Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/5083 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/5083 (2) Қ А У Л Ы

2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

М.Т. Кадырова,

талап қоюшының өкілі А.Х. Ахетовтың,

жауапкердің өкілі Д.Бисаревтың, аудармашы Ш. Ерболатқызының қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Қызылорда облысы бойынша Қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Луч-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі талап қоюшының Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 25 сәурдегі шешімі мен Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

АНЫҚТАДЫ:

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Қызылорда облысы бойынша Қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемеcі (әрі қарай - Қазынашылық департаменті) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің өтінімдері бойынша жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар бойынша анық емес ақпарат беру фактісі анықталғанын негізге алып, жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған.

Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 25 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот шағымды қолдаған талап қоюшы өкілін, шағымға қарсылық білдірген жауапкер өкілін тындап, іс материалдарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Жергілікті соттар талап қоюшы жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану жөнінде талап қоюды заңмен бекітілген мерзімді өткізіп берген деген тұжырымдамаға келіп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

Кассациялық сот жергілікті соттардың қорытындылармен толық келіседі.

Анықталғандай, мемлекеттік сатып алудың веб-порталы арқылы Департаменттің электрондық депозитарий бөлімінің қарауына 2024 жылдың сәуір айында әлеуетті өнім беруші «Луч-2050» ЖШС-нің нөмірлері 3656058, 3655093, 3655481 өтінімдері келіп түскен.

Өтінімдерде көрсетілген құрылыс объектілері бойынша бас мердігер ретінде «Луч-2050» ЖШС-і туралы мәліметтер жоқ екендігі туралы ақпарат тиісті мемлекеттік органдардан 2024 жылғы 1-7 қазан аралығында алынған.

2024 жылғы 5 қарашада Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінен әлеуетті өнім беруші «Луч-2050» ЖШС-нің электронды депозитарийдағы жұмыс тәжірибесін растайтын №№3656058, 3655093,3655481 өтінімдердегі мәліметтерін анық емес ақпарат бергені үшін бұғаттау туралы өтініші «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінен келіп түскен.

«Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген, Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 98-тармағына (бұдан әрі-Қағида) сәйкес, әлеуетті өнім берушілер электрондық депозитарийді қалыптастыру және жүргізу кезінде анықталған әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар бойынша дұрыс емес ақпарат ұсынған жағдайда, уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері осындай факті туралы өзідеріне белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, осындай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап-арызбен жүгінеді.

Қағида талаптарына сәйкес, электрондық депозитарийді уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері қалыптастырады.

Қазынашылық департаменті жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен Қағидада белгіленген мерзімдерде сотқа жүгінуге міндетті.

Бұл мерзімдер түпкілікті болып табылады, осы мерзімдердің өтуі өнім берушіні жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

Талап қоюшы жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану жөнінде талап қоюды заңмен бекітілген мерзімді өткізіп, 2024 жылғы 4 желтоқсанда берген. Соттар талап қою 2024 жылғы 1 қарашаға дейін сотқа берілуге тиіс деген дұрыс қорытындыға келіп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

Сот актілерін жоюға әкеп соғатын материалдық немесе процесстік құқық нормаларының бұзылуы анықталмаған. Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері соттармен қаралып, оларға дұрыс құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сатының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б.Бастаубаев

Судьялар Н.О. Косанов

М.Т. Кадыро ва

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.