандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Сот актілерімен келіспей, талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерінің күшін толық жоюды, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.
Кассациялық сатыдағы сот прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2024 жылы 30 қазанда Басқармамен «АТС ГРАД» ЖШС-нің арасында мемлекеттік сатып алу туралы №71 келісім шарты түзіліп, онда мердігер «АТС ГРАД» ЖШС-гі Шымкент қаласының аумағының функционалдық аймақтарына құрылыс салудың қала құрылысы регламенттерін әзірлеумен бас жоспар мен егжейтегжейлі жоспарлау жобаларының функционалдық аймақтарға бөлу схемасын жүйелеу және жиынтық жоспарын жасауға міндеттенген.
2024 жылы 30 қазанда Басқарма мен «ARCHBUILD GROUP» ЖШСнің арасында мемлекеттік сатып алу туралы №72 келісім шарты түзіліп, онда мердігер «ARCHBUILD GROUP» ЖШС-гі Шымкент қаласының шағын сәулеттік абаттандыру нысандары бар (дизайн-код) қолданыстағы ғимараттардың қасбеттерінің бірыңғай сәулеттік стилін әзірлей отырып, қызыл сызықтар шегінде жол желісінің қолданыстағы жағдайын түзету бойынша жұмыстар жасауға міндеттенген.
2024 жылдың 13 тамызынан 15 қазанына дейін Ж.Байгутовтың, С.Маханбетованың арыздары негізінде Департаментпен Басқармаға қатысты Шымкент қаласының бас жоспары бойынша қала құрылысы регламентін және Шымкент қаласының дизайн-кодын әзірлеу мен жер телімдеріне түгендеу жұмыстарын жүргізуге бюджет есебінен бөлінген қаражаттың пайдалануының Қазақстан Республикасы заңнамаларының сәйкестігіне жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
2024 жылдың 11 қарашадағы анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамасы жолданған. Онда 2024 жылдың 12 желтоқсанға дейін 137 840,1 мың теңге сомасында инженерлік-топографиялық жоспарларды жаңарту және инженерлік-геодезиялық ізденістер жөніндегі жұмыстарды орындау жолымен қалпына келтіруді қаматамасыз ету, анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау туралы нұсқау берілген.
Сотта анықталғандай, бюджеттік өтінімге Басқарманың бұрынғы басшысы Е.Нұразхановпен бекітілген «Қала құрылысын жобалау орталығы» ЖШС-гі жасаған сметалық құжат тіркелген. Сметаның құны әрбір жұмыс бойынша 344 0326, 6 мың теңге және 187 931,25 мың теңге.
Алайда аталған жұмыстар Басқарманың кейінгі басшысы Н.Жүнісбековпен бекітілген «Yassy Project» ЖШС-нің жасаған сметамен жұмыс жасалғаны анықталған. Сметаның құны 344 032, 6 мың теңге және 187 931,25 мың теңге болып өзгермеген. Алайда бірінші сметада инженерлік-топографиялық жоспарларды жаңарту жұмыстары және инженелік-геодезиялық ізденістер жобасы қарастырылмаған.
Басқармамен аталған сметаны қолданып жұмыс жасағаны заңсыз деген төмен тұрған соттардың тұжырымымен кассациялық сот келіседі. Сонымен қатар, тексеру барысында және сот отырысында анықталғандай жүйелендіру жұмыстарында және дизайн-коды бойынша орындалған жұмыстарда топографиялық-геодезиялық бөлігінде қателіктер орын алған.
«Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты» ШЖҚ РМК-ның, «Мемқалақұрылыскадастры» РМК-ның мамандарының қатысуымен жасалған тексеруде анықталғаны:
Жүйелендіру жұмыстары бойынша: 1:10000 масштабтағы топографиялық түсірілімді жаңарту бойынша орындалған жұмыстар қате жасалған; стереотопографиялық түсіру және GNSS қабылдағышын қолдану арқылы түсіру тұрғысындағы бөлігінде топографиялық-геодезиялық жұмыстардың технологиясы бұзылған; техникалық жобалау – орындалмаған; геодезиялық қамтамасыз ету – жоспар-биіктік негіздеу жүргізілмеген; интернеттен алынған спутниктік суреттер пайдаланылған; аэрофототүсірілім деректерін бастапқы өңдеу жүргізілмеген, интернеттен алынған кескіндер қатаң контурлар бойынша түсірілген, бұл ретте фотограмметриялық технологиясын бұзу болып табылады; суреттерде фотограмметриялық өңдеу - орындалмаған; GNSS қабылдағышын қолдану арқылы түсіруді аяқтау бойынша дала жұмыстары технологияны бұза отырып жүргізілген; жұмыстар орындалмаған немесе технологиясын бұза отырып орындалған, осыған байланысты келесі өндіріс кезеңінде пайдалануға болмайды; шифрды шешу бойынша дала жұмыстары – ішінара жасалған; картаны жаңарту және жер бетіндегі объектілерін векторлау бойынша жұмыстар – жетілдіруді талап етеді және аэрофототүсірілім, далалық және фотограмметриялық жұмыстар технологиясы бұзылған.
Бұдан бөлек, функционалдық аймақтарға бөлудің жобалық жоспарының схемасы (жүйелеу материалдары) жалпы алғанда шешімдерді егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының (бұдан әрі – ЕТЖЖ) деңгейіне дейін белгілі бір бөлшектеумен бас жоспардың функционалдық аймақтарға бөлу схемасымен бірдей. Шартты белгілер ЕТЖЖ-ға қолданылатын егжейтегжейлі ақпаратты көрсетеді. «АТС ГРАД» ЖШС-нің фрагменттерде жүйелеу материалдары мен ЕТЖЖ функционалдық аймақтарға бөлінуінің сәйкессіздігі анықталған. ЕТЖЖ бойынша өнеркәсіптік ( өндірістік) аймақтар, ал жүйелеу материалдарында аталған аумақта сондай-ақ тұрғын үй құрылысы, білім беру мекемелері және т.б. аумақтар көрсетілген.
Берілген схемалардың цифрлық базалары нормативтік құрылымға («Қала құрылысы жобаларын (елді мекендердің бас жоспарлары, егжей- тегжейлі жоспарлау жобалары және құрылыс салу жобаларын) әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын бекіту туралы» ИИДМ-нің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №505 бұйрығы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі нормативтік құжат» ҚР ҚН 9.01-01-2022) сәйкес келмейді.
Сонымен жүйелендіру жұмыстары қабылданып, сол жұмыстарға бюджет қаражаты есебінен жалпы 309 629,3 мың теңге сомасы жұмсалынғаны, оның ішінде, сметалық құжатпен бекітілген 112 372,8 мың теңге сомасындағы инженерлік-топографиялық жоспарларды жаңарту жұмыстары бойынша «АТС ГРАД» ЖШС-мен жасалған міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамағаны анықталған.
Дизайн-коды жұмыстары бойынша геодезиялық қамтамасыз ету жүргізілмеген, жерсеріктік технологияны пайдалана отырып, жағдайды және рельефті түсіру бойынша жұмыстарды орындау технологиясы бұзылған. Аэрофототүсірілім және фотограмметриялық жұмыстардың технологиясы бұзылған. Аэрофототүсірілім, далалық және фотограмметриялық жұмыстар жүргізілмеген немесе технологияны бұза отырып жүргізілген, сондықтан 1:500 масштабтағы цифрлық топографиялық жоспарларды құру үшін пайдалануға болмайды. Инженерлік желілер туралы мәліметтер сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары, құрылыс және коммуналдық шаруашылық саласында бұдан әрі пайдалану үшін жарамсыз. Жұмыс процесінде техникалық бақылау жүргізілмеген.
Сонымен 1:500 және 1:10000 масштабтағы топографиялық түсірілімдер бойынша камералдық және дала жұмыстары туралы есеп қорытындысына сай 1:500 масштабтағы топографиялық түсірілімдер бойынша орындалған жұмыстар нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес келмейді, жұмыстарды орындау технологиясы бұзылғаны анықталған. Дизайн-код жұмыстары қабылданып, сол жұмыстарға бюджет қаражаты есебінен жалпы 184 172,6 мың теңге сомасы жұмсалынғаны, оның ішінде, сметалық құжатпен бекітілген 25 467,3 мың теңге сомасындағы инженерлік-геодезилық ізденістер жөніндегі жұмыстар бойынша «ARCHBUILD GROUP» ЖШС-мен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шартына сәйкес өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамағаны анықталған.
Сонымен қатар, тексеру барысында ортофотопландарды жасау технологиясы сақталмағаны, қолданылған ғарыштық суреттер белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталған.
Осы көрсетілгеннің негізінде кассациялық сот төменгі соттардың тұжырымымен келісіп, жауапкер тарапынан талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылмаған деп санайды. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымдардың иелерінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 ақпандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә.Назарова
Судьялар
Г.Ыдырысова
Д.Нурлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.