№6001-24-00-6ап/1378
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 14 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,
мүдделі тұлғаның өкілі Е.Сабитұлының қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Кахрамон Тургунович Избосаровтың жауапкерлер Түркістан облысы Жетісай ауданының Жаңа ауыл ауылдық округі әкіміне (бұдан әрі – округ әкімі), «Түркістан облысы Жетісай ауданының Жаңа ауыл ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – әкім аппараты) талап қоюшының 2023 жылғы 3 қазандағы арызын қарау бойынша әрекеттерін заңсыз деп тану, округ әкімінің Б.А.Саркуловқа жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстау туралы шешімінің күшін жою жөніндегі әкімшілік акт қабылдауға мәжбүрлеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 қарашадағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 ақпандағы қаулысына мүдделі тұлға Б.А.Саркуловтың өкілі Е.Сабитұлының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
К.Т.Избосаров жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 қарашадағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Округ әкімі Б.А.Саркуловқа 0,1767га жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстау туралы 2022 жылғы 4 сәуірдегі №43 санды шешімнің күшін жою жөніндегі жаңа шешім қабылдауға мәжбүрленген.
Әкім аппаратының К.Т.Избосаровтың 2023 жылғы 3 қазандағы жолданым арызын қарау бойынша әкімшілік рәсім жүргізу әрекеттері заңсыз деп танылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен мүдделі тұлға өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, 2021 жылғы 4 наурыздағы заң бойынша мұрагерлік туралы куәлікке сәйкес, Түркістан облысы Жетісай ауданы Жаңа ауыл ауылдық округі, Мырзашөл ауылы, Бөріхан Жетібаев көшесі, №18 мекенжайда орналасқан тігін цехы ғимараты К.Т.Избосаровқа мұра ретінде өтіп, 2021 жылғы 9 наурызда жылжымайтын мүлік ретінде уәкілетті органда тіркеліп, аталған мүлікке талап қоюшының жеке меншік құқығы пайда болған.
Округ әкімінің 2022 жылғы 8 ақпандағы №20 шешімімен К.Т.Избосаровқа жоғарыда көрсетілген тігін цехы құрылысы үшін жалпы ауданы 1767,0 шаршы метр жер учаскесі уақытша өтеулі қысқа мерзімге 4 жыл 11 айға жалға жер пайдалану құқығымен бөлініп берілген. 2022 жылғы 15 наурыздағы сыйға тарту келісім шартына сәйкес К.Т.Избосаров атынан сенімхат негізінде әрекет етуші Г.С.Абдуллаева тігін цехты және кадастр №19-325-005-064 алаңы 0,1767 га жер учаскесімен бірге Саркулов Бегинбай Аманбаевичке сыйға тартылған.
Округ әкімінің 2022 жылғы 4 сәуірдегі №43 шешімімен (бұдан әрі – даулы шешім) тігін цехының ғимаратын жерімен сыйға тарту келісім шарты негізінде берілген жалпы ауданы 0,1767 га жер учаскесі Б.А.Саркуловқа жеке меншік құқығымен бекітіліп берілген.
Бұл шешімдермен келіспей, талап қоюшы Түркістан облысы Жетісай аудандық сотына жүгінген. Заңды күшіне енген сот актілерімен тігін цехы ғимараты мен жер учаскесі К.Т.Избосаровтың меншігіне қайтарылып, оның бұл мүліктерге меншік құқығы қайта қалпына келтірілген.
2023 жылғы 3 қазанында К.Т.Избосаров округ әкіміне арызданып, тігін цехы орналасқан жерді өз иелігіне қайтару мақсатында округ әкімінің 2022 жылғы 4 сәуірдегі №43 шешімінің күшін жоюды сұраған.
Бірақ, 2023 жылғы 17 қазанында округ әкімі К.Т.Избосаровтың өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
Осыған байланысты, талап қоюшы сотқа талап қоюмен жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырып, округ әкімінің талап қоюшының даулы шешімді бұзу туралы талабын қанағаттандырусыз қалдыру іс-әрекеті жер заңнамасының нормаларында көзделген талаптарға қайшы келетін әрекет болып табылатынын көрсеткен, себебі заңды күшіне енген сот шешімдермен даулы сыйға тарту шарттары жарамсыз деп танылып, бүгінгі таңда тігін цехы ғимараты және осы мүлік орналасқан жер учаскесі талап қоюшыға қайтарылған.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні пікірде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 қарашадағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға Б.А.Саркуловтың өкілі Е.Сабитұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.