Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 21.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/5280 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/5280 (2) ҚАУЛЫ

2026 жылғы 21 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, аудармашы Т[...],

талап қоюшының өкілі К[...], жауапкер Л[...] қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер Л[...] ар-намыс пен қадір қасиетті қорғау, ауызша және жазбаша түрде ар-намысы мен іскерлік беделіне келтіретін мәліметтерді жоққа шығаруды міндеттеу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 тамыздағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жауапкерге ар-намыс пен қадір қасиетті қорғау, ауызша және жазбаша түрде ар-намысы мен іскерлік беделіне келтіретін мәліметтерді жоққа шығаруды міндеттеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында төменгі сатыдағы соттар істің мән-жайын дұрыс айқындамағанын, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, дауланып отырған сот актілерінің күшін жойып, азаматтық істі жаңа сот құрамымен қайта қарауға жолдауды немесе талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді зерделеп, кассациялық шағымның уәждерін талқылап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс материалдарына қарағанда, Нур-Султан қаласының Есіл аудандық сотының 2020 жылғы 7 желтоқсандағы шешіммен А[...] Л[...] пайдасына 117 960 000 теңге, тұрақтық сомасы 7 401 990 теңге,

баж салығы 1 253 620 теңге, комиссия шығыны 3 761 теңге өндірілген. Бұл сот шешімі осы уақытқа дейін орындалмаған.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 11 шілдедегі шешіммен «FL[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «АТМ[...]» жеке кәсіпкерін банкрот деп тану туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Аталған соттың 2024 жылғы 10 шілдедегі сот отырысында Л[...] сотқа түсініктеме беру барысында «өзін алаяқ сияқты ұстайды» деген, осы кезде сот жауапкерге ескерту жасаған.

Бірінші сатыдағы сот айтылған сөздер нақты талап қоюшыға арналып айтылмағанын және салыстырмалы түрде айтылғанын, талап қоюшының арнамысына, қадір-қаситіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер жоқ екенін назарға алып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

Азаматтық істі сотта қарау барысында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 143-бабына сәйкес жауапкершілікке негіз болатын белгілер анықталмаған.

АК-тің 143-бабының 1-тармағына сәйкес, азамат өз абыройы мен қадірқасиетіне, не іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жоққа шығару туралы соттан талап етуге құқылы. Алайда мұндай құқық тек мәліметтерге, яғни нақты фактілер туралы мәлімдеулерге қатысты туындайды. Мұндай мәліметтер бір мезгілде үш шартқа сай болуы қажет: a) үшінші тұлғаларға таратылуы, б) азаматтың абыройына, қадір-қасиетіне немесе беделіне нұқсан келтіруі, в) шындыққа сай келмеуі (жалған болуы).

Банкроттық ісін қарау барысында жауапкердің айтқан сөздері талап қоюшыға қатысты жекелеген, ар-намысына нұқсан келтіретін мәліметтерді қамтымағанын және олардың бағалау сипатына ие болған.

Жауапкер шындыққа сай не сай еместігін тексеруге болатын нақты фактілер туралы талап қоюшының абыройын немесе беделін кемсітетін мәлімдемелер таратпаған.

Сондықтан, соттар бағалау пікірлері мен пайымдаулар АК-тің 143бабындағы «мәлімет» ұғымына жатпайтындықтан мұндай пікірлерді осы норма бойынша жоққа шығару мүмкін емес деген орынды тұжырым жасаған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот практикасында жеке және заңды тұлғалардың ар-намысын, қадір-қасиетін және iскерлiк беделін қорғау жөніндегі заңнаманы қолдану туралы» 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 6 нормативтік қаулысында (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) көрсетілгендей, егер дауға түскен мәліметтер шынайы сын болса немесе мүлде беделге нұқсан келтірмейтін сипатта болса, мысалы, заңдар мен моральдық қағидаларды бұзу туралы айыптау мәлімдемелерін қамтымаса, онда оларды жоққа шығару туралы талаптар қанағаттандырылуға жатпайды.

Соттар жауапкердің айтқан пікірі фактілік емес, бағалау сипатында болғанын, яғни жауапкер өз көзқарасын білдіргенін, шынайылығын тексеруге болатын нақты фактіні мәлімдемегенін дұрыс назарға алған.

Сонымен қатар, жеке тұлғаға қатысты ар-намысына нұқсан келтіретін деректер болмаған, яғни, жауапкердің сөзінде талап қоюшы тікелей аталмаған немесе оған нақты заңға қайшы не адамгершілікке жат қылықтар айтылмаған. Осылайша, жала жабу құрамының негізгі элементі - талап қоюшы туралы шындыққа сай келмейтін әрі беделін түсіретін мәліметтің таратылуы болмаған.

Апелляциялық сот талап қоюшының апелляциялық сотқа дәлелдеме ретінде ұсынған 2025 жылғы 27 қыркүйектегі филоло-лингвистикалық және психолингвистикалық зерттеу қортындысын АПК-нің 413-бабы 2-бөлігінің талабына сай дәлелдеме ретінде қабылдамаған.

Өйткені, осы азаматтық істе соттың қарауында жауапкердің сөзі жазылған аудиожазба мен отырыс стенограммасы болған. Бұл материалдар жауапкердің айтқан пікірінің мазмұнын және үн ырғағын тікелей бағалауға сотқа мүмкіндік берген.

Сондықтан апелляциялық сот егер сөйлем анық түрде пікір, яғни эмоциялық айтылым, көркем бейнелі сөз немесе нақты фактіні көрсетпейтін субъективті сын түрінде болса, сот мұндай сөз тіркесінде беделге нұқсан келтіретін мәлімет жоқ деген қорытындыға сараптама қорытындысынсыз-ақ келе алады деген дұрыс түйін жасаған.

Нормативтік қаулыда мәліметтердің сипатын анықтау үшін міндетті түрде сараптама қорытындысы қажет деген талап қойылмаған. Мұнда басты назар құқықтық өлшемдерге аударылады, ал оларды сот өзі тексеруге міндетті. Соттар даулы сөздер жауапкермен сот отырысында айтылғандықтан оларды талап қоюшыдан өзге тұлғалар - сот процесіне қатысушылар мен судья естіген деп санап, тарату фактісі орын алғанын орынды көрсеткен.

Алайда, жоғарыда көрсетілгендей, жауапкермен айтылған сөздің мазмұны ар-намысқа нұқсан келтіретін фактілік сипатта болмағандықтан, соттардың бұл мән-жай істің жалпы құқықтық бағасына әсер етпейді деген тұжырымы негізді.

Талап қоюшының кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында төменгі сатыдағы соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 18 тамыздағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков

Судьялар: Л.Мамырбаева

А.Тогумбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.