Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 22.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/3800 (Гражданское)

Evaluation Only. Created with Aspose.Words. Copyright 2003-2015 Aspose Pty Ltd.

2026 жылғы 22 қаңтар №6003-25-00-2к/3800 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы өкілі М.С.Утебаевтың, жауапкер А.А.Усеновтың, жауапкер өкілі Ж.А.Махметованың, үшініші тұлға А.А.Усеновтың, үшінші тұлға өкілі С.А.Сергеевтың, аудармашы Р.А.Таласбаеваның қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Департамент) жауапкерлер Алмас Асылханович Усеновке (бұдан әрі - жауапкер) және «Көкшетау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Бөлім) жер учаскесін жалдау шартын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

Департамент аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жер учаскесі жауапкерге заң бұзыла отырып берілгенімен негіздеген.

Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының 2025 жылғы 26 наурыздағы сот шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.

Алқа қаулысымен аталған сот шешімінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылған, Бөлім мен жауапкер арасында жасалған жер телімін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) жөніндегі 2024 жылғы 7 тамыздағы №426 шарты (бұдан әрі - Даулы шарт) жарамсыз деп танылып, жауапкерден мемлекет пайдасына 983 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Жауапкер кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жоюды, сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан,

материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 157-бабының 1 және 3-тармақтарын, 158-бабының 1-тармағын және жер заңнамасына байланысты қолданыстағы заң талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2021 жылғы 12 наурыздағы сыйға тарту шарты негізінде Г.К.Курмангожина жауапкерге алаңы 0,0500 га, нысаналы мақсаты «дүкенге қызмет көрсету» (кадастрлық нөмірі 01-174-018-1813), Ақмола облысы, Көкшетау қаласы, Қызыл Жар көшесі, 137/1 мекенжайы бойынша орналаскан жер учаскесін сыйға тартқан.

Көкшетау қаласы әкімдігінің (бұдан әрі - Әкімдік) 2021 жылғы 6 қазандағы қаулысымен аталған жер учаскесінің нысаналы мақсаты «дүкенге қызмет көрсетуден» «коммерциялық үй-жай салуға» деп өзгертілген.

2022 жылғы 22 шілдедегі нысанды қабылдау актісіне сәйкес Көкшетау қаласы, Қызыл Жар көшесі, 137/1 мекенжайындағы сауда үй-жайлары пайдалануға қабылданған.

Әкімдіктің 2023 жылғы 24 наурыздағы қаулысымен жоғарыда аталған жер учаскесінің нысаналы мақсаты «коммерциялық үй-жайларға қызмет көрсету» деп өзгертілген.

Әкімдіктің 2023 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысы негізінде жауапкерге Көкшетау қаласы, Қызыл Жар көшесі, 137/1 мекенжайы бойынша орналасқан жер учаскесіне іргелес орналасқан, ауданы 0,0200 га, бөлінбейтін қосымша жер учаскесіне елді мекендердің жерлерінен қызмет көрсетілетін коммерциялық үй-жайларды кенейту және реконструкциялау үшін мерзімі 3 жылға уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы беріліп, Бөлім мен жауапкер арасында аталған жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) беру туралы шарт жасалған.

2024 жылғы 29 сәуірде салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі негізінде жауапкердің Көкшетау қаласы, Қызыл Жар көшесі, 137/1 мекенжайы бойынша контейнерлік жылжымалы кешендер (коммерциялық үй-жайлар) құрылысы пайдалануға қабылданған.

Әкімдіктің 2024 жылғы 6 тамыздағы қаулысымен жауапкерге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен Көкшетау қаласы, Қызыл Жар көшесі, 137/1 мекенжайы бойынша коммерциялық үй-жайларды кеңейту арқылы қайта құру үшін 2 жыл мерзімге ауданы 0,0296 га (кадастрлық нөмірі 01-174-018-2270)

қосымша жер учаскесі (бұдан әрі - Қосымша жер учаскесі) беріліп, Даулы шарт жасалған.

Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі шешімін жауапкермен ұсынылған эскиздік және техникалық жобада қосымша алаңда көліктерге арналған тұрақ орналастыру қарастырылған, сол себепті Департаменттің жер беру кезінде Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 44-2-бабының талаптары бұзылған деген уәждері негізсіз, Даулы шартты жасауға негіз болған Әкімдіктің қаулысы дауланбаған, Даулы шартты жарамсыз деп тануға негіз болатын АК-те көзделген мән-жайлар анықталмаған деп тұжырымдаған.

Апелляциялық сатыдағы сот бұл тұжырымдармен келіспей, төмендегідей қорытындыға келген.

Кодекстің 48-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сай жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығы жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшін беріледі.

Заң нормасының мазмұнына қарағанда Қосымша жер учаскесін беру үшін ғимаратты кеңейтуге не реконструкциялауға рұқсат беру құжаттамасының болуы қажет, алайда оны жауапкерге беру кезінде қандай да бір сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасы әзірленбеген, бекітілмеген және уәкілетті органмен келісілмеген. Уәкілетті орган тексеру барысында Қосымша жер учаскесін табыстау кезінде коммерциялық үй-жайды кеңейту жолымен қайта жаңарту мақсатында жасалған сәулет-жоспарлау тапсырмасын ұсынбаған (Кодекстің 44-2-бабының 12-тармағы). Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 1-тармағының 31) тармақшасына сәйкес ғимараттарды (құрылыстарды) кеңейту (реконструкциялау) жұмыстары құрылыс болып табылса, жауапкермен ұсынылған техникалық жобада коммерциялық үй-жайды қайта жаңарту және кеңейту көзделмей, тек ғана жер учаскесінің аумағын абаттандыруға жасалған.

Одан бөлек, аталған тәртіппен берілуге жататын жер учаскелері іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) кеңейту және реконструкциялау үшін берілуі тиіс болса, іс құжаттарына тіркелген сызбаға сәйкес Қосымша жер учаскесі (01-174-180-2270) негізгі жер учаскесінің

шегінен шығады және басқа жер учаскесімен іргелес (01-174-018-1812, 01-174018-2165).

Бөлімнің 2024 жылғы 29 тамыздағы хатына қарағанда қаланың бас жоспары бойынша Қосымша жер учаскесі үй-жайлық құрылыс аймағында орналасқаны және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына ол жерде дүкендер, дүңгіршектер, шағын базарлар орналасқаны көрінеді, тиісінше бұл факті Кодекстің 109-бабының талаптарының бұзылуы болып табылады.

Істің мұндай тұрғысында, яғни Қосымша жер учаскесін беру кезінде заң талаптарының және басқа тұлғалардың осы жер учаскесін алуға (табыстауға, игеруге) құқықтарының бұзылғанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері апелляциялық сот алқасының тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысы күшінде, жауапкер Алмас Асылханович Усеновтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов Судьялар М.Кадырова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.