6003-25-00-2к/4569
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 7 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
талап қоюшы Г.Т.Байтурсинованың, жауапкердің өкілі З.Китегулованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Гаухара Тулегеновна Байтурсинованың жауапкер «Concrete Beton» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі-ЖШС) артық төленген қаражатты қайтару, моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық істі жауапкердің Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Ақтөбе қаласының №3 сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысымен шешім өзгертілген.
Г.Т.Байтурсинованың талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, «Concrete Beton» ЖШС-нен талап қоюшы Г.Т.Байтурсинованың пайдасына 820 000 теңге өндірілген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілі З.Китегулованы, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшы Г.Т.Байтурсинованы тыңдап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына сәйкес, 2023 жылы 11 қазанда талап қоюшы Г.Байтурсинова мен жауапкер «Concrete Beton» ЖШС-ның арасында жасалған № 6-10/23 алдын-ала сатып алу - сату шарты бойынша (бұдан әрі – №1 шарт) талап қоюшы соңғыдан жалпы ауданы 63 шаршы метрді құрайтын, Ақтөбе қаласы, Астана ауданы, Алтын орда мөлтек ауданын 17 Г үй, (блок В), №96
пәтерде орналасқан екі бөлмелі пәтерді (бұдан әрі-пәтер 1) болашақта сатып алуға міндеттелген.
№ 1 шарттың 3.1 тармақшасында, 63 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтердің құны 12 600 000 теңгені құраған.
№ 1 шарттың 4.12 тармақшасына сәйкес, егерде пәтердің нақты жалпы ауданы есептелген аумаққа қатысты азайса, жауапкер талап қоюшыға берілген пәтер құнының айырмасын қайтаруға міндеттенген.
2024 жылы 13 желтоқсанда талап қоюшы мен серіктестік арасындағы жасалған № 21 сатып алу-сату шартына сәйкес (бұдан әрі - шарт №2), талап қоюшы серіктестіктен жалпы ауданы 58 шаршы метрді құрайтын, Ақтөбе қаласы, Астана ауданы, Алтын орда мөлтек ауданы 17 Г үй, (3 корпус), № 16 пәтерде орналасқан екі бөлмелі пәтерді (бұдан әрі -пәтер 2) сатып алған.
Аталған пәтерге мүліктік құқық уәкілетті органда 2024 жылғы 17 желтоқсанда тіркелген.
2025 жылғы 15 сәуірдегі сатып алу-сату шартына сәйкес, талап қоюшы мен азамат Р.Гатауов арасында шарт жасақталып, пәтер 2 соңғыға 23 500 000 теңгеге сатылған. Уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, пәтердің меншік иесі Р.Гатауов пен Ш.Алтыбаева болып табылады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 7- бабына сәйкес, азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатады.
АК-нің 272 бабына сәйкес, мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс, ал мұндай шарттар мен талаптар болмаған жағдайда - iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтарға немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындалуға тиiс.
АК-нің 273 бабында заңдарда немесе шартта көзделгеннен басқа реттерде мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға және оның шарттарын бiржақты өзгертуге жол берiлмейдi.
Сот алқасы тараптардың алдын-ала келісілген шарт бойынша 63 шаршы метр жалпы көлемі пәтер көрсетілгенмен, кейін сатып алу-сату шартына сәйкес жалпы ауданы 58,7 шаршы метрді құрайтын пәтер сатылғандығын анықтаған. Демек, сатып алған пәтердің айырмашылығы (63-58,7) 4,3 шаршы метрді құраған, (4,3 шаршы метрді х 200 000 теңге) ақшалай айырмашылығы 860 000 теңге сомасы болып табылады, яғни талап қоюшыға 860 000 теңге
қайтарылуға жатады деген қорытындыға келген.
Кассациялық сот апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымымен келіседі. Өйткені № 1 шарттың 4.12 тармақшасына егерде пәтердің нақты жалпы ауданы есептелген аумаққа қатысты азайса, жауапкер талап қоюшыға берілген пәтер құнының айырмасын қайтаруға міндеттенген.
АК-нің 8-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген азаматтық құқықтарды, соның iшiнде өздерiн қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады.
Азаматтар мен заңды тұлғаларға тиесілі құқықтардың жүзеге асырылмауы, заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл құқықтардың тоқтатылуына әкеп соқпайды.
Аталған заң нормаларының негізінде, жауапкердің талап қоюшы Г.Т.Байтурсинова қазіргі таңда аталған мүліктің құқық иеленушісі болып табылмайды. Демек өз мүделерін басқа біреудің меншігіне қатысты қорғауды талап етуге құқығы жоқ деген уәжі негізсіз.
Сот алқасы іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
А.О.Тогумбетова
Судьялар:
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.