ВС РК - Постановление от 10.06.2024 по делу 6001-24-00-3Г/122(3) (Гражданское)

6001-24-00-3г/122(3)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 10 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж.Бектұрғанов талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Атырау облысының жер ресустарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «НЛ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскесін меншік иесінен мәжбүрлеп алып қою туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылдың 25 шілдесіндегі қаулысына талап қоюшы өкілі Ж[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 10 мамырдағы шешімімен Атырау облысының жер ресустарын басқару департаментінің талап қою арызы қанағаттандырылған.

««НЛ[...]»» ЖШС-нің меншік құқығындағы Атырау қаласы, Ширина өңдірістік аймағы, №80А құрылыс мекен-жайында орналасқан, мақсаты монша, шаштараз, кафе құрылысын салу және пайдалану үшін, көлемі 0,0800 гектар, кадастрлық №[...], жер учаскесі мәжбүрлеп алынған.

««НЛ[...]»» ЖШС-нің меншік құқығынан мәжбүрлеп алынып қойылған Атырау қаласы, Ширина өңдірістік аймағы, №80А құрылыс мекенжайында орналасқан, мақсаты монша, шаштараз, кафе құрылысын салу және пайдалану үшін, көлемі 0,0800 гектар, кадастрлық №[...], жер учаскесі меншік құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында және Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатылуға, жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою шығыстары шегерiлгеннен кейін түскен сома жер учаскесінің бұрынғы меншiк иесi ««НЛ[...]»» ЖШС-не төленуге жататыны белгіленген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылдың 25 шілдесіндегі қаулысымен сот шешімі күші жойылған.

Іс бойынша жаңа шешім шығарылып, талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған қаулының күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.

Сотта анықталғандай, 2016 жылғы 18 ақпандағы сатып алу сату шарты негізінде ««НЛ[...]»» ЖШС-гі Атырау қаласы, Балықшы ауылдық округі, Ширина өңдірістік аймағы, №80А құрылыс мекен-жайында орналасқан, көлемі 0,0800 гектар, кадастрлық №[...] жер учаскесін сатып алған.

2016 жылғы 22 ақпанда ЖШС-нің атына жер учаскесіне жеке меншік құқығы тіркеліп, 2016 жылғы 3 наурызда акт алынған.

Атырау қаласы әкімінің хаты негізінде «Атырау облысы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - ММ) 2020 жылғы 2 қарашада жауапкерге берілген аталған жер учаскесіне тексеру жүргізіліп, мақсаты бойынша игерілмегені анықталып, ЖШС-не жеке меншігіндегі жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану қажеттігі туралы бір жыл мерзімге №03 нұсқама табыс етілген.

2022 жылғы 13 шілдеде жасақталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жерлерге далалық зерттеу жұмыстарын жүргізу актісіне сай, жер учаскесі нысаналы мақсатына сәйкес игерілмегені анықталған.

Бірінші сатыдағы сот жауапкер ««НЛ[...]»» ЖШС-нің тарапынан сотқа жер учаскесінің дәлелді себептермен игерілмегеніне көрсететін дәлелдемелер ұсынылмағанын, соның ішінде ол заңды тұлға бола тұра, уәкілетті органнан жер учаскесінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге күні бүгінге дейін рұқсат алмағанын, жауапкердің эскиздік жоба жұмыстар жүргізіп, суға, тоққа техникалық шарттар алуы жер учаскесін игерудің бастапқы бір бөлігіне саналатындығын, олар өздігінен жер учаскелерін игерілген деп тануға жеткілікті негіз бола алмайтындығын, іс құжаттарына тіркелген фотосуреттерде ешқандай құрылыс салынбағанын жердің игерілмегенін көрсетіп талап қоюшының талабын қанағаттандыруға жатады деп есептеген.

Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, талап қоюшы Атырау облысының жер ресустарын басқару департаменті тарапынан жауапкер ««НЛ[...]»» ЖШС-нен іс бойынша берілген талап қою арызында көрсетілген жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап, 2020 жылы 3 желтоқсандағы Атырау қаласының әкімінің №2861 қаулысымен жер учаскесінің нысаналы мақсаты үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсетуге өзгертілгені және жауапкер ««НЛ[...]»» ЖШС-не осы өзгертілген нысаналы мақсатына сәйкес игеруге кедергі келтірген объективті себептердің орын алғаны ескерусіз берілгені, сонымен бірге бірінші сатыдағы сотпен іс қаралып, шешім шығарылғанға дейінгі уақыт ішінде жауапкер ««НЛ[...]»» ЖШС-гі мен жер учаскесін игерумен байланысты нақты бірқатар әрекеттер жасалғаны, қазіргі кезде жер учаскесі өзгертілген нысаналы мақсатына сәйкес игерілу сатысында екендігі анықталуы негізінде, бұндай жағдайда ол жер учаскесін жауапкерден соттың шешімімен мәжбүрлеп алып қою ақылға қонымды және әділетті шешім болып табылмайды деген.

Өтінішхат иесі өтінішхатта сот алқасының тұжырымымен келіспей, жауапкердің іс әрекеттерін яғни хат алмасуларды жерді мақсатына сай игеру деп есептепейтіндігін, даулы жер учаскесі табысталғаннан бері 14 жыл өткенін, мақсатына сай пайдаланылмаған, қандай да бір игеру жұмыстарының жүргізілмегенін, құрлыстың басталмауын атап айтқан.

Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.

АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылдың 25 шілдесіндегі қаулысына талап қоюшы өкілі Ж[...] келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья М.Бектұрғанов Көшірмесі дұрыс Судья М.Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.