ҚАУЛЫ
2025 жылғы 30 қыркүйек № 6003-25-00-4к/370 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова,
судьялар – Г.М.Ыдырысова, Д.Н.Нұрлыбаева болып,
талап қоюшының өкілдері Н.Мусакулов Н., Ж.Намазбаев,
мүдделі тұлғалардың өкілдері М.А.Байжиенов, Т.Сарсеналиевтың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы дара кәсіпкер Намазбаев Нурболат Нарбекулының жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қойған қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою, конкурс қорытындыларын қайта қарауды міндеттеу, қызмет көрсету туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы қаулысына мүдделі тұлға «Ауезов Б» дара кәсіпкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы дара кәсіпкер Намазбаев Нурболат Нарбекулы (бұдан әрі
- ДК Намазбаев) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
2024 жылғы 1 шілдедегі №12005528-ОК1 қорытындылар туралы хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне №12005528-ОК1 конкурстың қорытындыларын қайта қарау міндеттелген.
Шымкент қаласының білім басқармасының «Қорқыт-ата атындағы №22 негізгі орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен дара кәсіпкер Ауезов Бакберди Сериковичтің арасындағы 2024 жылғы 25 шілдедегі №24 қызмет көрсету туралы шарт жарамсыз деп танылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылдың 25 желтоқсандағы ұйғарымымен Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі шешімінің күші жойылып, әкімшілік іс бірінші саты сотының ережесімен жаңадан қарау үшін апелляциялық саты сотының өндірісіне қабылданған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы наурыздағы қаулысымен дара кәсіпкер Намазбаев Нурболат Нарбекулының талап қоюы қанағаттандырылған.
2024 жылғы 1 шілдедегі №12005528-ОК1 қорытындылар туралы хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылған.
- «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесі №12005528-ОК1 конкурстың қорытындыларын қайта қарауға міндеттелген.
Шымкент қаласының білім басқармасының «Қорқыт-ата атындағы №22 негізгі орта мектебі» коммунальдық мемлекеттік мекемесі мен дара кәсіпкер Ауезов Бакберди Сериковичтің арасындағы 2024 жылғы 25 шілдедегі №24 қызмет көрсету туралы шарты жарамсыз деп танылған.
Сот актімен келіспей, мүдделі тұлға «Ауезов Б» дара кәсіпкердің өкілі кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын толық жоюды, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрады.
Кассациялық сатыдағы сот талап қоюшының, мүдделі тұлғалардың өкілдерінің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Қорқыт-ата атындағы №22 мектебінің (тапсырыс беруші) тапсырысы бойынша, Басқармамен (ұйымдастырушы) №12005528-ОК1 оқушыларды тамақтандыру қызметін сатып алу жөнінде электронды ашық конкурс өткізілген. 2024 жылғы 30 сәуірдегі №12005528-ОК1 қорытындылар туралы хаттамасына сәйкес конкурстың жеңімпазы болып ДК Ауезов айқындалған (16 балл), «ABDIGANI LTD» ЖШС-гі екінші орын (14 балл) және талап қоюшы ДК Намазбаев үшінші орын алған (13 балл).
Талап қоюшы және басқа қатысушылар конкурс нәтижесімен келіспей «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) шағым жазған. Департаменттің 2024 жылғы 16 мамырдағы жауабымен талап қоюшының шағымы қанағаттандырылмаған.
Басқа қатысушыларға қатысты Департамент камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 22 мамырдағы №790000000-КпОПО-32-289300 хабарлама рәсімдеген.
Ұйымдастырушы Департаменттің хабарламасымен келіспей, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі апелляциялық департаментіне (бұдан әрі – Апелляциялық департамент) қарсылық жолдаған.
Апелляциялық департаменттің 2024 жылғы 28 маусымдағы №13130 қарсылық қарау нәтижелері бойынша қорытындысымен ұйымдастырушының қарсылығы ішінара қанағаттандырылған.
Осыған байланысты ұйымдастырушы конкурс нәтижелерін қайта қарап, 2024 жылғы 1 шілдедегі екінші қорытындылар туралы хаттама рәсімдеген және ол бойынша конкурс нәтижесі өзгеріссіз қалған.
Конкурс нәтижесі бойынша тапсырыс беруші мен жеңімпаз ДК Ауезовтың арасында 2024 жылғы 25 шілдедегі №24 қызмет көрсету туралы шарты түзілген.
Талап қоюды қанағаттандыра отырып, апелляциялық сатыдағы сот аспаздар, технолог және диетолог жұмысшылары үшін дара кәсіпкер Ауезовке балл негізсіз берілгенін және «ABDIGANI LTD» ЖШС-гі анық емес мәлімет ұсынғандықтан конкурсқа негізсіз жіберілгенін көрсеткен.
Кассациялық сот апелляциялық саты сотының қорытындыларымен келіседі, ал мүдделі тұлғаның үәждерін негізсіз деп табады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының (бұдан әрі – Қағида) 64-тармағына сәйкес конкурстық комиссия конкурс қорытындылары туралы хаттаманы қалыптастыру кезінде конкурсқа қатысуға бір өтінім берілген жағдайларды қоспағанда, конкурсқа қатысуға өтінім берген әрбір әлеуетті өнім берушіге қатысты Үлгілік конкурстық құжаттамаға 7, 8-қосымшалардағы өлшемшарттарға сәйкес балл қояды.
Барынша көп балл жинаған әлеуетті өнім беруші конкурс жеңімпазы болып танылады.
Сонымен, Қағиданың 7-қосымшасында көрсетілетін қызметті жеткізушіні таңдау өлшемшарттары көзделген. Оның ішінде:
1.Қызмет көрсету нарығында соңғы 7 жылдағы жұмыс тәжірибесі бойынша мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша жұмыс тәжірибесі – әр 8 айға 1 балдан, басқа қоғамдық тамақтану объектілерінде тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша жұмыс тәжірибесі – әр 12 айға 1 балдан; 2.Аспаз біліктілігі (қоғамдық тамақтандыру саласында) берілген арнайы орта білімі (2007 жылғы 27 шілдеге дейін білімі туралы құжатты алған жағдайда) немесе техникалық және кәсіптік, жоғары білімі бар аспаздың болуы бойынша арнайы орта білім (білім туралы құжатын 2007 жылғы 27 шілдеге дейін алған жағдайда) немесе техникалық және кәсіптік білім 3 разряд (1 балл), арнайы орта білім (білім туралы құжатын 2007 жылғы 27 шілдеге дейін алған жағдайда) немесе техникалық және кәсіптік білім 4 разряд (2 балл), арнайы орта білім (білім туралы құжатын 2007 жылғы 27 шілдеге дейін алған жағдайда) немесе техникалық және кәсіптік білім 5 разряд және (немесе) жоғары білім (3 балл);
3.Аспаздың жұмыс өтілі 1 жылдан кем емес (4 баллдан аспайды, 1 аспазға 1 балл;
4.Диетология саласында медициналық білімі мен біліктілігі және (немесе) диетология саласында біліктілігін арттырудан (қайта даярлаудан) өткен медициналық білімі бар диетологтың немесе диеталық бикенің болған жағдайда 1 балл;
5.Қоғамдық тамақтану саласында жоғары, орта - техникалық білімі бар технологтың немесе техник – технологтың болуы (2 балдан аспайды).
Дауланып отырған конкурс нәтижелеріне қарағанда мүдделі тұлғаларға және талап қоюшыға өлшемшарттар бойынша келесі балл берілген.
ДК Ауезовке жұмыс тәжірибесі бойынша - 5 балл, аспаздар бойынша – 6 балл, аспаздардың жұмыс өтілі бойынша - 2 балл, диетолог бойынша -1 балл, технолог бойынша -2 балл, жалпы 16 балл.
«ABDIGANI LTD» ЖШС-не жұмыс тәжірибесі бойынша - 5 балл, аспаздар бойынша – 6 балл, аспаздардың жұмыс өтілі бойынша - 0 балл, диетолог бойынша -1 балл, технолог бойынша -2 балл, жалпы 14 балл.
Талап қоюшы ДК Намазбаевқа жұмыс тәжірибесі бойынша - 4 балл, аспаздар бойынша – 6 балл, аспаздардың жұмыс өтілі бойынша - 0 балл, диетолог бойынша -1 балл, технолог бойынша -2 балл, жалпы 13 балл.
ДК Ауезов даулы конкурс бойынша біліктілігі туралы мәліметтерде келесі 5 разрядты аспаздарды ұсынған: Ф.Ташибаев, У.Рыхсиев, И.Утегенова, З.Юсупов. Сондай-ақ технолог Г.Аманкулованы және диетолог У.Шепетованы ұсынған.
Сотта анықталғандай, ДК Ауезовпен конкурсқа ұсынылған құжаттарға қарағанда, тек аспаз И.Утегенованың Б.Ауезовпен еңбек келісім шарты бар, ал қалған Ф.Ташибаев, У.Рыхсиев және З.Юсуповтардың арасындағы алдын-ала шарт ұсынылған.
Қағиданың 7-қосымшасының ескертпесіне сәйкес 2, 4, 5-тармақтар бойынша әлеуетті өнім беруші өтінім берген сәтте ҚР Еңбек кодексіне сәйкес қызметкерлердің еңбек қызметін, "Білім туралы" ҚР Заңына сәйкес кәсіптік білімі туралы құжаттарды, разрядын растайтын, сондай-ақ маманның жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін ұсынған кезде тиісті балдар қойылады. Құжаттар құжаттардың түпнұсқаларынан (телнұсқаларынан) электрондық көшірмелер түрінде ұсынылады.
3-тармақ бойынша жұмыс өтілі болған кезде қызметкердің еңбек өтілін растайтын құжат аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірменің немесе жүргізілген әлеуметтік аударымдар туралы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алынған мәліметтердің электрондық көшірмесі және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 35 бабының 1), 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында көзделген құжаттардың бірі болып табылады. Бұл ретте қызметкердің еңбек өтілі соңғы бес жылда ескеріледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 34 бабында жұмысқа қабылдауды ресімдеу, жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негізінде шығарылатын жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.
Осы Кодексте және Осы Кодектің 33-бабының талабында алдын-ала шарт жасау туралы ұғым мүлде қарастырылмаған.
Мұндай жағдайда ДК Ауезовтың аспаз И.Утегеновадан басқа аспаздармен еңбек қатынасы расталмайды. Сонымен қатар, аспаз И.Утегенованың бір жылдық еңбек өтілі расталмайды, себебі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірмеге қарағанда ДК Ауезов оны 2024 жылы қаңтар айында аспазшы қызметіне алғаннан бастап зейнетақы төлемдерін аударған, алайда оның алдындағы аударымдар оның аспазшы ретінде жұмыс жасағанын ашпайды, оны ашып растайтын еңбек құжаттары ұсынылмаған. Жоғарыдағылардың негізінде кассациялық сот, ДК Ауезовке аспазшы И.Утегенова үшін 3 балл есептелу тиіс, ал аспаздардың жұмыс өтілі үшін балл есептелмеуі тиіс деген апелляциялық сатыдағы сотының үәждерін дұрыс деп санайды.
Технолог Г.Аманкулова және диетолог У.Шепетова бойынша да балл есептелуге жатпайды, себебі олар бойынша да алдын ала шарттар ұсынылған. Қағиданың 7-қосымшасының ескертпесінде 7 жылдағы жұмыс тәжірибесінің болуы қоғамдық тамақтану объектілеріне әлеуетті өнім берушінің атына берілген объектінің халықтың санитариялықэпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны қоса бере отырып, қоғамдық тамақтану объектісіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерімен, жалдау, өтеусіз пайдалану, сенімгерлік басқару және т.б. құжаттармен расталатыны көрсетілген.
«ABDIGANI LTD» ЖШС біліктілігі туралы мәліметтерде 7 жылдағы жұмыс тәжірибесін растау үшін Оңтүстік Қазақстан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департементінің Шымкент қаласы Абай ауданының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 2018 жылы 13 қарашадағы №1.H.16.KZ13VAF000557233 қортындысын ұсынған. Алайда, бұл қортындының тіркелмегені Абай аудандық санитарлық эпидемиологиялық басқармасының 2024 жылдың 03 қырқүйегіндегі №ЖТ2024-05175988 санды хатымен расталады.
Бұл жағдай, қайта дәлелденуге жатпайды, себебі осы соттың заңды күшіне енген 2024 жылғы 22 тамыздағы шешімімен аталған қорытындының тіркеуде болмағаны анықталған.
Демек, «ABDIGANI LTD» ЖШС-не ондай қорытынды берілмеген, тиісінше жұмыс тәжірибесіне қатысты дұрыс емес мәлімет ұсынған.
Ал, Қағиданың 72-тармағына сәйкес әлеуетті өнім беруші конкурстық өтінімде ұсынылған құжаттар бойынша дұрыс емес мәліметтерді ұсыну фактісі анықталса, конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
Сондықтан, конкурстық комиссия «ABDIGANI LTD» ЖШС-не жұмыс тәжірибесі бойынша 5 балл негізсіз берген, одан бөлек конкурсқа қатысуға жіберілмеуі тиіс болатын.
Сот отырысында мемлекеттік сатып алу порталын зерделеу барысында ДК Намазбаев конкурстық құжаттамаға еңбек ресурстарын растау үшін келесі аспаздарды: С.Бакаеваны, Е.Скачковты, Е.Исаковты ұсынып, олардың құжаттарын тіркегені анықталған.
«Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» РММ-нің 2024 жылдың 29 қарашасында берген жауап хатына сай еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінен алынған мәліметтерінде ДК Намазбаев жұмыс беруші ретінде тіркелмеген, көрсетілген аспазшылармен еңбек шарттары түзілмеген. Сондықтан аспазшылардың болмауына байланысты еңбек өтілі саналуға жатпайды.
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 23 бабының 1 тармағының 27) тармақшасына сай еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату, осы Кодекстің 28-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 13) тармақшаларында көзделген мәліметтер, сондай-ақ 99-бабында көзделген демалыстарды беру туралы мәліметтер қамтылған, оған енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізуге міндетті.
Осыған байланысты, алқаның әлеуетті аталған өнім берушілердің аспазшыларының болуы мен олардың еңбек өтілі Қағиданың 7 қосымшасына сай құжаттармен расталмаған деген үәждері заңды болып табылады.
Аталған бұзушылықтар конкурстың нәтижелеріне әсер етеді, сондықтан конкурстың нәтижелерін заңсыз деп тану қажет.
Алайда, сот конкурс комиссиясының өкілеттігін өзіне ала алмайды, сондықтан мемлекеттік сатып алу қорытындылары қайта қаралу барысында конкурсқа қатысушылардың барлығы комиссиямен қайта қаралуға жатады. Конкурс қорытындыларын қайта қарауды міндеттеу, қызмет көрсету туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюларға апеляциялық сатыдағы сотпен тиісті құқықтық баға берілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы АПК-де апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Ауезов Б» дара кәсіпкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә.Назарова
Судьялар
Г.Ыдырысова
Д.Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.