№6003-25-00-2к/2035
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 24 қараша Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, прокурор О.Пернеевтың, талап қоюшы өкілі С.Тортаевтың, жауапкер өкілі А.Н.Рахимжанованың, үшінші тұлға Қ.Қ.Қаражігітованың өкілі Г.М.Байгенжинованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті Ұлытау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Жезқазған қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қаражатты мемлекет пайдасына өтеуді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29 қазандағы шешімі мен Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті Ұлытау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-Департамент, талап қоюшы) сотқа талап қоюмен жүгініп, онда «Жезқазған қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Мекеме, жауапкер) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы қағиданың және Бюджеттік кодексінің талаптарын сақтамау салдарынан А.Н.Ештаеваға, О.Е.Досжановқа, Қ.Каражігітоваға және Д.У.Турлановаға (бұдан әрі – үшінші тұлғалар) негізсіз аударылған қаражат соммасы 489 571 000 теңгені мемлекет пайдасына өтеуін міндеттеуді сұраған.
Ұлытау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 29 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 ақпандағы қаулысымен, аталған сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін, прокурордың шағымды қанағаттандыру туралы қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарынан 2023 жылғы 6 қарашада жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде үшінші тұлғалар мен жауапкер арасында Ұлытау облысы Жезқазған қаласы Абай көшесі, 85-үйдегі 28 пәтер мен Шевченко көшесіндегі 9-үйден 6 пәтерді сату-сатып алу туралы 2023 жылғы 26-27 желтоқсанда келісім шарттар жасалынып, пәтерлер мемлекет пайдасына өткен, олардың құны бюджет есебінен сатушыларға шарттарда келісілгендей 2024 жылғы ақпан айына дейін толығымен төленгені анықталған. Сатып алынған бір, екі, үш бөлмелі пәтерлерді іс бойынша жауапкер халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарында кезекте тұрған мұқтаж 34 отбасына беріп, олармен жалдау туралы шарттар жасаған. Пәтер иелеріне 2024 жылғы 19 наурызда облыстық әкіммен кілттер табысталып, 34 отбасы пәтерлерін иемденуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ұлытау облысы бойынша департаментінен 2024 жылғы 26 наурыздағы №ЗТ-Т-4 хаты арқылы келіп түскен «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Р.Ф.Танишпековтың арызы негізінде Департаменттің 2024 жылғы 01 сәуірдегі №13 аудиторлық ісшараны жүргізуге тапсырмасымен жоспардан тыс аудиторлық іс-шара жүргізілген.
Департамент зерделеу барысында конкурстың техникалық сипаттамаларына сәйкес сатып алынатын үйлердің салынған жылы 2023 жылдан ерте болмауы және бірінші қабаттан пәтер алмауы көзделгеніне қарамастан, сатып алынған Жезқазған қаласы Абай көшесіндегі №85 үйде орналасқан 28 пәтердің жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспортында салынған жылы 1985 жыл болып көрсетілгені және Абай көшесіндегі №85 үйдің №№ 3, 5, 6, 7, 8, 9 және 10 пәтерлері, Шевченко көшесіндегі №9 үйдің №32-пәтері ғимараттың бірінші қабатында орналасқаны, яғни мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы қағиданың және Бюджеттік кодексінің талаптарын сақтамауын анықтап, Мекемеге 489 571 000 теңгені бюджетке өтеу, анықталған бұзушылықтарды жою және
оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы 2024 жылғы 5 маусымдағы №01--/751-И нұсқамасы берілген. Нұсқама орындалмағандықтан талап қоюшы осы талап қоюмен сотқа жүгінген. Соттар «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) және «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (2015 жылғы 04 желтоқсандағы № 434-V редакциясында) (бұдан әрі – Сатып алу Заңы) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Себебі Департамент сотқа талап қоюмен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасалып міндеттемелері тиісті түрде орындалғаннан кейін және Сатып алу Заңының 18-бабы 4-тармағының 2) тармақшасы негізінде конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім берушілер шағымдану мерзімі толық өтіп кеткеннен кейін жүгінген.
Департамент талап қоюмен жүгінгенде шарттар толығымен орындалып, төлену құны үшінші тұлғаларға толығымен төленген.
Мемлекеттік сатып алу хаттамасы және мемлекеттік сатып алу нәтижесінде жасалған шарттар жарамсыз немесе заңсыз деп танылмаған.
Бүгінгі таңда даулы 34 пәтер облыстың әлеуметтік осал топтарына мемлекет тарапынан қолдау ретінде тапсырылып, 34 отбасы пәтерлерін иемденуде.
Істің мұндай тұрғысында соттар Сатып алу Заңында көзделген мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау қағидатына сүйеніп, жоғарыда аталған шарттардың жарамсыздығы заңда белгіленген тәртіпте дауланбағанын, шарттардың міндеттемелері тиісті түрде толық орындалғанын және мемлекеттік бюджеттен төленген ақшаны қайтаруға азаматтық заңнамада белгіленген негіздері анықталмағанын ескеріп, әділдік пен парасаттылық өлшемдерін негізге ала отырып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде негізді тұжырым жасаған.
Сондықтан соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту шешімін кассациялық сот заңды әрі негізді деп санайды.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, кассациялық шағымда көрсетілген уәждер соттармен жан-жақты зерттеліп, тиісті баға берілген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 ақпандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Есдаулетов Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.