ВС РК - Постановление от 27.02.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2366(2) (Административное)

6001-23-00-6ап/2366(2)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 27 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

талап қоюшы С[...],

жауапкер өкілдері Б[...],

мүдделі тұлға өкілі Б[...] қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы С[...] жауапкерлер Шығыс Қазақстан облысының әкіміне, «Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне техногендік апат салдарынан жарамсыз болған үйді бұзып жаңа үй салып бермеген әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тануды, жаңадан құрылыс нормаларына сәйкес тұрғын үй салып беруге жауапкерлерді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 маусымдағы қаулысына жауапкерлер Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкілі К[...], «Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 1 ақпандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, Шығыс Қазақстан облысы әкіміне және «Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Түркістан облысы, [...] мекенжайда орналасқан тұрғын үй пайдалануға жарамсыз болуына байланысты тұрғын үйдің жаңадан құрылыс жұмыстарын алты ай мерзім ішінде жүргізу міндеттелген.

Жауапкерлер кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған апелляциялық саты сотының қаулысымен келіспей, сот алқасының материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, оның күшін жоюды және бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот алқасы, жауапкер өкілі Б[...] кассациялық шағымды қолдаған уәжін, талап қоюшы С[...] даулы сот актісін өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірін, мүдделі тұлға өкілі Б[...] пікірін тыңдап, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2019 жылғы 24 маусымдағы Арыс қаласы №44859 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында орын алған жарылыс салдарынан талап қоюшы С[...] Түркістан облысы, [...] мекен жайда орналасқан тұрғын үйіне зақым келтірілген.

Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы №387 Заңының 18-бабына сәйкес төтенше жағдайды енгiзуге негiз болған мән-жайлардың салдарынан зардап шеккен жеке тұлғаларға тұрғын үй-жайлар берiледi, материалдық зиянның орны толтырылады, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен және шекте қажетті көмек берiледi.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің төрағалық етуімен өткізілген мәжілістің хаттамасына сәйкес, Арыс қаласының қалпына келтірілуге жататын объектілері секторларға бөлініп, бекітілген. Осы мақсатта үкіметтің төтенше жағдайлар резервінен бөлінген қаржы есебінен №8 секторда орналасқан зақымданған ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізу Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне тапсырылған. Талап қоюшының тұрғын үйі №[...] сектор аумағында орналасқан.

2019 жылғы 9 шілдедегі №144-ЭЗ-ТКZ «ТK[...]» ЖШС-нің техникалық зерттеу актісіне сәйкес, Арыс қаласы, [...] ішкі және сыртқы дуалдарын қайта құрылымдау қажет, ішкі бөлмелердің жоғары жақтамалары (потолок) жөндеуді қажет етеді, 16 дана терезелерді ауыстыру және тұрғын үйдің шатырын ауыстыру қажет деп көрсетілген.

Аталған ақау актісі бойынша жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме «SC[...]» ЖШС жүктелгенімен, ол мекеме тек аталған үйдің [...] (үш) терезесін және шатырын ауыстырған, үйдің ішіндегі дуалдарды қайта құрылымдау жұмыстарын бастаған, бірақ аяқтамаған. Сметалық есепке орай ЖШС-ге ақша қаражаттар аударылған. «СКБК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2020 жылғы 28 тамыздағы құрылыстық-техникалық зерттеу қорытындысына сәйкес, Арыс қаласы, [...] мекенжайда орналасқан әскери бөлімдегі жарылыстан зақымданған тұрғын үйдің техникалық жағдайы адамдар тұруға жарамсыз (апатты) және бұзылуға жататыны анықталған.

С[...] 2021 жылдың қазан айында Шығыс Қазақстан облысының әкіміне арызбен жүгініп, арызда жарылыс салдарынан зақымданған тұрғын үйі тұруға жарамсыз болғандықтан, оны бұзып, қайта қалпына келтіріп беруді сұранған. Шығыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасы 2021 жылғы 7 желтоқсандағы жауап хатымен С[...] аталған арызды қанағаттандырудан бас тартылған.

Бірінші сатыдағы сот С[...] талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдағанда, жарылыс салдарынан орын алған ғимараттардағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан уақытта талап қоюшы тұрғын үйінің жарамсыздығын, бұзылуға жататынын растайтын дәлелдеме құжаттар мердігер ЖШС-не немесе тапсырыс беруші Шығыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасына ұсынылмағанымен, сондай-ақ, Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстарына әрбір облыстың 2019 жылға қарастырылған бюджетінің қаражаты есебінен қаржы қарастырылу тапсырылғанын, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының бюджет қаражатынан аталған үйлерді қалпына келтіруге қаржы аудару заңға қайшы келетінін негіздеген.

Апелляциялық сотыдағы сот талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, талап қоюшының тұрғын үйі Арыс қаласында орын алған жарылыс салдарынан зардап шегіп, оның негізгі тірек құрылымдарына және қабырғаларына зақым келіп, үй апаттық жағдайға түскенін, онда тұратын талап қоюшы мен оның жанұя мүшелерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескеріп, жауапкерлердің іс-әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп танып, жаңадан құрылыс жұмыстарын жүргізуді міндеттеген.

Сот алқасы, апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп есептейді, себебі сотта анықталған мән-жайларға қарағанда талап қоюшының жарылыс салдарынан зақымданған тұрғын үйіне жөндеу жұмыстары орындалмағанын жауапкер өкілдері істі негізінен қарау барысында жоққа шығармаған.

Қазіргі таңда зақымданған С[...] тұрғын үйі адам тұруға жарамсыз екені және ол үйде адам тұруы адам өміріне қауіпті екені сараптама қорытындысымен бекітілген.

Жауапкерлердің кассациялық шағымдарында көрсетілген уәждері апелляциялық саты сотымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкерлердің сот тұжырымдарымен келіспеуі, даулы сот актісін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған даулы сот актісінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкерлер Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкілі К[...] және «Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Б.Т. Нажмиденов

Е.Ж. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.