ВС РК - Постановление от 04.05.2022 по делу 6001-23-00-6ап/288 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 28 қыркуйек 6001-23-00-6ап/288 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (сот алқасы) құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Е.Ж.Өміралиев, Ғ.Ө. Әлжанов болып,

талап қоюшы өкілі Ж[...], жауапкер өкілі Д[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы « Атырау облысы денсаулық басқармасы «Атырау жоғары медициналық колледжі» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының «Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесіне 2022 жылғы 4 мамырдағы №2 нұсқаманың 1 - тармағының күшін жойып, жарамсыз деп тану туралы талабы бойынша қабылданған,

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 шілдедегі шешіміне мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 қарашасындағы қаулысына жауапкер «Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 шілдедегі шешімімен талаптар қанағаттындырып 2022 жылғы 4 мамырдағы №2 нұсқаманың 1- тармағы жарамсыз деп танылып, күші жойылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 қарашасындағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында аудит жүргізу барысында бюджет есебінен оқытылған білім алушылар арасында оқу мерзімдері толығымен аяқталмай, мерзімінен бұрын оқудан шығарылған білім алушылар Колледжде білім алушылар қатарында болмағанына қарамастан 2019 жылы оқудан шығарылған 16 студент бойынша 4 316 000 теңге, 2020 жылы – 41 студент бойынша 12 611 800 теңге, 2021 жылы - 39 студент бойынша 9 898 700 теңге, барлығы 26 826 500 теңге негізсіз төленгендігі анықталғанын көрсетіп, жергілікті соттардың шешімдерін күшін жоюды сұраған.

Жауапкердің өкілі шағымын қолдаған, талап қоюшының өкілін шешім заңды болуына байланысты оны күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, істі қарау мен шешу кезінде процестік заң нормаларының ұсақталуын тексеріп, сот алқасы келесі тұжырымдамаға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (осыдан кейін -– ӘРПК) 168-бабаның 1-бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.

Сот шешімін апелляциялық тәртіпте өзгерту және күшін жою негіздері Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (осыдан кейін – АПК) 427 бабында көресетілген.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге орын алмаған.

«Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (осыдан кейін – Заң) 5-бабына сәйкес қаржылық бақылауды осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген құзыреті шегінде бюджетке өтеуді, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарлар беру және (немесе) анықталған бұзушылықтар сомасын есепке алу бойынша көрсету, нұсқамаларды орындау және кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту жолымен қалпына келтіруді қамтамасыз ету арқылы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүзеге асырады.

Сонымен қатар, ӘРПК-нің 79-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік акт түсіну үшін анық болуға, бірізді қолдануды қамтамасыз етуге, оның күші қолданылатын адамдар қатарын толық айқындауға тиіс.

Жауапкер тарапынан Заңның 6-бабының 2) және 5) тармақшаларында көзделген мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың негізгі қағидаттары:

-объективтілік – Қазақстан Республикасының заңнамасына, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу кезінде объективті тәсілдерді қолдануы және мүдделер жанжалын болғызбау;

-анықтық – мемлекеттік аудит нәтижелерін аудиторлық дәлелдемелермен растау қағидаттары сақталмаған.

Дау айтып отырған нұсқаманың 1- тармағында талап қоюшыға нақты қандай шара қабылдау қажеттілігі көрсетілмеген.

ӘРПК-нің 8-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. ӘРПК-нің 84-бабының 4-бөлігіне сәйкес заңсыз ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің міндетті түрде күші жойылуға жатады.

ӘРПК-нің 156 - бабының 2 - бөлігіне сәйкес егер талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіге дау айту туралы талап қою негізді болып табылса және сот оның заңсыздығын таныса, онда ол толық немесе қандай да бір бөлігінде оның күшін жояды.

ӘРПК-нің 10-бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.

Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.

Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы болса, жарамды деп есептеледі.

Мұндай жағдайда нұсқаманың 1-тармағы Заңның 6-бабының 2), 5) тармақшаларында, ӘРПК-нің 79-бабында көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін қолайлы қабылданған деп тануға болмайды.

Жауапкердің қабылдаған әкімшілік акті, әкімшілік әрекеті Колледждің құқықтары мен заңды мүдделерін едәуір көп мөлшерде шектеген. Осыған байланысты оны қажетті деп тануға келмейді.

Сондықтан да жергілікты соттар нұсқаманың 1-тармағы ӘРПК-нің әділеттілік және мөлшерлестік қағидатын бұза отырып қабылданған деген дұрыс тұжырымға келді. Ал ӘРПК-нің 6-бабының 4-тармағына сәйкес әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

«Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2020 жылғы 30 шiлдедегi № 6-НҚ нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Қаулы) 157 - бабының 1 - бөлігіне сәйкес егер аудиторлық іс-шараны жүргізу барысында үстеме тексеру жүргізу үшін негіз туындаса, аудит жоспары мен бағдарламасына өзгерістер енгізілместен, соның ішінде мемлекеттік аудит объектісінің жасаған азаматтық-құқықтық мәмілелерінің, есептеулерінің және үшінші адамдармен қаржылық операцияларының анықтығына, іс жүзінде жеткізілетін тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтамауына тексеру жүргізу мүмкіндігі болмаса, Аудиторлық тапсырмаларға тиісті толықтырулар енгізіледі деп көрсетілген.

Демек, жауапкермен шарт бойынша аталған заң бұзушылықтар анықталған жағдайда үстеме тексеру жүргізу мүмкіндігі болған.

Алайда жауапкер аталған мүмкіндікті пайдаланып басқармаға аталған шарттарды жарамсыз деп тану туралы нұсқама бермеген.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 «Білім туралы» Заңының 62-бабының төртінші тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру кәсіпорындарын, басқа да ұйымдық-құқықтық нысандардағы білім беру ұйымдарын қаржыландыру мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік білім беру кәсіпорындары үшін мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі Сот төрелігі академиясын, медициналық, әскери, арнаулы оқу орындарын, мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарын, сондай-ақ қаржыландыру көлемін тиісті саланың уәкілетті органы өзі дербес айқындайтын республикалық орта білім беру ұйымдарын қоспағанда, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шығыстармен айқындалады.

Мемлекеттік білім беру тапсырысымен байланысты көрсетілетін қызметтердің тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді. Білім беру ұйымдары өздерінің қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижесінде қалған, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде көрсетілетін қызметтерді өткізуден түскен ағымдағы қаржы жылындағы кірістерін кезекті қаржы жылында пайдаланады.

Колледж – шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ұйымдық-құқықтық нысанындағы медициналық білім беруге бағыттылған заңды тұлға.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы [...]-IV «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 138-бабының 2-тармағына сәйкес еңбекке ақы төлеу нысандарын, штат кестесiн, лауазымдық айлықақылар мөлшерiн, сыйлықақы беру және өзге де сыйақы жүйесiн шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсiпорын белгiленген еңбекке ақы төлеу қорының шегiнде дербес айқындайды.

Сондықтан да бюджеттен қаржы бөлу кезінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі қолданылуға жатпайды.

ӘРПК-нің 129-бабының 2-бөлігіне 1) армақшасына сәйкес дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдемені келтіру ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкерге жүктелген.

Алайда сот отырысында жауапкер әкімшілік актінің заңдылығын негіздейтін дәлелдемелер ұсынбады.

Тексеру комиссиясы тексеру нәтижесі бойынша Колледж бюджет қаражатын тиімсіз төленуіне жол бергендігін көрсеткенімен, бұл тұжырымын уәждемеген. Қандай заң нормасы бұзылғандығын нақты көрсетпеген.

Жергілікті соттардың әділеттілік қағидатын басшылыққа алып, талап қоюшының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында 2022 жылғы 4 мамырдағы №2 нұсқаманың 1 - тармағының күшін жойып, жарамсыз деп тану туралы тұжырымы дұрыс.

Сонымен қатар, жауапкер тарапынаң талап қоюшының босаған орындарда басқа оқушылар оқытқан жөніндегі уәждерін тексеріп, баға бермеген.

Нұсқаманың қаражатты мемлекеттік бюджетке қайтару тек оқудан шығып кеткен оқушылардын есебінде ғана негізделген.

Сот алқасы мақсатынан тыс мемлекет қаражатын пайдалану фактісі орын алмағандықтан және қайтаруға жататын қаражат колледж пайдасына оқушыларды оқыту ұшін жұмсалғанына байланысты, нұсқаманың талабы заңсыз деген тұжырымдамаға келді.

Кассациялық шағымда келтірілген барлық уәждер жергілікті соттар зерделенген, оларға құқықтық дұрыс баға берілген.

Осындай жағдайда, сот алқасы жергілікті соттардың сот актілері шешімін өзгертуге не оның күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы 2 бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 шілдедегі шешімі мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 қарашасындағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар Е. Өміралиев

Ғ. Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.