Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 26.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/3580 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/3580

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 26 қаңтар Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы А.С.Абдиевтың, жауапкер өкілдері Ж.М.Күлтебайдың, М.А.Сералиеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Агабек Сейтханович Абдиевтың жауапкер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтарды заңсыз деп тану жайлы электрондық азаматтық ісін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

А.С.Абдиев сотқа аталған талап қою арызымен жүгінген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің А.С.Абдиевке мемлекеттік қызметтен төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы 2024 жылғы 11 қазандағы №1317ж/қ бұйрығы заңсыз деп танылып, талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот шығыстарына қатысты мәселе шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, А.С.Абдиевтің жауапкер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 11 қазандағы №1317-ж/қ лауазымын төмендету түріндегі жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандыру туралы шешімнің бөлігінің күші жойылып, талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Талап қоюшы апелляциялық сатыдағы сотымен қабылданған сот актісімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты оның күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі-Заң) 43-бабының 1-тармағы бойынша мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылықта болады.

Заңның 44-бабының 1, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі - теріс қылық) – мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы.

Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге қатаң сөгіс жаза түрі қолданылуы мүмкін.

Заңның 46-бабының 2 - тармағы бойынша, жауаптылыққа тартылатын мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) және шешiмдерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларында (бұдан әрі - Қағидалар) мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығын қарау тәртібі көзделген.

Еңбек шартын осы негіздер бойынша бұзу Еңбек кодексінің көзделген тәртіптік жаза қолдану тәртібі сақтала отырып жүргізілуі мүмкін тәртіптік жауаптылық түрлерінің бірі болып табылады.

Тәртіптік жаза түрін (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, еңбек шартын бұзу) таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылатынын және ол жұмыскер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушінің құзыретіне жатады.

Сотпен анықталғандай, Комитет төрағасының міндетін атқарушы С.Тюлегеновтың 2024 жылғы 11 қазандағы №1316-ж/қ бұйрығымен талап қоюшыға қызметтік міндеттерін қажетті деңгейде жүргізбегені нәтижесінде Түркістан облыстық аумақтық инспекция басшысы болып қызмет атқарған

П.Д.Мұсаевтың мемлекеттік автотранспортты жеке қажеттілігі мақсатында иемдену фактісі орын алғаны үшін қатаң сөгіс жарияланған. Комитетпен жүргізілген тексерудің қорытындысымен Түркістан облысында 2024 жылдың 7 ай бойынша 12 қолайсыз пункт тіркелген, 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11 қолайсыз пунктке ұлғайғаны, құтыру ауруы бойынша 10 ошақ, 1 бруцеллез ауруы тіркелгені анықталған. Аталған фактілер бойынша Комитеттің 2024 жылғы 11 қазандағы № 1317-ж/қ бұйрығымен А.С.Абдиевке өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін, яғни мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру тәртібін тиісті деңгейде жүргізбегендігі тәртіптік теріс қылық болғандықтан, мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының (әрі қарай – Қағидалар ) 27-тармағына сәйкес алып тасталмаған ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түрiнде қолданылған жаза болған кезде мемлекеттік әкімшілік қызметші жасаған теріс қылық елеулі теріс қылық болып табылады, ол үшін қызметшіге қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түрiндегi жаза қолданылады. Бұл ретте, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес негіздер бойынша қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түрiндегi тәртіптік жаза көзделген тәртіптік теріс қылықтарға жол берілген жағдайларда, қызметiне толық сәйкес еместiгi туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түрiндегi тәртіптік жаза алынбаған тәртіптік жазаның болуына қарамастан қолданылады.

Осыған байланысты, А.С. Абдиевте 2024 жылғы 11 қазандағы № 1316ж/қ бұйрықпен жүктелген міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қатаң сөгіс тәртіптік жазасы болғандықтан, Комитеттің Биологиялық қауіпсіздік басқармасының 2024 жылғы 21 тамыздағы қызметтік хатында көрсетілген А.С. Абдиевпен жасалған тәртіптік теріс қылық елеулі теріс қылық болып табылады.

Осы ретте, Қағидалардың 29-тармағына сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметшiнiң тәртіптік терiс қылық жасауы тәртіптік жаза қолдану үшiн негiз болып табылады. Осы себепті, А.С. Абдиев басқаратын Түркістан облысы бойынша эпизоотиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Заңның 43, 44-баптарына сәйкес мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік елеулі теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолданды.

Апелляциялық сатыдағы сотының тұжырымдары сот қаулысында ашып көрсетілген, кассациялық сотқа бұрын соңды зеттелмеген жаңа дәлелдер ұсынылмағандықтан олар қосымша уәждеуді қажет етпейді.

Осы мән-жайларға байланысты сот қаулысына өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін заңда көзделген негіздердің болмауына байланысты кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 сәуірдегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Джаппарова

А.Есдаулетов

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.