Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/5083 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/5083 Қ А У Л Ы

2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

М.Т. Кадырова,

талап қоюшының өкілі А.Х. Ахетовтың,

жауапкердің өкілі Д.Бисаревтың,

аудармашы Ш. Ерболатқызының қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Қызылорда облысы бойынша Қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Луч-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі талап қоюшының Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 25 сәурдегі жеке ұйғарымы мен Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы ұйғарымына берген кассациялық шағымымен қарап,

АНЫҚТАДЫ:

.«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Қызылорда облысы бойынша Қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемеcі (әрі қарай - Қазынашылық департаменті) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, талабында жауапкердің өтінімдері бойынша жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттарында анық емес ақпарат беру фактісі анықталғанын негізге алып, жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған. Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 25 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Сонымен бірге, Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған, Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 25 сәурдегі жеке ұйғарымымен азаматтық істі қарау барысында анықталған заңдылықтың бұзылған жағдайларын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетіне назарына жеткізу жөнінде шешім қабылданған.

Кассациялық шағымында талап қоюшы іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, жеке ұйғарымның күшін жоюды сұраған.

Кассациялық сот шағымды қолдаған талап қоюшы өкілін, шағымға қарсылық білдірген жауапкер өкілін тындап, іс материалдарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Жергілікті соттар талап қоюшы жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану жөнінде талап қоюды заңмен бекітілген мерзімді өткізіп берген деген тұжырымдамаға келіп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

АПК-ның 270-бабының бірінші бөлігіне сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

«Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген, Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 98-тармағына сәйкес, әлеуетті өнім берушілер электрондық депозитарийді қалыптастыру және жүргізу кезінде анықталған әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар бойынша дұрыс емес ақпарат ұсынған жағдайда, уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері осындай факті туралы өзідеріне белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, осындай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талапарызбен жүгінеді.

Анықталғандай, талап қоюшы жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану жөнінде талап қоюды заңмен бекітілген мерзімді өткізіп, 2024 жылғы 4 желтоқсанда берген.

Сондықтан жергілікті соттар алдағы уақытта заң үстемдігі қағидаттарын сақтауына шара қолдану туралы дұрыс тұжырымға келіп, жеке ұйғарымды Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінің назарына алдағы уақытта осындай бұзушылықтарды орын алуын болдырмау және оны алдын алу мақсатында тиісті шаралар қолдану үшін дұрыс жолдаған. Істің мұндай тұрғысында соттың жеке ұйғарым шығару туралы тұжырымы заңды және негізді болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың азаматтық істер бойынша жеке ұйғарымдар шығару тәжірибесі туралы» 2010 жылғы 25 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысының түсіндірмелерін назарға алған.

Кассациялық шағымында көрсетілген уәждер апелляциялық сотта қаралып, оларға дұрыс құқықтық баға берілген. Іс қаралған кезде материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 маусымдағы ұйғарымы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б.Бастаубаев

Судьялар Н.О. Косанов

М.Т. Кадыро ва

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.