6001-23-00-6ап/87
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 25 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші Н.Ү.Қайыпжан, судьялар Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов, талап қоюшы өкілі Б[...],
жауапкер өкілі Ш[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Байқоңыр қаласы прокуратурасының (бұдан әрі – Қалалық прокуратура) жауапкер «Қазақстан Республикасы Каржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» РММ-не (бұдан әрі – Департамент) наразылықты орындамау әрекетіне дау келтіріп, оны орындауға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 қазандағы ұйғарымына және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық өтінішхатымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Қалалық прокуратура сотқа Департаменттің наразылықты орындамау әрекетіне дау келтіріп, оны орындауға міндеттеу туралы талап қою арызымен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 қазандағы ұйғарымымен талап қоюшының талап қою арызы қайтарылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымымен соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының процессуалдық заң нормаларын бұзуына байланасты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған.
Тараптардың уәждерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 30 маусымдағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 24-бабында көрсетілгендей, прокурордың наразылығын тиiстi орган немесе лауазымды адам күнтізбелік он күн ішінде қарауға тиiс.
Егер тиiстi орган немесе лауазымды адам наразылықты қарап, бірақ оны орындаудан бас тартқан жағдайда, ӘРПК-нің 31-бабының бесінші бөлігіне және Заңның 30-бабының 2-тармағына сәйкес прокурор органның немесе лауазымды адамның шешімін не әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
Демек, соттар прокурор наразылықты орындауды міндеттеу туралы талаппен емес, наразылық енгізілген шешімдерді немесе әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тану туралы талаппен жүгінуге құқылы деп дұрыс тұжырым жасаған.
Аталған шешімдердің, әрекеттердің (әрекетсіздіктің) заңдылығына құқықтық бағасын сот олар тікелей дауланған жағдайда ғана береді.
Бұдан бөлек, ӘРПК-нің 5-бабында көрсетілгендей, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастардағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру болып табылады.
ӘРПК-тің 31-бабының үшінші бөлігіне сәйкес прокурор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға орай құқықтары мен мүдделерін қорғауды өз бетінше жүзеге асыра алмайтын адамдардың;
егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас салдарларды болдырмау үшін қажет болса, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюмен жүгінуге құқылы.
Соттар талап қою арызды қайтарып, оны Қалалық прокуратураның сотқа дара кәсіпкердің мүддесі үшін емес, өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін жүгінгені жөніндегі уәждері әкімшілік әділеттің міндетіне де, сонымен қатар жоғарыда көрсетілген талаптарға да сай келмейді деп негіздеген.
Анықталғандай, прокурордың дара кәсіпкер М[...] шағымы негізінде жүргізген әкімшілік рәсімі наразылық түріндегі қадағалау актісін қабылдаумен аяқталған.
Алайда, Дара кәсіпкер М[...] ӘРПК-нің 31-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар қатарына жатпайды.
Демек соттардың прокурордың аталған тұлғаның мүддесі үшін сотқа жүгінуіне негіз болмаған деген тұжырымы заңды.
Бұған қоса, М[...] салық төлеуші ретінде салық органдары лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған салық органына немесе сотқа өз бетінше шағым жасауға құқығы бар.
Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттардың Қалалық прокуратураның талап қою арызын қайтару туралы тұжырымдары заңды, дауланған сот актілерін өзгертіуге, күшін жоюға ешқандай негіздер жоқ.
Жоғарыда көрсетілгендер негізінде, ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 қазандағы ұйғарымы және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Байқоңыр қаласы прокурорының кассациялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Н. Қайыпжан
Ж. Ермагамбетова
Б. Нажмиденов
Көшірмесі дұрыс Судья
Н. Қайыпжан
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.