Қ А У Л Ы
2025 жылғы 1 қазан №6003-25-00-2К/338 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья А.Тоқсанбаев, судьялар А.Даненова, М.Ибрагимова,
талап қоюшының өкілі А.Әмірғалиевтің мобильді бейнеконференц байланысы арқылы қатысуымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының жауапкер Бахрам Аметович Атановқа, жауапкер жағындағы дербес талабын мәлімдемейтін үшінші тұлға Рано Ибрагимовна Атановаға несие қарызын өндіру және кепіл мүлкінен несие қарызын өндіру туралы талап қоюымен қабылданған Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 наурыздағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
«Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – акционерлік қоғам, банк) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Б.Атановтан акционерлік қоғамның пайдасына заем шарты бойынша барлығы 34 521 324 теңге қарызы мен 1 037 486 теңге мемлекеттік баж шығынын өндіруге қаулы етілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда акционерлік қоғам бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете келе, сот актілерінің күшін ішінара жойып, талапты толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Кассациялық сот шағым уәждерін зерделеп, талап қоюшы өкілінің түсіндірмесін тыңдап, төмендегі тұжырымға келді.
Іс құжаттарына қарағанда, 2022 жылғы 23 маусымда акционерлік қоғамы мен Бахрам Аметович Атанов арасында 30 000 000 теңге несие беру туралы №FT/2022/F/L/004246 шарты жасалып (әрі қарай - несие шарты) соңғы несие алған. Бұл шарттың талаптары бойынша берілген несие үшін сыйақы мөлшері 25,6 % болып белгіленіп, несие 61 айға берілген.
Жауапкер Б.Атанов несиелік міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 23 маусымдағы № FT4/2022/W/P//00129 кепіл шарты негізінде өзіне тиесілі Түркістан қаласы, Тұңғыш Президент көшесі, №24 мекенжайдағы тұрғын үй 74 083 634 теңгеге бағаланып, кепілге қойылған.
2024 жылғы 22 қазандағы жағдай бойынша жауапкер Б.Атанов акционерлік қоғам алдындағы несиелік қарызы 23 229 978 теңге, мерзімі кешіктірілген негізгі қарызы үшін 4 496 895 теңге, мерзімі кешіктірілген сыйақы қалдығы 4 277 331 теңге, үстемақы 932 997 теңге, мерзімі кешіктірілген сыйақы қалдығы 2 334 819 теңге.
Жергілікті соттар жауапкермен талап қоюшы алдындағы шарттың ажырамас бөлігі табылатын кестеге сәйкес несие қарызын төлеу міндеттемесі орындалмағанын анықтап, несие қарызын өндіру туралы талап қою бөлігін қанағаттандырған.
Сот актілердің осы бөлігіндегі қорытындылар істің мән-жайларына сәйкес келеді, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Тараптар бұл мән-жайларды дауламаған.
Кепіл мүлкінен несие қарызын өндіру туралы талап қоюы бойынша.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 317-бабының 1-тармағының талабына сай, борышкер өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес, егер борышкердің кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы болмашы болып және соның салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн.
Бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде:
орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он пайызынан кемін құрағанда;
кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айдан кем болғанда, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзу болмашы және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепiлге салынған мүлiктiң құнына анық мөлшерлес емес болып табылады.
АК-нің 318-бабының 1-тармағына сәйкес, кепіл ұстаушының талаптарын кепілге салынған мүліктің құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте және басқа заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртібімен жүзеге асырылады.
Кепіл шартының 3.1.6. тармағына сәйкес, талап қоюшы кепіл ұстаушы ретінде қарыз алушы тарапынан кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелер орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған кезде оны кепіл нысанасының құнынан өндіруге құқылы.
Жоғарыда аталған несие шарты бойынша берілген 30 000 000 теңге несиенің қайтарымын қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 23 маусымда несие беруші банк пен несие алушы Б.Атановтың арасында соңғыға тиесілі Түркістан қаласы, Тұңғыш Президент көшесі, №24 мекенжайдағы тұрғын үй, 74 083 634 теңгеге бағаланып, кепіл шарты жасалып, тіркелген.
Анықталғандай, несие алушы, әрі кепіл беруші Б.Атанов 2022 жылғы 23 маусымдағы несие шарты бойынша қарызды қайтару туралы міндеттемесін 403 күнге бұзған.
2024 жылғы 23 тамызда «Global Capital» ЖШС-нің есебіне сәйкес кепіл жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 74 247 190 теңге деп бағаланған.
Талап қоюшы жауапкерге бірнеше рет, 2023 жылғы 11 желтоқсанда, 2024 жылғы 24 қаңтар, 21 тамызда дауды сотқа дейін реттеу мақсатында хабарламалар жолдаған.
Нәтиже болмаған соң, 2024 жылғы 6 қарашада банк сотқа қарызды кепіл жылжымайтын мүліктен өндіру туралы талап қоюымен жүгінген.
Жергілікті соттар істі негізінен қарау барысында, қарыз шарты бойынша орындау мерзімі 2027 жылға дейін екенін, кепіл мүлкі жауапкердің жалғыз баспанасы екенін, несие алушының басқада мүліктерінің бар екенін ескеріп, талап қоюдың бұл бөлігін қанағаттандырудан бас тартқан.
Алайда, сот жергілікті соттардың аталған тұжырымын іс құжаттарына және материалдық құқық нормаларына сәйкес келмейді деп таныды.
Себебі, несие алушымен қарызды қайтару міндеттемесі бір жылдан астам уақыттан бері орындалмаған.
Қарыз сомасы 34 521 324 теңгені, ал кепілге салынған мүліктің
нарықтық құны 74 247 190 теңгені құрайтынын, яғни берешек сомамен салыстырғанда, қарыз кепіл мүлкінің нарықтық құнының 10 пайызынан жоғары екенін және міндеттеме алты айдан астам уақыт орындалмағанын ескеріп, сот АК-нің 317-бабы 2-тармағы негізінде кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тарту мүмкін емес деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар, жергілікті соттардың қарыз соманы несие алушының баспанасынан басқа мүлкінен өндіру мүмкіндігі бар екені туралы тұжырымы орынсыз, себебі жоғарыда аталған материалдық құқық нормалары мен шартқа сәйкес, міндеттеме тиісті түрде орындалуға жатады. Бұл ретте, кепіл шартымен несие алушы қарызды қайтару міндеттемесін орындамаған және тиісті орындамаған жағдайда, қарыз кепіл мүлкінен өндірілетіні көзделген.
Сот жауапкердің қалыптасқан қарыз сомасын өтемегендігін, кепіл беруші ретінде міндеттемені орындаудан босатуға негіз болып табылатын мән-жайлар анықталмағанын ескере отырып, талап қоюшының кепілге қойылған мүлік құнының есебінен қарыз сомасын өндіріп алу туралы талабы негізді деген қорытындыға келді.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттардың шешімі және қаулысы өзгертілуге, банктің қарызды кепіл мүлкінен өндіру туралы талап қою бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім және қаулының күші жойылуға, талап қоюшының талабының осы бөлігі қанағаттандырылуға, сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылуға, АПК-нің 109-бабының 1-бөлігіне сәйкес жауапкерден талап қоюшының пайдасына сот шығындары өндірілуге, шағым қанағаттандыруға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 наурыздағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысы өзгертілсін. Шешім мен қаулының талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының жауапкер Бахрам Аметович Атановтың кепіл мүлкінен несие қарызын өндіру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту жайлы бөлігінің күші жойылсын.
Талап қоюдың осы бөлігін қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
Бахрам Аметович Атановтың «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының алдындағы 34 521 324 (отыз төрт миллион бес жүз жиырма бір мың үш жүз жиырма төрт) теңге көлеміндегі берешегін өтеу мақсатында
мекенжайында орналасқан, жалпы көлемі – 465,3 ш.м., тұрғын ауданы 378,6 ш.м., кадастрлық №19-307-167-987, 0,1000 га жеке меншік жер телімі мен тұрғын үйден ақы өндірілсін.
Кепілге қойылған мүлікті сату кезіндегі бастапқы сату бағасы 74 247 190 (жетпіс төрт миллион екі жүз қырық жеті мың бір жүз тоқсан) теңге белгіленсін.
Бахрам Аметович Атановтан «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының пайдасына мемлекеттік бажға төленген 983 (тоғыз жүз сексен үш) теңге өндірілсін.
Шешім мен қаулының қалған бөлігі күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші судья
А.Тоқсанбаев
Судьялар А.Даненова
М.Ибрагимова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.