6001-24-00-6ап/1382
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 9 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жауапкер Шымкент қаласы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына әкімшілік іс шешімі мен құжаттарын қайтаруын заңсыз деп тану және оларды қабылдап, жеке сот орындаушыға орындау үшін жолдауды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қантардағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 сәуірдегі қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жоғарыда аталған талап қоюмен Шымкент қаласы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қантардағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған. Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – талап қоюшы) 2023 жылғы 13 шілдеде №235100960000169 санды әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібімен «KAZAKH CONSTRUCTION INDUSTRY» акционерлік қоғамына Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзышылық туралы» Кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБК) 380-1 бабының 1-бөлігімен айыппұл салу туралы шешімін қабылдаған. Аталған тұлға айыппұлды өз еркімен төлемегендіктен, талап қоюшы мәжбүрлеп өндіру үшін іс шешімін Шымкент қаласы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына 2023 жылғы 23 тамызда тапсырған. Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының 9-бабында атқарушылық құжаттардың тізбесі көрсетілген, олардың ішінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды тұлғаның) қаулылары, әкімшілік жаза қолдануға уәкілеттік берілген орган (лауазымды адам) берген айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамалар атқарушылық құжаттар болып табылады.
Жауапкер 2023 жығы 28 тамыздағы хатымен талап қоюшыға іс шешімі атқарушылық құжат болып табылмауына байланысты жеке сот орындаушыға орындау үшін жолдауға мүмкіндік жоқ екенін түсіндірген.
Өйткені, талап қоюшы жоғарыда көрстілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібімен айыппұл салу туралы шешім қабылдаған.
ӘҚБК-нің 811-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық анықталған және оны жасаған тұлға белгілі болған кезде осы Кодекстің 804 немесе 805-баптарында аталған уәкілетті адам әкімшілік іс жүргізуді қозғайды, тұлғаға айыппұлды осы Кодекстің Ерекше бөлігі бабының санкциясында көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеу құқығын түсіндіреді және қажет болған жағдайда белгіленген үлгідегі түбіртекті табыс етеді.
Осы баптың 2-бөлігіне сай айыппұлды көрсетілген айыппұл сомасының елу пайызы мөлшерінде жеті тәулік ішінде төлеген жағдайда іс мәні бойынша қаралды, шешім заңды күшіне енді, ал адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды деп есептеледі.
Ал, ӘҚБК-нің 811-бабының 3-бөлігінде осы баптың бірінші бөлігінде көзделген құқық пайдаланылмаған немесе тиісінше пайдаланылмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу жалпы тәртіппен жүзеге асырылатыны көрсетілген. Сондай-ақ, ӘҚБК-нің 808-бабына сәйкес 811-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама (прокурордың қаулысы) осы Кодекстің 811-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап үш тәулік ішінде сотқа, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілеттік берілген органға (лауазымды адамға) қарау үшін жіберіледі.
Демек, ӘҚБК-нің 811-бабының бірінші бөлігінде көзделген құқық пайдаланылмаған немесе тиісінше пайдаланылмағандықтан әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу жалпы тәртіппен жүзеге асырылуы тиіс болған.
Жоғарыдағылардың негізінде, талап қоюшы ұсынып отырған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібімен айыппұл салу туралы шешім атқарушылық құжат болып табылмайды.
Қазақстан Республикасының ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігіне сәйкес сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
Сәйкесінше, жауапкер атқарушылық құжат болып табылмайтын қысқартылған іс жүргізу тәртібімен айыппұл салу туралы шешімің сот орындаушысына жолдаудан негізді бас тартқан. Аталғандар негізінде, сот алқасы, жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қантардағы шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев Г.К. Нұрбаев Е.Д.Өміралиев Г.К. Нұрбаев
Судьялар
Көшірмесі дұрыс Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.